ТҮРКІСТАН: «ҚОҒАМ ТЫНЫШТЫҒЫ — БАСТЫ МІНДЕТ» — 2

 

– Шалғай ауылдар мен аудандар-дағы полиция бөлімшелерінің материалдық-техникалық жағдайы қандай деңгейде? Бұл аймақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қандай қиындықтар кездесуде?

– Біздің басты мақсатымыз – полиция қызметкерлерінің жұмыс істеуіне барынша қолайлы жағдай жасау. Бұл тек әлеуметтік қолдау емес, ең алдымен материалдық-техникалық жабдықтауды жақсарту арқылы жүзеге асады. Соңғы жылдары Түркістан облысында жаңадан салынған бірқатар полиция бөлімшелері – осының жарқын дәлелі. Жаңа нысандар заман талабына сай жабдықталған: заманауи жиһаз, озық техника, үздіксіз байланыс құралдары орнатылған. Тергеушілер, учаскелік полиция инспекторлары, ювеналды полиция және патрульдік қызметкерлерге арналған кабинеттер жұмыс істеуге ыңғайлы әрі қауіпсіздік талаптарына толық сай келеді. Сондай-ақ барлық бөлімшелердегі жұмыс кабинеттері бейнебақылау жүйелеріне қосылған. Бұл – оқыс жағдай туындағанда ахуалды жедел бақылауға, қауіп-қатерге дер кезінде жауап қатуға, қылмыстардың бетін шұғыл ашуға мүмкіндік береді. Полиция пункттерінің ашылуы – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі кешенді тәсілдің бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар халықпен сенімді қарым-қатынас орнатуға бағытталған маңызды қадам. Себебі қауіпсіз орта тек тәртіп сақшыларының емес, бүкіл қоғамның ортақ мүддесі.

Біз үшін басты міндет – тек құқық бұзушылық орын алғаннан кейін әрекет ету емес, оның алдын алу. Полиция халықпен күнделікті тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Сондықтан да азаматтардың тыныштығы мен өмірінің қауіпсіздігін қорғау – біз үшін басты басымдық.

– Қоғамды алаңдататын өзекті мәселелердің бірі – интернет алаяқтық. Киберқылмыстарға қарсы қандай нақты шаралар қолға алынуда? Және осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесі өткен жылмен салыстырғанда қалай өзгере түсті?

– Рас, бүгінгі күні кибералаяқтық – қоғамның қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіріп отырған күрделі мәселелердің бірі. Әсіресе интернет кеңістігіндегі алаяқтық қылмыстар жылдан жылға көбейіп келеді. Түркістан облысы бойынша биылғы жылдың алғашқы бес айында 682 алаяқтық дерегі тіркелді, оның 40,6 пайызы интернет арқылы жасалған. Осы қылмыстардың алдын алу және ашу мақсатында Полиция департаменті жанынан Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы құрылды. Жаңадан жасақталған бұл басқарманың қызметкерлері ауқымды жедел-іздестіру шараларын ұйымдастырып, нәтижесінде Астана қаласынан дроптар арқылы әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топты анықтап, құрықтады. Қазіргі таңда Түркістан облысы прокуратурасының үйлестіруімен бұл тұлғаларға қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалып, 15 күдікті қамауға алынды. Тергеу кезінде олардың 56 алаяқтық дерекке қатысы бар екені белгілі болды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Киберқылмыстың алдын алуда тек құқық қорғау органдары емес, қоғам да белсенді атсалысуы қажет. Осы бағытта Түркістан облысы Полиция департаменті мен Х.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті арасында өзара меморандум жасалып, студенттермен бірлесіп жүргізілген «Кибернадзор» жүйесі арқылы 2060 құқыққа қайшы контент бұғатталды. Сонымен қатар, Түркістан облысы Дін басқармасымен әр жұма күні мешіттер мен медреселерде, Мәдениет және туризм басқармасымен бірге түрлі мәдени іс-шаралар кезінде «Интернет-алаяқтарынан сақ болыңыздар» деген тақырыпта жаппай түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Білім беру мекемелерінде де белсенді түсіндіру шаралары өтті. 350-ден астам жиналыс ұйымдастырылып, мұғалімдер мен студенттерге кибералаяқтықтың түрлері мен сақтану жолдары түсіндірілді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер де бұл бағыттағы күрестің маңызды бөлігіне айналды. Белгілі блогерлер мен актерлердің қатысуымен бейнероликтер әзірленіп, интернет алаяқтарынан сақтану жөніндегі 1314 ескертпе жарияланым әлеуметтік желілерде жарияланды. 46 тікелей эфирде сұхбат беріліп, өңір тұрғындарына нақты ақпарат жеткізілді. Бұдан бөлек, 40 мың дана парақша және 20 мың дана жабыстырмалы ескерту қағазы таратылды. Қазір облыс аумағындағы 62 LED-экран мен 88 билбордта интернет алаяқтыққа қатысты бейнероликтер тұрақты түрде көрсетілуде. Көріп отырғаныңыздай, бұл бағыттағы жұмыс жан-жақты жүріп жатыр. Басты мақсат – әр азаматты киберқылмыстың құрбаны болудан сақтау, интернеттегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.

– Соңғы жылдары синтетикалық есірткіге тәуелділік, әсіресе жастар арасында алаңдатарлық деңгейге жетті. Бұл мәселеге қатысты Түркістан облыстық Полиция департаменті қандай нақты шара атқаруда?

– Есірткіге қарсы күрес – қоғам үшін аса өзекті әрі күрделі мәселе. Соның ішінде синтетикалық есірткілердің таралуы мен қолданылуы бүгінде бүкіл әлем жұртшылығын алаңдатып отырған үлкен қауіп. Өкінішке қарай, бұл қауіптен біздің ел де, әсіресе жастар мен жасөспірімдер де шет қалып отырған жоқ. Осыған орай Ішкі істер министрі 2025 жылды «Профилактика жылы» деп жариялап, арнайы кешенді жоспар бекітті. Бұл жоспар шеңберінде Түркістан облысы Полиция департаменті де нақты іс-шаралар кешенін қолға алды. Атап айтқанда, бүгінге дейін 600-ге жуық профилактикалық іс-шара өтті. Бұл түсіндіру жұмыстарына 59 мыңнан астам оқушы мен студент, ата-ана мен жергілікті тұрғындар тартылды. Іс-шаралар барысында синтетикалық және өзге де есірткі түрлерінің адам өміріне тигізер зияны мен олардың заң алдындағы жауапкершілігі туралы кеңінен ақпарат берілді. Бұдан бөлек, ойын-сауық орындарында 48 рет рейдтік тексерулер жүргізіліп, есірткіге қатысты тәртіп бұзушылықтардың алдын алу шаралары атқарылды. Бүгінде синтетикалық есірткінің таралу арналарының бірі – интернет желісі екені белгілі. Осыған байланысты Полиция департаменті күнделікті кибербақылау жүргізіп, 580 сайт анықталып, «Киберқадағалау» сараптамасына жолданды. Бұл ресурстардың барлығы заңсыз ақпарат таратқаны үшін бұғатталды. Одан бөлек, 850 грамнан астам синтетикалық есірткі заңсыз айналымнан тәркіленіп, арнайы сараптамаға жолданды. Бұл деректер – өңірдегі тәртіп сақшыларының есірткі қылмысына қарсы табанды түрде жұмыс істеп жатқанын дәлелдейді.

Қорыта айтқанда, бұл тек құқық қорғау органдарының ғана емес, тұтас қоғамның жұмыла күресуін талап ететін ортақ міндет. Есірткімен күресте әрбір ата-ана, ұстаз, ел азаматтары бейжай қарамай, өз үлесін қосуы қажет. Себебі бұл болашақтың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін мәселе.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *