
Қазығұрт ауданында «Жаңа өмір – болашаққа мүмкіндік» атты форум өтті. Онда құқықбұзушылықтың алдын алу және сотты болған азаматтарды жұмысқа орналастыру жайы сөз болды. Форумда сонымен қатар сотталған азаматтардың қайта қылмыс жасауына жол бермеу, оларды қоғамға бейімдеу мәселелері талқыланды.
Форумға аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев, аудан прокурорының орынбасары Серғазы Күзеров, аудандық полиция бөлімінің бастығы Алмас Серікбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров, «Кемел Ел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Әлімбеков, сондай-ақ жастар өкілдері, студенттер және пробация есебіндегі азаматтар қатысты. Жиын Тілеу Аханбаев атындағы халық театры әртістері сахналаған «Жұлын құрт» қойылымымен басталды. Жастарды заң бұзудан сақтандыру мақсатында түсірілген арнайы бейнеролик көрсетілді.
Аудан әкімінің орынбасары М.Оразалиев жастарды құқық бұзбауға шақырды. Ол мемлекет тарапынан жастарға көрсетілетін мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, отбасыдағы тәрбиенің маңызы және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелеріне ерекше тоқталды. Сонымен қатар, қоғамдағы жат қылықтар мен жаман әдеттерден сақтану қажеттігін атап өтіп, әрбір азаматтың өзіне жауапкершілікпен қарауы керектігін айтты.
Аудан прокурорының орынбасары Серғазы Күзеров жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелерін қозғады. Сондай-ақ, жастардың құқықтық сауаттылығы мен мәдениетін көтеру, оларды заңға құрметпен қарауға үйрету жайына ерекше тоқталды.
Ал, Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің бастығы Алмас Серікбаев пробация қызметінің маңыздылығы туралы сөз қозғап, сотталған азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне көмек көрсету, олардың өмірге деген оң көзқарасын қалыптастыру мен өздеріне деген сенімділіктерін ояту қажеттігін атап өтті. Ол пробация қызметінің азаматтардың қоғамда өз орнын табуға көмектесетін негізгі құрал екенін еске салды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров Мемлекет басшысының отбасы институтын нығайтуға, демографиялық дамуды қолдауға және тұрмыстық зорлық-зомбылықтардың алдын алуға ерекше көңіл бөліп отырғанын айтты. Оның пікірінше, зорлық-зомбылық тек отбасылық жағдайлармен емес, экономикалық және әлеуметтік мәселелермен де тығыз байланысты. Сондықтан қоғамның әрбір мүшесі зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді әрекет етуі тиіс екенін еске салды.
«Кемел Ел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Әлімбеков жастарды имандылыққа, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді құрметтеуге, сондай-ақ діни экстремизмнің алдын алуға шақырды. Ол «дұрыс тәрбие қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, жастардың оң бағытта тәрбиеленуіне әсер етеді» деді.
Форумның жастарға берері көп болды. Мұндай іс-шаралар қылмыстың азаюына, әлеуметтік жауапкершіліктің артуына және ұлттық құндылықтардың салтанат құруына оң ықпал етеді.
Ажар БЕРМҰХАНОВА,
Қазығұрт ауданы.
