Түркістан облыстың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын қалыптастыру бойынша тиісті мекемелер жұмыстар атқаруда. Тұрғындар мен балалардың құқығын қорғау үшінде, қандай да бір алаяқтыққа тап болмас үшін түрлі дөңгелек үстелдер мен жиындар өтуде. Тәуелсіз Қазақстанның дамуында азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін дамытудың маңыздылығы ерекше. Адамдардың белгілі бір мүдделеріне қатысты заң нормалары тұлғалардың санасы мен еркіне сүйеніп дайындалады. Сондықтан да сол заң нормаларында көрсетілген талаптар да адамдардың саналы әрі ерікті іс-әрекеттері нәтижесінде орындалады.Осы орайда А. Байтұрсыновтың: “…закон шығарушылар халықтың қағидалы қалпын, салтын, мінезін жақсы білуі тиіс. Оны білмей шығарған закон халықтың түзелуіне емес, бұзылуына себеп болмақшы” деген пікірі тек қана заң шығарушылар үшін ғана емес, заң үстемдігіне жетуге талпынған барлық азаматтар үшін де алтын қағида болары анық. Біздің еліміз де азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құруды жүзеге асыруда. Азаматтардың құқықтық мәдениеті жоғары болған сайын құқықтық нормалардың сақталуы да, мүлтіксіз орындалуы да, іске асырылу деңгейі де жоғары болады. Дамыған мемлекеттің азаматы “құқықтық талаптарды міндетті түрде мүлтіксіз орындау қажет, себебі бұл менің өміріме, қоғамның дамуына пайдалы” деген нақты қағиданы түсінеді.
Құқықтық мәдениетке қарама-қайшы келетін құбылыс – бұл құқықтық нигилизм. Оның пайда болуына не себеп болады? Атап айтар болсақ, ең алдымен азаматтардың көптеген бөлігінің заңнан хабардар болмауы, өз елдерінің заңдарын білмеуі, құқықтық тәрбиенің өз деңгейінде жүргізілмеуі.
Құқықтық нигилизмнің көріністері: қолданыстағы заңдарды, нормативтік құқықтық актілерді қасақана бұзу, заң тұжырымдарын сақтамау, орындамау, барлық деңгейдегі мемлекеттік өкілеттілігі бар және басқарушы органдардың іс-қимылдарының үйлесімсіздігі, адамның құқықтарын, әсіресе, өмір сүру, абырой, ар-ождан, қадір-қасиет, тұрғын үй, мүліктік, т.б. құқықтарын бұзу,тәуелсіздік, мемлекеттік тұтастық идеяларын мойындамай, сепаратистік көзқарасқа бой алдыру. Бұл дегеніміз құқықтың құндылығын саналы түрде жоюға, жоққа шығаруға бағытталған әрекет болып саналады. Яғни құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің дамуына кедергі жасайды.
Егер біз қазақстандық қоғамда гуманистік және демократиялық қатынастар жүйесін құратын болсақ оның қызмет етуіне жағдай жасауымыз қажет. Олай болса азаматтарды құқықтық мәдениетке тәрбиелеудің мақсатын ең алдымен әлеуметтік деңгейде анықтап алғанымыз дұрыс. Тұлғараалық қарым-қатынас мәдениетіне балабақшадан, мектеп қабырғасынан баулу арқылы өмiрде өзара әрекеттестiктiң iзгiлiк қағидаларын ерiктi түрде орындай және қорғай бiлетiн құқықтық мiнез-құлықты қалыптастырамыз. Осының нәтижесінде өнегелік- құқықтық мәдениеті жоғары тұлғаны әлеуметтендіруге қол жеткізе аламыз. Бұл тұлғаның жауапкершілігі, тәртіптілігі, еңбексүйгіштігі, заңды құрметтеуі, жеке басының намыс сезімі, білімге құмарлығының артуы сияқты іс-әрекетінен көрініс табады. Сондықтан да бала кезден бастап азаматтарға құқықтық білім беру, құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін қалыптастыру әлеуметтік дағдыларды меңгерудің,өмірге бейімділіктің, жеке тұлғалық қабілеттерін қалыптастырудың алғы шарты болып табылады.
Қазақстанның әрбір азаматы мемлекет – бұл ұлттың ортақ шаңырағы, оның тарихи шежіресі мен қалыптасуы, мәдениет пен ой-сананың дамуы, өркениеттілігі, яғни, барлық құндылықтары мемлекетпен оның егемендігімен таразыланатындығын түсінуі қажет. Өркениет көшінен қалмай, жаһандану кезеңінде алпауыт елдердің екпініне шыдас беріп, жұтылып кетпей, дамыған елдердің көшінен көріну қазіргі заманның басты қағидатына айналғаны анық. Соның басты көрінісі ретінде Түркістан жұрты да өз мүмкіндіктерін пайдаланып жатыр. Құқықтық мәдениеттің шыңынан көрінуге ниетті.
Өйткені, жыл санап емес күн сайын немесе сағат жылжыған уақытта өзгеріске ұшырап, адам таңғаларлық таңғажайып дүниелердің орын алуы, барлық саланы цифрландыруға көшіріп, әлемдік экономиканың үздіксіз даму тенденциясы адамзаттың шексіз мүмкіндігін көрсетеді. Осы ретте, өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырған, бүгінде әлем танып, мойындаған мемлекетіміздің басты байлығы және оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені Ата заңымызда айқын көрініс тапқан.Қай кезеңде болмасын қоғамның дамуы болашақ ұрпақтың ұлтжандылығы мен мемлекетшілдігіне және атқарылатын барлық істердің мемлекет мүддесіне орай негізделе отырып айқындалуына тікелей байланысты.