Түркістан облысының Сауран ауданында Шорнақ ауылдық округіндегі әкімшілік-іскерлік орталық аумағында бой көтеріп жатқан спорт кешенінің құрылыс барысын аралап шыққын аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев, нысанда атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімдік көрсеткіштерін тексерді.
Жалпы спорт кешенінің тапсырыс берушісі – Сауран ауданының құрылыс бөлімі. Сараптама қорытындысына сәйкес нысанның құрылыс мерзімі 10 айды қамтиды. Жобаның басталған уақыты – 2024 жылдың тамызы, ал пайдалануға беру мерзімі – 2025 жылдың қазан айы.
Аумағы 1 797,2 шаршы метрді құрайтын спорт кешенінің бүгінгі таңда негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Атап айтқанда, жер қазу, бетон құю, колонналар мен фермаларды орнату, ғимарат қабырғаларын қалау, шатырын жабу, сыртқы қасбетін сэндвич панельмен қаптау, ішкі қабырғаларды бөлу, электр желілері мен сантехниканы орнату жұмыстары толық орындалған. Қазіргі кезде әрлеу, кафель төсеу және аумақты абаттандыру шаралары қарқынды жүргізілуде.
Құрылыс алаңында 35 жұмысшы мен 4 арнайы техника жұмылдырылған. Жобаға республикалық, облыстық және ұлттық қордан қаражат бөлінген.

Серік Садибаев нысанды аралау барысында мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ ол аудан үшін маңызы зор әлеуметтік нысанның уақытылы пайдалануға берілуі тұрғындардың спортпен айналысуына, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне үлкен мүмкіндік туғызатынын атап өтті.
