ТҮРКІСТАН: ӨҢІР ӨРКЕНДЕУІ — ЗАҢ ҮСТЕМДІГІНДЕ

 

 

Өркениетті елдердің тәжірибесіне қарасақ, бұндай жағдайда ешқандай басшының қас-қабағына қарамай, оның табалдырығын, өзінің жүйкесін тоздырмай-ақ, проблемасын еліндегі ұлттық заңнамасына сүйеніп, құқық қорғау органдары мен сотқа жүгіну арқылы шешуді қолжетімді етіп отыр. Сондықтан, халықтың ұлттық заңнаманың өмірімізді, құқықтарымыз бен бостандығымызды қорғауда қабілетті болуын талап етуі өте орынды деп есептеймін. Отандық заңнаманың сапасын жақсартуға бағытталған талаптың күшеюін ел-жұрттың құқықтық мәдениеті жетіліп, заңға деген сұраныстың артып келе жатқанының белгісі деп қабылдағанымыз жөн. «Сын түзелмей, мін түзелмейді», – дегендей, орынды айтылған ұсыныстарды назарға алу пайдалы болары сөзсіз. Ұлттық заңнаманы күрделі өтпелі кезеңнің сұранысына жауап бере алатын әрі ел мүддесін қорғауға құдіретті етіп қабылдауға Парламенттің де мүмкіндігі жеткілікті. Сондықтан заңнаманы жетілдіру мәселесі өкілетті органдардың назарында тұр деп сенімді түрде айтуға болады.

Енді бір ұғым пісіп-жетілмеген заңды қабылдап, жиі өзгерістерге ұшыратуды ешкім қолдамайды. Күнделікті өмірде мыңдаған дау-дамайлар құқық қорғау жүйесінде не сотта қаралып, оның басым көпшілігі нәтижелі аяқталып, бірнешеуі күткен жетістігін бермесе, кемшілікті заңнан немесе осы мәселені қараған мемлекеттік органнан, не оның лауазымды адамынан іздейді. Заңнама дегеніміз қатып қалған дүние емес, оның өмірімізде пайда болған немесе пайда болатын ма­ңызды қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталып, өзгертіліп немесе толықтырылып отыруы заңды құбылыс деп қабылдағанымыз дұрыс. Әрине, жыл сайынғы қабылданып жатқан заңдардың немесе заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің санына емес, сапасына ерекше назар бөлетін уақыт жетті.
Заңның қуаты – елдің мұраты болуы керек. Сонда ғана тұрақты, пәрменді, сапалы заңнаманы қалыптастыруға қол жеткізуге болады. Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту мен құқықтық көмек пен әділ сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету жолында ұлттық заңнаманы тұрақты негізде жандандырып отыру мәселесі Мемлекет басшысының да назарынан түскен емес. Бұл бағыттағы кешенді жұмыстар көлемі 2021 жылғы 15 қазандағы ҚР Президенті Жарлығымен бекітілген «ҚР құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында» қамтылған. Оның сыртында ел-жұрттың сұранысын шешуде заңды негізгі құрал ретінде танып, нормашығармашылықты жақсарту қажеттігіне Президент жыл сайынғы жолдауында ерекше мән беріп, айтып келеді. Сонымен қатар, салалық заңнаманы жүйелі түрде жетілдіріп отыру мемлекеттік орган басшыларының бірден-бір жауапты міндетіне кіреді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *