Түркістан облысының орталығы – Түркістан қаласы спорт саласында ерекше қарқынмен дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Қалада балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуына жағдай жасау, бұқаралық спортты насихаттау және спорттық инфрақұрылымды жетілдіру бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылуда.
Елдің болашағы – дені сау ұрпақтың қолында. Білімді әрі денсаулығы мықты ұрпақ өсіру – мемлекет үшін ең маңызды міндеттердің бірі. Балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен айналысуына, жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – қоғамның басты басымдықтарының бірі. Осыған орай, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауынан бастап бұқаралық спортты дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөлуде. Бұл бастама халық арасында қолдау тауып, әр өңірде спорттық инфрақұрылымды дамыту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 221 спорт нысаны бар. Атап айтқанда, 1 спорт сарайы, 3 стадион, 5 спорт кешені, 139 спорт ойын алаңы, 10 теннис корты, 5 жүзу бассейні 59 спорт залы жергілікті бұқараға қызмет етуде. Одан басқа, заманауи үлгідегі жасанды төсенішпен 64 ашық спорт алаңшасы салынып, пайдалануға берілді. Оның 31-і кіші футбол алаңы, 16-сы баскетбол алаңы, 7-уі теннис корты, 7-уі «Street Workout» алаңы, 3-уі «Street bаll» алаңы. Қала тұрғындары спорттың 12 түрі бойынша спортпен айналысады. Түркістан қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының» футбол командасы респбликалық додадан жүлделі оралды. Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған жасөспірімдер арасындағы шағын футболдан өткен ҚР чемпионатында клубтың футбол командасы 3-орынды иеленді. Орал қаласында өткен жарыста Қазақстанның 13 облысы, 6 ауданынан жиналған спортшылар бақ сынасты.Спортшыларды күтіп алу шарасына Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бөлімінің басшысы Динара Жіпсібаева, қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының» директоры Нұрланәлі Сыздықов қатысты. Спорттағы сан саланы қамтып, жан-жақты дамыту үшін шаһарда жаңадан «Яссы футбол клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен «Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылған болатын. «Яссы» футбол клубында ересек футболшылар кәсіби түрде дайындық жасаса, «Түркістан қаласы балалар мен жасөспірімдер спорт клубында» негізінен, бұқаралық спорт түрлеріне мән беріледі. Атап айтқанда, бүгінде аталған клубта спорттың футбол, баскетбол, «Street bаll», үлкен теннис, Street Workout сынды түрлері бойынша 10 жаттықтырушы жұмыс істейді. Түркістан қалалық спортты дамыту бөлімінің 2021-2025 жылдарға арналған Даму бағдарламасы аясындағы мәліметке сәйкес, жыл басынан бері халықты спорт инфрақұрылымымен қамту, яғни, спорт залдармен және жүзу бассейндері сынды орындармен қамту (1000 адамға шаққанда) жоспардағы 55 пайыздан 8 көрсеткішке артық орындалып, жұмыстарды орындау деңгейі 63,1 пайызға жеткен. Дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын азаматтарды қамту аясындағы жұмыстарда да оң өзгеріс байқалады. Мұндағы сандарды сөйлететін болсақ, жергілікті жұрттың жүйелі түрде спортпен айналысатындарының қатары қалыңдаған. Бүгінде шаһардағы 184 мың халықтың 61 мыңға жуығы тұрақты түрде спортпен шұғылданады екен. Бұл аталған спортты дамыту бөлімінің осы саланы дамытудағы жоспарлап отырған 32 пайызынан асып түсіп, 33 пайызға жетіп отыр. Балалар мен жеткіншектердің саладағы үлес салмағы мол. 6-18 жас аралығындағы спортпен айналысатын түркістандықтардың саны 7 мыңға жуықтайды. Жылдық жоспар 16 пайызды құраса, жыл соңына жетпей межелі болжам орындалып қойған. Түркістан шаһарындағы бұқаралық спортты дамыту, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, мақсатында бөлім тарапынан жарыстар ұйымдастырылып жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте, қалалық Білім бөлімімен бірлескен жұмыстар істелініп жатыр. Атап айтқанда, мектеп оқушылары, мұғалімдер арасындағы спартакиадалар, жоғары, орта-арнаулы оқу орындарының студенттері, оқытушылары арасында спартакиадалар, құқық қорғау қызметкерлері арасында жарыстар, ҚР атаулы мерекелері қарсаңында дәстүрлі түрде спорттық жарыстар ұйымдастырылып өткізілуде. Жетістіктерді айтып өтуге мысалдар көп. Мәселен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі қарсаңында Балуан Шолақ спорт кешенінде ақпан айында баскетболдан 2006-2007 жылы туылған қыздар арасында, волейболдан ардагерлер арасында жарыс ұйымдастырылса, «Береке, Қайрат» ГТК спорт кешендерінде ардагерлер арасында кіші футболдан, «Оқушылар сарайында» шахматтан жасөспірімдер арасында сайыс өткізілді. Мұндай сайыстарды тізе берсек өте көп. Жыл басынан бері 100-ге жуық сан түрлі спорт сайыстары болған. Енді облыстық, республикалық байрақты бәсекелерде Түркістан қаласының атын шығарып, намысын қорғап жүрген сайыпқырандарымызға тоқталсақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың жүлдесіне арналған қазақ күресінен республикалық жарысқа іріктеу турнирі өткен-ді. Облыстық жарысқа 21 талантты балуан қатысты. Белдесуде өзінің талантымен көзге түскен Түркістан қаласының балуаны Айдарбек Тоқтарбек бас жүлдеге ие болды. Мұнан бөлек, ел Тәуелсіздігі қарсаңында өткен мемлекеттік қызметшілер арасында волейболдан облыстық спартакиадада Түркістан қаласы әкімі аппараты және дербес бөлім қызметкерлерінен құралған команда 2 орынға ие болса, волейболдан ересектер арасында облыстық спартакиадада Түркістан қаласынынан әйелдер және ерлер командасы да 2-орынға жайғасыпты. Үстел теннисінен ересектер арасында өткен спартакиадада Түркістан қаласының құрамасы 1 орынға ие болса, шаһарда өткен волейболдан және кіші футболдан 40 жастан асқан ардагерлер арасында арасында облыстық спартакиадада Түркістан қаласының командасы 1 орынға шыққан.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды – Балалар жылы деп белгілеп, балаларға баса назар аударуды тапсырған болатын. Осы жылдан бастап Түркістанда кішкентай тұрғындарды ұмыт қалдырмай, оларды салауатты өмір салтына тәрбиелеуді қолға алғаны қуантады. Бұл ретте балаларға жайлы орта жасау мақсатында Түркістан қаласында балалар алаңдарын орнатуды қарастыратын 17 нысанның құрылысы жүргізілуде. Аталған нысандардың барлығын ағымдағы жылы аяқталып, пайдалануға берілетін болады. Сонымен қатар, 30 ойын алаңшасымен қамтып, 33 көпқабатты тұрғын үй аулалары абаттандырылып, алаңшалар салынады. Түркістан қаласында ойын алаңшалары саны артып келеді. Өңір басшысының тапсырмасымен инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жалғасып жатыр. Шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбеков орталықтағы жұмыстар барысын бақылап, «Яссы» секторының І.Қожабаев көшесіндегі және «Бірлік» секторындағы балалар ойын алаңшаларын көріп, жұмыс сапасын тексерді. Қазіргі таңда қаланың бірнеше аумағында балалар ойын алаңшалары мен стрит воркауттар, шағын ойын алаңшалары салынуда. Жыл басынан бері шаһарда оннан астам балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті жиырмаға жеткізу көзделген. Атап айтқанда, «Яссы» мөлтек ауданындағы Сақ қорған көшесі, Баянауыл мектеп орны, Керей хан көшесінде, «Шауғар» мөлтек ауданындағы Ғ.Мұратбаев мектебі мен Абылай хан көшесінде жасақталуда. Сонымен бірге Кентау тас жолы бойы мен «Бекзат» секторында да балаларға арналған ойын алаңшалары салынып, тұрғындар игілігіне беріледі.
Дені сау ұрпақ – ұлт болашағының кепілі. Түркістан қаласы спорт саласында қарқынды дамып, балалар мен жасөспірімдер үшін спортпен шұғылдануға барлық қажетті жағдайды жасауда. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысында қаладағы спорттық инфрақұрылым жақсарып, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беретін ауқымды жұмыстар жалғасып келеді.
Бұл бастамалар Түркістанды тек рухани орталық қана емес, сонымен қатар дені сау, спортпен айналысатын ұлтты тәрбиелейтін заманауи қала ретінде танытады. Түркістан спортының дамуы ел спортының дамуына үлес қосып, жаңа чемпиондардың шығуына негіз болары сөзсіз.