Қоғам тыныштығы мен ел қауіпсіздігі – мемлекеттің басты құндылығы. Бұл бағытта ішкі істер органдарының, соның ішінде полиция қызметінің атқарып отырған міндеті айрықша. Ал тәртіп сақшыларының тынымсыз еңбегі мен жанқиярлық қызметі ел тыныштығының кепілі екені сөзсіз. Осы орайда, 23 маусым – Қазақстан полициясы күні қарсаңында «Түркістан» газеті Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Талапұлымен сұхбаттасты. Назарларыңызға қауіпсіздік саласының өзекті мәселесі қамтылған мазмұнды сұхбатты ұсынамыз.
– Мұрат Талапұлы, алдымен Мемлекеттік қызметшілер мен Полиция қызметкерлері күні қарсаңында аз-кем жылы лебізіңізді бөліссеңіз. Жалпы, бүгінгі тәртіп сақшысының бейнесі қандай болу керек деп есептейсіз?
– Бұл қос мереке – ел үшін аянбай еңбек етіп жүрген барлық мемлекеттік қызметшілер мен ішкі істер саласы қызметкерлеріне деген қоғамның ерекше ілтипаты мен алғысын білдіретін маңызды күн. Өз басым бұл күндерді тек кәсіби мереке емес, жауапкершілік пен халық алдындағы сертті еске салар сәт деп қабылдаймын. Бүгінгі тәртіп сақшысы – заңды бес саусағындай білетін, адаммен тіл табыса алатын, әділеттілікті ту еткен, заман талабына сай жан-жақты әрі жанашыр тұлға болуы тиіс. Өйткені біз тек құқық бұзушылықпен күресіп қана қоймай, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықтың сақталуына да тікелей жауаптымыз.
– Ал жол-көлік оқиғаларының жиілігі мен себептері туралы не айтасыз? Жол қозғалысы ережелерін бұзу, әсіресе жас жүргізушілер арасында, өзекті болып отыр. Бұл бағытта қандай түсіндіру немесе бақылау шаралары жүргізілуде?
– Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жүргізушілер тарапынан жол қозғалысы ережелерінің сақталмауы салдарынан орын алуда. Атап айтқанда, жылдамдықты шамадан тыс арттыру, қарсы бағытқа шығып кету, маневр жасау ережелерін бұзу, сондай-ақ қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты фактілер жиі тіркеледі. Мұның соңы, өкінішке қарай, қайғылы оқиғалармен аяқталып жатады. Осы келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында облыс көлемінде жедел-профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Тәртіп сақшылары тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, жол қозғалысы мәдениетін арттыру бағытында тақырыптық жаднамалар таратуда. Бүгінде Түркістан облыстық Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері республикалық маңызы бар тас жолдарда жол-көлік оқиғаларын болдырмау үшін жан-жақты жұмыс жүргізуде. Бұл бағытта жаңа цифрлық технологиялар да тиімді қолданылуда. Мәселен, заманауи «Кибер-шериф», «Кордон про М» кешендері және дрон құрылғылары жол қозғалысы ережесін бұзғандарды қашықтан анықтап, инспекторларға жедел ақпарат береді. Аталған құрылғылардың артықшылығы – үш қатар жолақты толық қамти отырып, 150 метр қашықтықтағы көлік құралдарын автоматты түрде тіркей алатынында. Сонымен қатар «Кибер-шериф» жүйесі іздеуде жүрген көліктерді де бірден анықтап, заң бұзушылықтың алдын алуға көмектеседі. Осы тұста барлық жүргізушілерге айтарым – жол үстінде жасаған қателік бір ғана сәттік әрекет болып көрінгенімен, оның салдары орны толмас қайғыға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан жол қозғалысы ережелеріне мұқият қарап, заң талаптарын бұлжыт-пай орындауға шақырамын. Қауіпсіздік – әр адамның жеке жауапкершілігі екенін естен шығармаған жөн.
– Соңғы жылдары ішкі істер саласында цифрлық технологиялар кеңінен қолданылып келеді. «Сергек», «102» қосымшасы мен өзге де зама-науи жүйелердің тиімділігі қандай? Осы технологиялардың көмегімен қанша құқық бұзушылықтың алды алынды, қанша қылмыс ашылды?
– Рас, заманауи технологияларды енгізу құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде жаңа белеске жол ашты. 2021 жылдан бастап республика көлемінде іске қосылған «102» мобильді қосымшасы – соның айқын дәлелі. Бұл қосымша арқылы тұрғындар кез келген құқық бұзушылыққа куә болған сәтте ұялы телефоны арқылы жедел түрде хабарлама жолдай алады. Хабар түсісімен, полиция қызметкерлері оқиға орнына дереу әрекет етеді. «102» қосымшасының артықшылығы – оның қарапайым әрі түсінікті интерфейсінде. Белгілі әлеуметтік желілерге ұқсастығының арқасында кез келген азамат оңай пайдалана алады. Бұл – тұрғын мен полиция арасындағы сенімді байланысты күшейтуге үлкен септігін тигізеді. Бұдан бөлек, Ішкі істер министрінің тапсырмасымен әзірленген «Қорғау – Қауіпті жүргізуші» мобильді қосымшасы да нәтижелі жұмыс істеуде. Бұл жүйеге Түркістан облысының бейнебақылау камералары мен Жедел басқару орталықтарының деректері біріктірілген. Мәселен, жол қозғалысы ережесін бұзған немесе жалған нөмірмен жүрген, техникалық байқаудан өтпеген, сақтандырусыз көлік тізгіндеген жүргізушілерді бұл қосымша автоматты түрде тіркейді. Ақпарат полиция инспекторларының планшеттеріне бірден түсіп, олар нақты әрекетке көшеді. Бұл – апаттың алдын алуда таптырмас құрал. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында ішкі істер органдарына қатысты берілген нақты тапсырмалар бар. Соның бірі – сервистік полиция моделін енгізу. Бұл – полиция халықпен ашық жұмыс істейтін, жедел әрі тиімді қызмет көрсететін жаңа формат. Қазіргі таңда осы бағытта облысымызда ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде Түркістан облысы ПД Жедел басқару орталығында жаңа буынның компьютерлік технологиялары, радиобайланыс және телекоммуникация құралдары пайдаланылады. Бұл орталық арқылы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықты дер кезінде анықтау және тиісті бөлімшелерге дереу хабар беру жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Атап өту керек, 2024 жылдың басынан бері бейнебақылау камералары арқылы 50 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, 201 қылмыстың беті ашылды. Барлық мәлімет жедел-тергеу топтарына жіберіліп, олар оқиға орнына уақытылы жетіп отырды. Яғни, цифрлық жүйелер – біздің көзіміз бен құлағымыз. Олар қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда үлкен көмек болып отыр.