Интернеттің, компьютерлік технологиялардың және сауаттылық деңгейінің артуымен адамдар арасында мәлімет алмасу процесінің жылдамдығы да, көлемі де артып, ақпарат ағыны күшейді. Осы құбылысты ескеріп, заманның басты қасиеті болып отырған жаңалыққа сілтеме жасай отырып қазіргі шақты «ақпарат дәуірі» ретінде қабылдау кең тараған. Осы өзгерген шарттар адамзатқа жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қатерлердің пайда болуына жол ашты. Соның бірі – ақпарат дәуірінде өзекті болған киберқауіпсіздік мәселесі. ХХІ ғасырдың басынан бері интернет қолданушыларының саны экспоненциалды көрсеткішпен өсті.
Осындай көрсеткіштер болған соң Түркістан өңіріндегі ғаламтор кеңістігін қолданушылар бұрын-соңды кездеспеген қылмыс түрлерімен ұшырасып отыр. Атап айтқанда, ғаламтордағы жеке мәліметтерді ұрлау, банк есепшоттарындағы қаражатты электронды жолмен жымқыру сияқты жеке тұлғаларға қатысты қылмыстан бастап ірі компаниялардың сайттарын, электронды платформаларын хакерлік жолмен мешеулендіру арқылы ақша бопсалау мен мемлекеттік электронды жүйелердегі мәліметтерді қолды ету сияқты қылмыс түрлері пайда болды. Жалпы атаумен «киберқылмыс» деп аталатын бұл заңсыз әрекеттер онымен күресті күшейтуді өзектендірді. Сол себепті «киберқауіпсіздік» ұғымының маңызы күннен күнге артып келеді. Киберқауіпсіздік – бұл электронды жүйелерді, желілерді, бағдарламаларды, құрылғылар мен деректерді кибершабуылдардан қорғау мақсатында технологияларды, процестер мен басқару элементтерін қолдану. Киберқауіпсіздікті тиімді қамтамасыз етуде туындап отырған ең үлкен қиындықтардың бірі – ол жалпақ тілмен айтқанда бүгінде электронды құрылғылардың саны адам санынан көп, оның бәрін қорғау орасан ресурсты қажет етеді. Мұндай ресурсқа мемлекет қана ие, сондықтан қоғамдағы киберқылмыспен күрес соның мойнына жүктеледі. Өйткені, киберқылмыстың салдарынан мемлекет және онымен байланысты институттар да үлкен зардап шегіп отыр.
Бүгінде ғаламтордағы түрлі шабуылдан қалай қорғануға болады?
Әрине, кибершабуыл – егер оның алдын алып, сақтана білсеңіз қатты қорқынышты нәрсе емес. Мысалы үйге келгенде немесе үйді жинап болғаннан кейін тамақ ішер алдында қолыңызды жуасыз, осылайша өзіңізді қандай да бір инфекция жұқтырып алудан сақтайсыз. Немесе пандемия кезінде бәріміз дәрігерлердің нұсқаулығына құлақ асып, маска тағып, әлеуметтік қашықтық ты сақтап, қолымызды санитайзермен жуып жүрдік. Осылайша коронавирустан қорғандық. Ал бұл ережелерді сақтамаған адамдар, өкінішке қарай, инфекция жұқтырып алып жатты ғой. Сол секілді кибершабуылдың алдын алмасаңыз, жеке деректеріңізге айтарлықтай қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан қауіптің алдын алу үшін облыс тұрғындарына сала мамандарынан бірнеше кеңес ұсынып отырмыз:
- Ең алдымен қандай сайтқа кіріп жатқаныңызға мән беріңіз. Сайтқа кірген кезде «Иә, келісемін» деген батырманы неге келісіп жатқаныңызды нақты біліп алмай жатып басуға асықпаңыз. Компьютердегі және сервердегі бағдарламалық құралды үнемі жаңартып отырыңыз. Деректердің сақтық көшірмесі дұрыс конфигурацияланғанын тексеріңіз.
- Егер электрондық поштаңызға келген хатта файл жүктелген болса оны жүктеместен бұрын тексеріп алыңыз. Құжат бейтаныс немесе электронды поштасы түсініксіз адамнан және бұрын хат алмаспаған адамнан келсе ол хаттағы құжаттарды жүктемегеніңіз дұрыс.
- Егер жеке деректерге қатысты болса өте қиын құпиясөз қойып жүріңіз
- Егер заттарды онлайн сатып алғанды жақсы көрсеңіз оларды төлеу үшін бөлек банк картасын ашып қойғаныңыз дұрыс. Ол жерде саудаға жұмсайтын ақшадан артын сомма болмағаны абзал
- Желіде толық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бөлек электрондық пошта немесе байланыс нөмірін алған жөн.
- Кәсіпкерлер үшін маңызды кеңес: жағдайдың қашан ушығып кететінін күтпеңіз. Сайт – кез келген бизнес үшін маңызды құрал. Ал бизнеске өте сақ болған дұрыс. Бизнесті енді қолға алған сәтте киберқауіпсіздікке ешкім бас қатырмай жатады. Ал 2-3 жылдан кейін хостер сайтыңызды жайдан-жай өшіре салуы мүмкін. Мұның алдын алу үшін сайтыңызды жиі жаңартып тұрыңыз.
