
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында заң мен тәртіп қағидаты халықтың санасына терең орнығуы тиіс екенін, ол үшін кез келген құқық бұзушылыққа қарсы тұратын орта қалыптастыру қажет екенін тағы да елдің қаперіне салды. Тағы да дейтініміз, Президент заң мен тәртіпке негізделген әділетті қоғам құру қажеттілігін бұған дейінгі Жолдауларында да, Ұлттық құрылтай отырыстарында да жиі айтып келеді. Асылы, бізде осындай игі бастамалар алғашында зор қарқынмен басталып, аяғы сиырқұйымшақтанып, даңғазалыққа айналып кететіні жасырын емес. Былайша айтқанда, нақты істерден гөрі сөзбұйдалыққа салыну басымырақ. Мұндай бастама бұрында да болған. Бұрынғы Президент тұсында «100 нақты қадамға» негізделген Ұлт жоспары қабылданып, соның аясында қоғамда заң үстемдігін орнатуға ерекше екпін берілгені әлі ұмытыла қойған жоқ. Бірақ, содан бері «Ау, осы бір игі іс бастап едік қой, соның аяғы не болды?» деген жанды жоғарыдан да, төменгі биліктен де таба алмадық. Егер де бұл идея сол уақытта жүйелі түрде жүзеге асып, заң үстемдігі қоғамда берік орныққанда, Президентіміз бұл мәселеге қайта оралмас еді. Біздің айтпағымыз да сол, бұл бастама бұрынғысы секілді құмға сіңген судай болмаса екен.
Сөз жоқ, Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру Қазақстан сияқты қанаты енді қатайып келе жатқан мемлекет үшін өте қажет дүние. Егер Президент айтқандай, «Заң мен тәртіпке» бағынбасақ, құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, Әділетті Қазақстанды құрып, оны өркендеген мемлекет ете алмаймыз. Бірақ, соны іске асыру жолында бірқатар кедергілердің бар екенін де жоққа шығаруға болмайды. Кедергілердің ең өзектісі сыбайлас жемқорлық дер едік. Мұның елімізде тамыр жайып кеткендігі соншалық, жеті басты айдаһар секілді бір басын кессең, екіншісі өсіп шығады. Мемлекет мұнымен шамасы жеткенше күресіп те жатыр. Алайда, бұл індеттің әзірге бой беретін түрі байқалмайды. Өйткені, мұның тамырына балта шабуға тиісті заңымыз тым солқылдақ, тым кешірімшіл. Соттар да оларға келгенде заңның осы ізгілікті тұсын жиі қолданады.
Мұның мемлекетке қауіпті екенін сезген Президентіміз жемқорлардың жазасын тым жеңілдетіп жіберген «шартты түрде босату» деген бапты мүлдем алып тастауды ұсынған болатын. Оның бұл бапқа ерекше назар аударуы бекер емес. Бізде олардың өмірінің тіпті жұмаққа айналып кеткендігін былайғы жұрт жақсы біледі. Жақсы білгеннен кейін де шығар, олар қоғамда әділеттіліктің салтанат құратынына сенбейді.
Қазір ел азаматтарының саяси өмірге емін-еркін араласуына жол ашылды. Жүргізіліп жатқан реформалар да «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделіп жатыр. Бірақ, аса бір өзгеріп кеткен ештеңе байқалмайды. Басқасын айтпағанда, заң мен тәртіпті қоғамда орнықтыруға күш салатын құқық қорғау органдарында ашықтық, айқындық жетіспейді. Ал, ашықтық жоқ жерде көңілге ұялайтын күдік те көбейе түседі. Мәселен, былтыр ақпан айында облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашов билігін асыра пайдаланды деген күдікке ілініп, қамауға алынған болатын. Міне, содан бері бір жыл өтсе де, басқарма басшысының жасаған қылмысы туралы ешқандай ақпарат жоқ. Ал, білім басқармасы болса, әлі басшысыз отыр. Бүгінгідей цифрландыру дамыған заманда қылмысты егжей-тегжейлі зерделеу үшін бір жыл емес, бір айдың өзі жеткілікті емес пе?! Міне, бізде тауық ұрлағандардан бастап мемлекеттің миллиондарын жымқырғандарға дейін қозғалатын қылмыстық істер тергеу құпиясы деген желеумен жасырын жүргізіледі. Бұл өз кезегінде қарапайым жұртшылықтың әділеттілікке деген сенімін азайтады. Бұл бір ғана мысал болғанымен, құқық қорғау органдарының барлығына тән нәрсе десек, қателесе қоймаймыз.
Тағы бір шетін дүние, құқық қорғау органдарының тазалығына қатысты. Қазір қоғамда бұларға қарата айтылатын сын өте көп. Қайбір күні Парламент Мәжілісіне жаңа заң жобасын ала келген антикор өкіліне депутат Еділ Жаңбыршин жемқорлықты азайтуды ең бірінші құқық қорғау органдары өздерінен бастау керек екенін айтқан болатын. Біздіңше, депутат өте орынды айтты. Ірілі-ұсақты құқық бұзушылықтың жолын кесетін олардың өзі таза болмаса, тәртіпті өзгелерден қалай талап етпек? Себебі, тергеу істеріндегі әділетсіздік, сот шешімдеріндегі ала-құлалық, заңдылықты қадағалаудағы көзжұмбайлық, сыбайлас жемқорлықты анықтаудағы бармақ басты, көз қысты әрекеттер құқық қорғау органдарына деген сенімді сетінетері анық. Сондықтан Еділ Жаңбыршин айтқандай, заң мен тәртіп қағидатын санамызға берік орнықтырамыз десек, ең алдымен құқық қорғау органдарының өзі жат әдеттерден аулақ болғаны маңызды.
Қалай десек те, біз осы қағиданы ең әуелі өзіміз терең ұғынбайынша, заңмен өмір сүруді үйренбейінше, қоғамдағы берекесіздіктер мен заңсыз әрекеттердің шырмауынан шыға алмасымыз анық. Бұл жолда құқық қорғау органдары көпшілікке үлгі болуы тиіс.
