
Жаңалықты енгізудегі негізгі мақсат – заң жобаларына жүргізілетін ғылыми сараптама қорытындысының сапасын жақсарту. Бұл жолдың тиімділігін ғылыми қауым да қолдап отыр. Себебі, бұған дейінгі тәртіп бойынша бір жылға ғана жарияланатын конкурсты ұтып алған ғылыми ұйым тек өзінің ғалымдары мен мамандарын қатыстыру арқылы өткізу мәселесі, елдегі басқа ғалымдар мен тәжірибелі мамандардың орынды наразылығын туғызды. Ал сараптама қорытындысының сапасыздығы туралы Парламент қабырғасында мәселе көтеріліп жүргенін өз тәжірибемнен білемін. Қазіргі тәртіп бойынша сараптама жүргізуге Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шет елдерден белгілі ғалымдар мен білікті мамандар тартылуда. Сонымен қатар, ғылыми сарапшының өзі берген қорытынды дербес жауапты және оны түсіндіру үшін заң жобасын Парламентте талқылауға қатысу міндеті заңда қаралған. Осындай талаптарды қатаң сақтай отырып, бүгінгі күнге жаңа модель шеңберінде 50-ге жуық заң жобасына және 25-ке жуық халықаралық шарт жобасына ғылыми-құқықтық сараптама жүргізілді. Тағы бір айта кететін жайт, сарапшыларды таңдау автоматтандыру тәртібімен жүргізіледі. Сарапшыға тиісті құжаттар пакетімен бірге, заң немесе халықаралық шарт жобасы жіберіледі. Сарапшы олармен танысып, электронды поштамен келісетіні немесе бас тартатыны туралы жауап береді. Институт пен сарапшылардың арасындағы жұмыс тек қана қашықтан өткізіледі. Біз сарапшылармен жүзбе-жүз жұмыс жасамаймыз.
Бұл тұрғыдан заңсыздықтарға жол берілмеуі керек. Ал оны іске асырудың бірнеше жолы бар. Біріншіден, заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган не Парламент депутаты заң жобасының тұжырымдамасын да, заң жобасының өзін де белгілі бір өзекті проблеманы шешуге арнап дайындайды. Олар ғылыми-құқықтық сараптаманың сапалы болуы қабылданатын заңның құқықтық қабілетіне тікелей байланысты және пайдалы болуына мүдделі. Екіншіден, сіз атаған келеңсіздіктерге жол бермеу мақсатында қолданыстағы «Құқықтық актілер туралы» заңымызға өте маңызды толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, сарапшы ғылыми сараптама жүргізуіне күмән келтіретін мән-жайлар болған кезде институтқа екі жұмыс күнінен кешіктірмей хабар беріп, сараптамадан бас тартуға міндетті. Бұның сыртында, егер ғылыми сарапшы өз өндірісіне алған заң жобасы тұжырымдамасының жобасын және заң жобасын келісу процесіне бұрын қатысса немесе әзірлеуші органның қызметкері болып табылса және сараптама жүргізу нысанасы сарапшының ғылыми білімінің шегінен тыс болса, не өзіне ұсынылған материалдар қорытынды беру үшін жеткіліксіз болса, не өзінің ғылыми құқықтық сараптаманың объективті және тәуелсіз сараптама қорытындысын беруін болғызбайтын өзге де мән-жайлар болса, ғылыми-құқықтық сараптама жүргізуге қатыса алмайды.
Осы аталғандармен қатар сарапшы белгілі бір заң жобасын өз өндірісіне алғаннан соң, сараптама процесіне тартылмаған өзге тұлғалармен сараптама жүргізуге байланысты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуіне заң жүзінде тыйым салынған. Сол сияқты сараптамаға қатысты материалдарды және өзіне белгілі болған өзге де мәліметтерді жария етуге, сараптамада қаралып жатқан нормативтік құқықтық акт жобасының атауы мен мазмұнын, сондай-ақ, ресми жарияланған кезіне дейін сараптама қорытындысының мазмұнын жария етуге рұқсат етілмейді. Сарапшы бұлардан да басқа заңда көрсетілген талаптарды сақтауға міндетті. Жүктеген жауапкершілікті ескере отырып, тізілімге енгізілген әрбір сарапшымен жасалатын келісімшартта олардың міндеттері мен құқықтары толық қамтылған. Аталған іс-шаралар жауапкершілікпен атқарылса, заңсыздықтарға жол берілмейді деп қарау оң болмақ.
Институт «Құқықтық актілер туралы» заңның негізінде мемлекеттегі барлық нормативтік құқықтық актілердің тізілімі мен эталондық бақылау банкін жүргізетін бірден-бір өкілетті мекеме. Түсініктірек болуы үшін айта кетейін, нормативтік құқықтық актілердің Мемлекеттік тізілімі дегеніміз – елдегі нормативтік құқықтық актілердің деректемелерін және осы актілер туралы ақпараттық-анықтамалық сипаттағы басқа да мәліметтерді қамтитын мемлекеттік есеп алудың бірыңғай жүйесі. Ал нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкі дегеніміз – елдегі нормативтік құқықтық актілерінің Мемлекеттік тізіліміне олар туралы мәліметтер енгізілген, қағаз жеткізгіштегі актілер жиынтығы және электрондық құжат нысанындағы актілердің электрондық түрде ресми жариялау көзі болып табылады.
Мемлекеттік тізілімде барлығы 147 мыңнан астам жазба деректемелер орналастырылған. Тек өткен 2021 жылы тізілімге 11601 акт, оның ішінде жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың 8931 нормативтік құқықтық актісі енгізілді. Міне, осындай толыққанды деректерді көпшілікке қолжетімді ету мақсатында «Әділет» жүйесі 2012 жылы құрылды. Бұл жүйеде елдегі нормативтік құқықтық актілердің 1991 жылдан бастап қазіргі күнге дейінгі мемлекеттік және орыс тіліндегі жиынтығы орналастырылған. Сұраныс өте жоғары. Атап айтқанда, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 10,8 млн пайдаланушы 31,39 млн рет жүйеге кірген, бұл деректер 2020 жылға қарағанда 30% -ға ұлғайған. Қазақстаннан басқа оншақты шет елден әртүрлі сұрақтарға жауап іздестіріп, құқықтық актілерге жүгінетіндер саны жылдан жылға артуда.
