Түркістан қаласында жыл соңында Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бастамасымен және Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Ұлы Дала философиясы және құқықтық мәдениет» тақырыбында халықаралық симпозиум ұйымдастырылды.
Симпозиумға Орталық Азия мемлекеттері мен Түркиядан келген философтар, заңгер-ғалымдар мен практиктер, педагогтар, азаматтық қоғам өкілдері және жастар қатысып, жалпы саны 300-ден астам адамды біріктірді.
Қатысушыларға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаева құттықтау жолдады. Өз сөзінде министр:
«Көпшілікке мәлім, дала өркениетінің өзегінде адамгершілік, әділет, ынтымақ пен жауапкершілік секілді құндылықтар жатқаны баршаға мәлім. Осы құндылықтарды заманауи ғылыми айналымға енгізіп, құқықтық ойдың дамуына бағыттау – бүгінгі симпозиумның басты миссиясы», – деді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров іс-шараның маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол Түркістан қаласының еліміздің рухани, тарихи-мәдени және туристік орталығы екенін, сондай-ақ сәулеттік мұрасы арқылы адамзаттық құндылықтар философиясын насихаттаудағы рөлін айтты.
«2025 жылғы 5 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Ішкі саясаттың «Заң және Тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» секілді қағидаттары қалыптасты. Қазақ халқы ел басқару, заң шығару және сот ісін жүргізу саласында бай тарихи мұраға ие. Бұл мұра құқықтық сананы қалыптастыруда аса маңызды рөл атқарады», – деді облыс әкімі.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова симпозиум қатысушыларына арнаған сөзінде шараның еліміздің Конституциясының 30 жылдығы аясында өткізілгенін атап өтті.
«Дала құқықтық мәдениетінің мұрасы – ар-намыс пен жауапкершілік философиясы. Бұл мәдениет құқықтық сананы нығайтуға, заңға деген құрметті қалыптастыруға көмектеседі. Құқық тек адамзаттық құндылықтарға негізделіп, халықтың мәдени кодына сай болса ғана тиімді жұмыс істей алады», – деді ол.
Симпозиум қорытындысында қатысушылар ұйымдастырушыларға бұл шараны «Орталық Азия+» форматы бойынша жыл сайын өткізу жөнінде ұсыныстарын білдірді. Шараның нәтижесі құқықтық мәдениетті нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.
Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, симпозиум қатысушылары пікір алмасып, Ұлы Дала философиясының заманауи құқықтық ойға ықпалы мен тәжірибелік мәнін талқылап, өңірдегі құқықтық мәдениетті дамытуға жаңа серпін берді.
