ӨНДІРІС ДАМУЫ ЖӘНЕ ЖЕРГІЛІКТІ КӘСІПКЕРЛІК НАЗАРДА

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Әбдиев Сауран ауданына жасаған жұмыс сапары барысында өңірдегі өндіріс саласының дамуына үлес қосып отырған бірқатар кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Сапар аясында мәжіліс депутаты аудан аумағында орналасқан «Ақниет холдинг» жиһаз өндіретін кәсіпорнының жұмыс барысын көріп, өндірістік үдерістермен жан-жақты танысты.
Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – отандық өндірісті қолдау, жергілікті кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеу болды. Кәсіпорын басшылығы өндірістік қуаттылық, өнім сапасы, нарықтағы сұраныс және алдағы даму жоспарлары жөнінде кеңінен баяндады.
Жұмыс сапарына Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Сүлейменов Баймахан Тоймаханұлы, «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының төрағасы Асылбеков Сағынбек Жақсыбекұлы, Сауран ауданы әкімінің орынбасары Садибаев Серік Өмірханұлы, аудандық мәслихат депутаты Мусабеков Бағлан Оразбекұлы сондай-ақ аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Шакиров Сұлтанғали қатысты.
Кездесу барысында еңбек ұжымының әлеуметтік жағдайы, өндірісті кеңейту, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану және салада кездесетін өзекті мәселелер талқыланды. Ашық форматта өткен жүздесуде кәсіпорын жұмысын одан әрі жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды.
Кездесу соңында Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев өңірде өндірісті дамыту мен кәсіпкерлікті қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. Мұндай кәсіпорындар аудан экономикасының дамуына серпін беріп, халықты тұрақты жұмыспен қамтуда маңызды рөл атқаратыны баса айтылды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *