Судьяларға талап күшейеді
Жалпы, әділеттілік пен бейтараптылық сот төрелігінің негізгі қағидаты екендігі даусыз. Егер сот шешімдері неғұрлым әділ болса, дауласушы екі тараптың заңға, оны негізге алған судьяға деген сенімі арта түседі. Бизнес өкілдері де өз құқықтарының сотта әділ қорғалатынына көзі жетсе, олар өз қызметтерін тек заң аясында жүзеге асырып, ешкімге жалтақтамайтын болады. Мемлекет басшысы судьялардың кезекті съезінде: «Судьяларды іріктеу қағидаттарын жетілдірмейінше, осы бағытта жасалған барлық күш-жігер тиімсіз болмақ. Қазіргі уақытта сот жүйесінде екі мыңнан астам судья қызмет етіп жатыр. Жыл басынан бері сот жүйесіне қатысы жоқ басқа салалардан келген 50-ге жуық заңгер судья болды. Ілгерілеу бар, бірақ жеткіліксіз. Бұл бағыттағы жұмысты жеделдету керек» деп тиісті органдарға тапсырма берген болатын. Сот саласының басы-қасында жүрген мамандардың айтуынша, қазір үміткерлерге қойылатын талаптың күшейгендігі соншалықты, судья боламын дегендердің саны күрт азайған. Көптеген соттарда судьялар әлі де жетіспейді. Әсіресе, шалғай аудандардағы соттарға судья болуға үміткерлер жоқтың қасы. Сондықтан басқа саладан келген заңгердің бірден судья болуы осындай қажеттіліктен туындап жатса керек.
Бүгінгі таңда соттың әділдігі мен заңдылығын проценттік көрсеткішпен бағалау үрдісі сот жүйесіндегі ең өзекті проблемаға айналып отыр. Бүгінгі судьялардың қызметі осындай пайыздық көрсеткіштермен бағаланады. Олар өздері шығарған шешімдері мен үкімдері бұзылмас үшін сол межеден шығуға ұмтылады. Облыстық немесе қалалық соттар да жоғары көрсеткішке жету үшін аудандық сот актілерін барынша күшінде қалдыруға, бұзбауға мәжбүр болады. Бұл жағдай бірінші сатыдағы соттардың жіберген кемшіліктерін түзейтін облыстық соттың заңдылықты қамтамасыз ету рөлін мейлінше төмендетіп, дәрменсіз күйге түсірді деуге болады. Осындай жалаң көрсеткішке бой алдырған судьялар мұны БАҚ-да үлкен жетістікке балап, әділдіктің өлшемі ретінде бағалап жатады. Мұндай үрдіс тек сот жүйесінде ғана емес, бүкіл құқық қорғау органдарына тән десек, артық айтқандығымыз емес. Мұның ең бір кері тұсы, судьялардың тәуелсіздігін әлсіретуге әкеліп соқты. Олар әділдікті анықтаудан гөрі сот актілерінің бұзылмауына мүдделі болып, жоғары басшылықтың нұсқауынсыз шешім қабылдай алмайтын күйге түсті.
Әрине, Конституция мен заңға ғана сүйенген, өзінің ішкі сезімімен әділдікті ту еткен судьяның абыройы қашанда асқақ. Ол үшін судья шын мәнінде тәуелсіз әрі білікті, қандай жағдайда да әділ шешім қабылдай алатын табанды болуы қажет. Тіпті, оған өзі шығарған шешімінің бұзылуына келіспей, оны тиісті органдарда дәлелдеуге құқық берілсе, артықтық етпейді. Міне, сонда ғана судьяны іс жүзінде тәуелсіз деуге болады.
Сөз соңында айтарымыз, сот жүйесін дамыту бағытында қолға алынған реформа бұған дейінгі реформалар сияқты науқандық сипат алмауы тиіс. Жасыратыны жоқ, сот саласы кейінгі жылдары қоғамнан оқшауланып, бұйығы күйге түсе бастады. Осының салдарынан салада саны көп, пәрмені әлсіз өзгерістер орын алып кетті. Осы қордаланған проблемаларды шешу тынымсыз еңбекпен қатар жүйелі іс пен жаңа көзқарасты қажет етеді деген ойдамыз.
Д.Тұрсынұлы
