ТІЛ БАР ЖЕРДЕ ҰЛТ БАР…

 

Қазақ тілі қазақ халқының жан сезімін және рухани байлығын ғасырдан-ғасырға жалғастырып келе жатыр. Ал ол сезім мен байлыққа қол жеткізіп, кенелу қазақтың тіл мәдениетін толық меңгеру арқылы ғана мүмкін болмақ. Сонымен қатар тіл дегеніміз – ұлттық болмыс пен психология аясындағы ең сезімтал әрі нәзік сала. Олай болса, мемлекеттік тіл тағдыры қазақ ұлтының да тағдыры екені баршаға аян.
Тіл – мемлекеттің табан тірейтін тұғырлы темірқазығы. Тіл – ұлттың тірегі. Тіл – өз халқымыздың рухани байлығы, өткені мен болашағы. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ұлт болғың келсе, бесігіңді түзе» деуі тегін айта салған сөз емес. Ол біздің тіл биіктігімізді, ұлттық бейнемізді сақтап қана қоймай, оны дамыта беруге арнаған көрегендік сөзі деп түсінгеніміз жөн. Тіл – тәуелсіздігіміздің қуатты құралы, асыл ой мен парасат белгісі, елдігіміз бен бірлігіміздің туы. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының арқасында қазіргі таңда тіл туралы оңды қоғамдық көзқарас қалыптасып отыр. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілі бүгінде ұлттық руханиятымыздың өзегіне айналды. Көпұлтты мемлекетте қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қызмет етуін қамтамасыз ету – өте күрделі мәселе. Осы тұста мемлекеттік тіл саясаты дұрыс бағытта жүргізіліп келе жатқанын баса айтуға тиіспіз. Үкімет мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, оны азаматтардың барлығы меңгеруі үшін қажетті материалдық-техникалық жағдайларды жасауға көмектесуде. Қай кезде болмасын тіл мәселесі – сол тілде сөйлейтін, сол тілден сусындаған, ұлттық, ділдік белгісі болып саналатын халықтың мәселесі. Әрбір халықтың ана тілі бар десек, өз ана тіліміздің барша болмысы, тіпті оның әрбір дыбысы мен жалғау-жұрнағы әрбір шынайы азаматқа танымал, мәдени-әлеуметтік өмірде өзіндік мәні бар киелі ұғым.

Түлкібас ауданы полиция бөлімі тәрбие және кадр жұмысы тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Еламанов Нурлан Сабитович

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *