Соңғы жылдары әлем бойынша да, елімізде де алаяқтық қылмыстарының күрт көбейгені ешкімге жаңалық емес. Әсіресе, цифрлық технология мен интернеттің дамуы алаяқтардың әрекет ету алаңын бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін кеңейтіп жіберді. Бұрынғыдай көшедегі «жемтігін» іздеп жүретіндер емес, қазір алаяқтар адамды үйінде отырып-ақ сан соқтырады. Қолында телефон, алдында ноутбук болса жеткілікті – әлеуметтік желідегі парақша арқылы талай азаматты торға түсіріп жатады. Көзі ашық азаматтар үшін кез келген күмәнді ұсыныс – бірден ой салар белгі. Бірақ, өкінішке қарай, қаржылық және құқықтық сауаты төмен, әл-ауқаты орташа немесе одан да төмен адамдар көбінесе тез пайдаға сенгіш келеді. Тез әрі оңай байытуды уәде еткен біреудің сөзіне иланып, оның «инвестициясына», «жобасына» ақша салу – соңғы жылдары көп кездесетін жағдай. Алаяқтар да адам психологиясын жақсы біледі. Олар «сәтті адамдардың тәжірибесі», «жоғары табыс», «аз уақыт – көп пайда» секілді ұрандарды қолдана отырып, адамды өз еркімен ақшасын беруге итермелейді. Қолыңдағы қаржыдан айрылып қалған соң ғана құқық қорғау органдарына арызданамыз. Бірақ бұл кезде көбіне тым кеш болып жатады. Себебі заманауи алаяқтар басқарып отырған аккаунттар жасанды, аты-жөні жалған, ал ақша аударылған карта басқа адамның атына рәсімделген. Бұл құбылыс тек бізде емес. Әлем елдері де дәл осы мәселемен бетпе-бет келіп отыр.
- АҚШ-та 2023 жылы интернет-алаяқтықтан келген шығын 12 миллиард доллардан асқан. Әсіресе жалған инвестиция, криптовалютаға шақыру, фишингтік хаттар алдыңғы орынға шықты.
- Еуропада «Love Scam» деп аталатын, жалған романтикалық байланыс орнатып ақша бопсалау оқиғалары көбейген.
- Оңтүстік-Шығыс Азияда соңғы бірнеше жылда интернет арқылы «жұмыс ұсынып» адамды еңбек құлдығына түсіретін алаяқтық схемалар ашылған.
- Сингапур, Корея, Жапония секілді елдер алаяқтықты азайту үшін банктерге қатаң талап қойып, күдікті төлемдерді автоматты түрде бұғаттайтын алгоритмдер енгізді.
Бұл елдердің тәжірибесі бір нәрсені дәлелдейді: интернет кеңіген сайын, алаяқтықтың да түрі көбейеді. Сондықтан тек құқық қорғау органдарына ғана емес, бүкіл қоғамға – жеке азаматтан бастап, бизнеске, тіпті блогерлерге дейін жауапкершілік жүктеледі.
Жарнамашылардың жауапкершілігі – маңызды мәселе
Қазақстанда соңғы жылдары алаяқтық схемаларын жарнамалаған танымал тұлғаларға қатысты жағдайлар жиіледі. Миллиондаған көрермені бар блогерлер мен шоу-бизнес өкілдері «инвестициялық платформа», «жоғары табыс», «тез пайда» секілді жарнамаларды жариялап, көп адамды алдау схемаларына еріксіз жетелеп отырғаны жасырын емес.
Бұл мәселе әлемде де өзекті.
- Ұлыбритания 2022 жылы белгілі тұлғаларға қаржылық өнімдерді жарнамалауға тыйым салатын арнайы заң қабылдады.
- Австралияда жалған қаржылық жарнама жасаған блогерлерге 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.
- Еуроодақ инфлюенсерлердің жарнамасын реттейтін, жалған ақпарат таратуға жол бермейтін бірыңғай ережелер жасауда.
Бізде де осы бағытта нақты қадамдар жасалуы – азаматтардың қауіпсіздігі үшін ауадай қажет. Қаржылық сауаттылық – кез келген елдің қауіпсіздік жүйесінің маңызды бөлігі. Мамандырдың айтуынша, адамдар қарапайым 5 ережені білсе, алаяқтықтан қорғай алады:
- Тез байытуды уәде етсе – бұл алаяқтықтың белгісі.
- Бейтаныс адамдарға жеке мәлімет бермеу.
- Интернеттен алған ақпараттың растылығын екі-үш көзден тексеру.
- Банктік деректерді ешқашан мессенджер арқылы жібермеу.
- «Танымал адамның жарнамасы» – міндетті түрде сенімді деген сөз емес.
Мемлекет тарапынан да тиімді шаралар қажет. Мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін қаржылық сауаттылық пәнін енгізу, халыққа арналған үздіксіз тренингтер ұйымдастыру, интернеттегі жалған аккаунттарды бұғаттайтын жүйелерді күшейту – заман талабы. Интернет заманында алаяқтықтың түрі де, жолы да өзгерді. Бүгінгі алаяқтар – технологияны жақсы меңгерген, адамның психологиясын зерттеген, виртуалды кеңістікте әрекет ететін жаңа буын қылмыскерлері. Сондықтан олармен күресу – тек полицияның немесе мемлекеттің жұмысы емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Басты қорғанымыз – қаржылық сауаттылық, күмәндану дағдысы және ақпаратты сараптап оқу. Алаяқтықтың алдын алу өзімізден басталатынын ұмытпайық.
