Түркістан облысы, Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен күзгі ағаш отырғызу жұмыстарына байланысты жиын өтті. Оған Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев арнайы қатысты. Биыл аудан көлемінде көктем және күз маусымында жалпы 50 мыңнан астам түп көшет отырғызу жоспарланған.
Көктемгі жұмыстар нәтижелі атқарылып, облыстық комиссия Келес ауданындағы көшеттердің өсіп-жетілу деңгейін жоғары бағалады. Күзгі науқан аясында ауылдық округтер мен мекемелерге бөлінген көшеттер арық-өзен бойларына, қоршалған аумақтарға және көктемде қурап қалған көшеттердің орнына отырғызылады.
Жалпы күзгі маусымда аудан бойынша шамамен 130 гектар жерге 24 мыңнан астам түп көшет егілмек. Суару жүйелері әзірленіп, қажетті аумақтарда тамшылатып және сорғы арқылы суару тәсілдері қолданылады. Күзгі көгалдандыру науқаны аудандағы экологиялық ахуалды жақсартуға, жасыл аймақтарды арттыруға және тұрғындардың тұрмыс сапасын көтеруге ықпал етпек.
