ТҮРКІСТАНДА ВОЛЕЙБОЛДАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ

«Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру» бағдарламасы аясында КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы, Орта Азия және Қазақстан Республикасының волейболдан тұңғыш спорт шебері, талантты волейболшы Октябрь Жарылқаповты еске алуға арналған дәстүрлі республикалық ашық турнир басталды.
Бұл дода жас спортшылардың волейболға деген қызығушылығын арттыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға, сондай-ақ ел спортының дамуына зор үлес қосқан ардақты бапкердің еңбегін дәріптеуге бағытталған. Турнир 2009–2010 жылдары туған және одан кіші жасөспірімдер арасында өтуде. Жарыс 6–9 қазан аралығында Түркістан қаласындағы «Халықаралық туризм және меймандостық университетінің» спорт кешенінде өтеді. Ашылу салтанатына Түркістан қаласы әкімдігінің «Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» басшысы Қадырболат Қабдырұлы және «Халықаралық туризм және меймандостық университеті» КЕАҚ Басқарма төрағасы – ректор міндетін атқарушы Бекежан Қожабекұлы қатысып, жарысқа қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Биылғы турнирге Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан және Түркістан облысының Төлеби ауданы, Кентау және Түркістан қалаларынан келген 105 жас волейболшы қатысып жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *