КЕРЕК ДЕРЕК: КИБЕРТОПТАР ҚЫЛМЫСЫНА ҚАНДАЙ ТОСҚАУЫЛ БАР?

 

Бүгінгі кезеңнің негізгі проблемасына айналған киберқылмыстан зардап шеккендер қылмыстық қол сұғушылыққа душар болғанын дәл уақытында түсіне қоймайды. Құқық қорғау органдарына қылмыс туралы хабар кеш түсіп жатады. Оның үстіне, киберқылмыстарға қатысты қылмыстық істер бойынша анықтау және тергеу істерін жүргізетін мамандардың техника саласын жетік білмеуі және компьютер жүйелері мен желілерінде қорғаныс жүйесінің төмен болуы осы бағыттағы жұмыстардың ілгерілуіне кедергі болып отыр. Соның кесірінен ақпараттық технологиялармен атқарылатын киберқылмыстар экономикалық қана емес, лаңкестік әрекеттер үшін де пайдаланылатынын ескерсек, қоғамға іріткі салудың алшышарттары өзінен өзі-ақ аңғарылады.

Осындай бірсыпара мысалдардың үңіліп, Түркістан өңіріндегі азаматтарға «Керек кеңес» айдары аясында ақпараттар ұсынып отырмыз. Қазір инфрақұрылымдық және қорғаныстық кәсіпорындардың сайттарында орын алатын киберқылмыс тәуекелдерін естен шығармаған жөн.

Өзіміздің елде орын алған жағдайды таразылап көрейік. Бірнеше жыл бұрын «Интернет-банкинг» электронды жүйесі арқылы кәсіпкерлердің шоттарынан ақша ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың әшкереленгенін оқырман қауым әлі ұмыта қойған жоқ. Шындап келгенде, жоғарыда атап өткендей, киберқылмысқа ұрынған компаниялар да, жекелеген адамдар да мұндай жағдайға тап болғанын дабыра ете бермейді. Ал, мұның теріс ықпалы – айтарлықтай ауыртпашылықтарға әкелуі әбден мүмкін.

Біздің еліміздегі коммерциялық құрылымдар кибер шабуылдардан әлсіз қорғалғаны әлсін-әлсін айтылып жүргенін атап өтпеске тағы болмайды. Біз түгілі, ақпараттық технологиялардың қызметіне бізден бұрын жүгінген алпауыт елдердің де іскерлері арнайы ұйымдасқан кибертоптардың әрекетінен адам ақылына сыймайтын шығындарға шырмалып отыр. Мәселен, қылмыскерлер ұрланған немесе жалған карта көмегімен тауар сатып алып, оны сыбайластарына жолдап, тауардың орамасын өзгертіп шетелге жолдайды. Сатушы кредиттік картаның жалғандығын анықтап үлгергенше тауар өзге елге кетіп қалады. Сондықтан да мұны ойлантатын мәселе деп баса айтуға болады.

Тағы да бір баса айтатын жәйт: Киберкеңістіктің мүмкіндіктері аз ғана уақыттың ішінде көптеген адам өмірімен өлшенетін проблемалар тудыруға қабілетті екені талайларды шындап ойландыруда. Сондықтан бүгінде мемлекеттер өзінің ұлттық киберкеңістігін қорғау мақсатында шаралар кешенін құруға көптеп назар аударуда. «Цифрлану»үдерісіне қадам басқан әлемде «Киберәскер», «Киберқару», «Кибербарлау», «Киберқорғану» сынды ұғымдардың қолданысқа енуі және соған қарасты салалардың пайда болуы тектен-тек емес.

Жалпы, киберкеңістіктің дәстүрлі қауіп-қатерлері болып табылатын алаяқтық, троллинг, арандату сынды жағымсыз әрекеттердің қатарына қазіргі таңда «терроризм және діни экстремизм» қосылды. Мен өзім қызмет ететін Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығында деструктивті діни ағым ұстанушыларының азаматтарды алдап-арбау тәсілдері арқылы қатарларына қосып алу әрекеттерімен жиі ұшырасамыз. Әлбетте, қазір бұрынғыдай көшеде діни насихат айтып, өз сапына тартып әкету фактілері анағұрлым азайды. Дегенмен, өздерінің әккілігі мен айлалығының арқасында олар жастардың, діни фундаменті әлі бекімеген адамдардың санасына ғаламтор арқылы ықпал етуде. Мемлекет тарапынан күнделікті бақылау орнатылып, рұқсат етілмеген және ҚР аумағында қолдануға болмайтын сайттарды бұғаттаулар мен әкімшілік, қылмыстық жауапкершіліктерге тартуға қарамастан, деструктивті ағым мүшелері жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай қаптап үлгерді. Бүгінде еліміздің әр өңірінде Дін істері басқармасына қарасты «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» тұрақты түрде интернет кеңістігіндегі деструктивті діни идеологияларды насихаттайтын дереккөздеріне мониторинг жұмыстарын ауқымды түрде жүргізуде. Қоғам тұрақтылығы мен тыныштығын, біртұтастығын басты бағдар қылып алған жас мемлекетіміз үшін бұл ойлантатын үлкен мәселе…

Қорыта айтқанда, Қазақстан үшін киберқауіптерден қорғану мәселесі күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сондықтан әрбір саланың нормативтік құқықтық базасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізудің маңызы зор. Қазақстан киберқауіпсіздік саласындағы әлемдік деңгейдегі төтенше оқиғаларға немқұрайлы қарамауы керек. Өйткені киберкеңістіктегі сын-қатерлер барлық елдердің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіні дәлелденуде.

Былтыр қазақстандықтар киберқауіпсіздік ережелерін сақтамауы салдарынан жалпы көлемі 80 млрд теңге қаржысынан айырылды. Осыған байланысты отандық IT мамандары халықтың қаржылық сауатын арттыратын бейнероликтер мен ойын форматындағы бірнеше қосымша бағдарламалар шығарып жатыр.

Медет Турин, киберқауіпсіздік сарапшысы: — Былтырғы шығынды ескеріп, кибершабуылдың 10 процентіне төтеп бере алсақ, шамамен 8 млрд теңгемізді сақтап қалар едік. Ұсынып жатқан жобамыз азаматтардың небары 15 минут уақытын алар. Бірақ осы аралықта олар өздеріне қажетті 15 сабақ пен пайдалы кеңес алып үлгереді. Кеткен ақшаны қайтару қиын. Сондықтан салдарымен емес, себебімен күресуіміз керек. Медет Туриннің айтуынша, көбі күдік тудыратын сілтемелерге өтіп қана қоймай, белгісіз онлайн-сауда платформаларына айлығы немесе тұрақты табысы түсетін карточкасын бекітіп қояды. Сайтты хакерлер бұзған жағдайда, жеке деректері мен құпия номерлері көрінгеннің қолында кетеді. Мұның алдын алу үшін ақшаны онлайн депозитте немесе виртуалды карточкада сақтаған жөн.  Шалғай ауылдардың өзінде ойын баласынан бастап, еңкейген қарияға дейін әлеуметтік желі мен банк қосымшаларын жиі пайдаланады. Онлайн аударымдар жасайды. Бірақ «жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші салдары мен тәуекелдерін ойламайды. Біздің мақсатымыз —  пайдалы ақпаратты қарапайым халыққа қарапайым тілде жеткізу. Көбіне компьютерлерге зиянды бағдарламалар орнатады. Жалған банктерден немесе басқа провайдерлерден хабарлама келіп, QR-код арқылы өтуді сұрайды. Несиелік карталардың құпия сандарын осылай біліп алады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *