Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған басымдықтарды нақтылы іске асыру мәселелері бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «MIRAS» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі кеңестің отырысында қаралды. Партия алаңында өткен жиынға кеңес мүшелері – облыстың зиялы азаматтары, салалық мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар қатысты.
Жұмыс жиынын бастаған кеңес төрағасы, облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Қалыйма Жантөреева Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы елдің алдағы дамуын белгілейтін жоспар ғана емес, мемлекетіміздің жаңа дәуірге аяқ басқанын айшықтайтын стратегиялық бағдар екенін айтты.

«- Президент Жолдауы жаңа тарихи кезеңге қадам басуымыздың нақты саяси құжаты болып табылады. Жолдауда көтерілген әрбір бастама – еліміздің әділетті, қуатты, цифрлы әрі қауіпсіз болашағына қызмет етуді көздейді. Қоғамның ендігі міндеті – Президент бастамаларының іске асырылуына күш салу. Облыстық партия филиалы жанындағы «MIRAS» кеңесі өңіріміздің зиялы азаматтарын шоғырландырған құрылым саналады. Мемлекет басшысы жария еткен бастамаларды халыққа жеткізуде, оларды іске асыруда кеңес өкілдері алдыңғы сапта қызмет етеді деп білемін. Бүгінгі жиында Жолдауда айтылған 7 бағытты іске асыру мәселелерін қарайтын боламыз. Өзара сабақтасып жатқан бұл бағыттар экономикамызды көтерудің, оны заман талабына сай ілгерілетудің, азаматтардың сұранысына сай қоғам құрудың басымдықтарын белгілейді. Бүгінгі міндет – жаңалықтан қорықпай, уақытпен бірге қадам басу. Ал болашақ – тек ізденген, еңбектенген, жаңашыл ойлайтын елдің еншісінде», — деді Қалыйма Жантөреқызы.
Президент Жолдауында қамтылған басымдықтар туралы Халықаралық Туризм және меймандостық университеті Қонақжайлылық мектебінің қауымдастырылған профессоры Сәбит Баймағанбетов хабарлама жасады.
«- Биылғы Жолдауда Президент цифрлық экономика мен жасанды интеллектке ерекше көңіл бөлді. Енді Қазақстанда Цифрлық резерв қоры, яғни криптовалюта активтерін жинақтайтын мемлекеттік қор құрылмақ. Бұл – жаңа заманның талабына сай жасалған батыл шешім. Еліміз жаһандық қаржы трендтерінен қалып қоймай, алдыңғы қатарға ұмтылып отыр. Сондай-ақ, Президент Сенатты таратып, бірпалаталы Парламент құру бастамасын ұсынды. Мұны еліміздің саяси құрылымын қайта қарап, халық билігін шын мәнінде жүзеге асыруға жасалған нақты қадам деп білуіміз қажет. Жаңа жүйе қоғаммен тығыз байланыс орнатуға, тиімді заң қабылдауға және атқарушы билікті қатаң қадағалауға мүмкіндік береді. Жолдауда салық жүйесін жаңғырту, бизнесті қолдау, қаржы саясатын оңтайландыру жөнінде нақты ұсыныстар айтылды. Енді экономикалық өсім тек сандар емес, әр азаматтың әл-ауқатына әсер ететін нақты нәтиже болуы керек деген байлам жасалды. Президент жас ұрпаққа инвестиция салуды жалғастырып, балаға Ұлттық қордан қаражат жинау және цифрлық сауаттылықты мектептен бастап қалыптастыру сынды жобаларға басымдық берді», — деді Сәбит Төленбайұлы.
Жолдауда қамтылған мәселелер және оларды іске асыру жолдары бойынша «Turkistan Media Holding»-нің басқарушы директоры Тельман Бейсенов, «Түркістан балалар мен жасөспірімдер орталығының» директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Археология ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Мэлс Бахтыбаев, Халықаралық Туризм және меймандостық университеті, «Гуманитарлық мектеп» директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ләззат Динашева, Абай атындағы Шымкент қалалық кітапханасының қызметкері Ақмарал Құдайбергенова өз ойларымен бөлісті.
Жиынның күн тәртібінде қаралған екінші мәселе партияның Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында өңіріміздің көрнекті тұлғаларының мұрасын насихаттау бағытында белгіленген жұмыстарының орындалу барысы туралы Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков есеп берді.
Басқарма өкілінің мәлімдеуінше, аталған жұмыс бағыты бойынша 2025 жылы 100 тақырыптық іс-шара ұйымдастырып, өткізу көзделген. «- Биылғы сегіз айда аталған бағыт бойынша 95 іс-шара өткізілді. Оның ішінде Отырарда Әбу Нәсір әл-Фарабидің 1155 жылдығына орай «Адамзаттың ұлы ұстазы» атты облыстық Фараби оқулары, Ордабасыда Майлықожа Сұлтанқожаұлының туғанына 190 жыл толуына орай «Майлықожа – адамгершілік туын көтерген ақын» атты әдеби сазды кеш, Түлкібаста ақын, жыршы, термеші Тұрлыбек Сұлтанбекұлының туғанына 115 жыл толуына орай «Ақынның абзал мұрасы» атты әдеби танымдық сағат ұйымдастырылды», — деді Әділ Нұржанұлы.
Көрнекті тұлғалардың мұрасын насихаттауда қаламгер, жазушы, Түркістан облысының құрметті азаматы Мархабат Байғұттың 80 жылдығына орай «Мақамы бөлек Мархабат» Халықаралық симпозиумы, Мархабат Байғұт оқулары, Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай «Әнім сен едің» атты мерекелік концерті, Қызылорда қаласында облыстық филармония ұжымы өткізген Шәмші әндерінің кеші өткізілгені айтылды. Сонымен қатар Абайтанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметұлының туғанына 95 жыл толуына арналған «Тұгыры биік тау тұлға» атты тұлғалық кеш, Көпен Әмірбекұлының туғанына 75 жыл толуына орай «Сатираның сайыпқыран сардары» әдеби-рухани кеш, Сейдулла Бәйтерековтың 80 жылдығына орай «Саз әлемінің Сейдолласы» атты әдеби-музыкалық кеш, ақын Дүйсенхан Нақымовтың туғанына 80 жыл толуына орай «Халқының жүрегінде ақын жыры» атты еске алу кеші, жазушы Темірхан Медетбектің 80 жасқа толуына орай «Ақындық деген биік шың» әдеби кеш, ақын Әселхан Қалыбекованың туғанына 75 жыл толуына орай «Желегін кір шалмаған көңілімнің» атты облыстық «Әселхан оқулары» байқауы өткізілгені туралы мағлұмат берілді.
Жиынның күн тәртібінде қаралған үшінші мәселе бойынша Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев хабарлама жасап, аудан аумағында мәдениет саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Партия бақылауында тұрған мемлекеттік тілдің танымалдылығын арттыру, оның қолданылу аясын кеңейту бағыты бойынша жоспарланған 7 іс-шараның, бүгінде 6 іс-шарасы өткізілгені айтылды. Сондай-ақ Түркістан облысының көрнекті тумаларының мұрасын насихаттау бойынша жоспарланған 7 іс-шара толығымен орындалғаны туралы есеп берілді. Аудан аумағындағы қасиетті және маңызды орындарға өлкетану экспедицияларын өткізу, киелі жерлерді абаттандыру жұмыстарын жүргізу бойынша «Мыңшейіт» және «Нұр ата» қасиетті тарихи орындарында абаттандыру жұмыстары мен өлкетану экспедициясы ұйымдастырылғаны айтылды. Жалпы, аудан әкімдігі тарихи маңызы бар нысандар саналатын 10 қасиетті орынды күтімге алғаны жөнінде мағлұмат берілді.
Кеңес мүшелері күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша өз ұсыныстарын білдіріп, партия бақылауына алынуы тиіс мәселелерге кеңінен тоқталды. Айтылған барлық ұсыныстар кеңес отырысының хаттамалық тапсырмасына енгізіліп, олардың нақтылы орындалуы кеңес мүшелерінің жүйелі назарында болады.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі
