ТҮРКІСТАН: «ЖАҢА КОДЕКСТЕ ЖАҢАЛЫҚ КӨП»

 

Биыл 9 сәуірде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Су кодексіне» қол қойды. Кодекс 10 маусымнан бастап күшіне енді. 

Ауыз суды ұтымды және ұқыпты пайдалану қай кезде де өте маңызды. Таяу болашақта көп елдер су тапшылығына ұшырауы мүмкін. Бұдан басқа, республикалық ауқымда тұтынылатын су туралы деректерді орталықтандырылған жинау бағдарламасын іске асыру және осы мәліметтерді талдау қажет. Ел Президенті осы қажеттілік туралы айтты. Сондықтан еліміздегі сумен жабдықтау желілері белсенді цифрландырылуда. 

Жаңа «Су кодексінің» қарапайым тұтынушыларға тигізетін пайдасы қандай?  Осы және өзге де сауалдарға «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС заң бөлімінің меңгерушісі Дінмұхаммед Оңғар жауап берді.

– Жаңа «Су кодексінің» басты жаңалығы неде?

– Басты жаңалық деректерді қашықтан беру модулі бар суды есепке алудың жеке құралдарын енгізуге қатысты дер едім. ҚР «Су кодексінің» 107-бабы, 4-тармағында «Суды коммерциялық есепке алуды ұйымдастыру үшін көп пəтерлі тұрғын үйлерді (тұрғын ғимараттарды) жəне өзге де объектілерді салу, реконструкциялау, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеу жобаларында сезімталдық шегі ең төменгі шығыстың жартысынан аспайтын жəне деректерді қашықтан беретін, жоғары метрологиялық сыныбы салқын су үшін R динамикалық сипаттамасы 100-ден төмен емес жəне ыстық су үшін R динамикалық сипаттамасы 50-ден төмен емес (метрологиялық сыныбы B) болатын жалпы үйге ортақ жəне жеке суды есепке алу аспаптарын міндетті түрде орнату көзделеді.Бұл талап жұмыс істемейтін немесе пайдалану мерзімі өткен суды есепке алу аспаптарын ауыстырған жағдайларда қолданылады» делінген.

– Суды есепке алу құралдары бұрын қолданылған ба, әлде бұл жаңа құрал ма?

– Шын мәнінде, деректерді қашықтан беру функциясы бар суды есепке алу құралдары бұрыннан пайдаланылады. Құрылыс салушылардың барлығы да жаңа ғимараттарда осындай су есептегіштерін орнатуға міндетті. Енді мұндай функционалды ескі тұрғын үй қорына енгізу қажет. Бұл жұмыс Қазақстанның энергетикалық және коммуналдық секторларын жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында  жүргізілуде. Деректерді қашықтан беру модулі бар суды есептеу құралдарын орнату  осы кезеңдердің бірі болып табылады!

– Яғни маусым айынан бастап жеке тұлғалар деректерді қашықтан беру функциясы бар есептеу құралдарын орнатуға міндеттеле ме?

– Қазақстанның сумен жабдықтау және су бұру саласын реттейтін негізгі құжаттың талаптары осындай. Сондықтан ескі су өлшегіштің қызмет ету мерзімі аяқталған кезде, оны деректерді қашықтан беру құрылғысы бар жаңасына ауыстыру қажет.

– Бұл процедура қалай жүзеге асырылады,  су есептегіштерді кім жеткізеді?

– Жеке есепке алу аспабын тексеру мерзімі «Суық және ыстық су есептегіштері үшін бірыңғай тексеру аралық интервалды бекіту туралы» ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2020 жылғы 12 мамырдағы №158-од  бұйрығымен бекітілген. Көрсетілген бұйрыққа сәйкес тексеру аралығы 5 жылды құрайды. Тексеру мерзімі басталғанға дейін немесе суды есепке алудың жеке аспабын пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін 30 күн бұрын тұтынушы бұл туралы хабардар болады. Бұл процедураның қажеттілігі туралы ақпарат банктік қосымшалар арқылы беріледі, сонымен қатар тексеру мерзімін Телеграм чат-ботынан да білуге болады (сілтеме:wrm_bot). Егер құрылғы зертханалық сынақтан өтпесе, оны ауыстыру қажет болады!  ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы «Өлшем құралдарына салыстырып тексеру жүргізу, өлшем құралдарын салыстырып тексерудің мерзімділігін белгілеу қағидаларын және өлшем құралдарын салыстырып тексеру туралы сертификатының нысанын бекіту туралы» №934  бұйрығының 15-тармағына сәйкес өлшем құралдарын салыстырып тексеру стационарлық  зертханаларында, тікелей өлшем құралдарының орналасқан жерлерінде (оларды дайындау, жөндеу немесе пайдалану орындарында) жүргізіледі. Сумен жабдықтау және су бұру кәсіпорындары заңнамалық актілерге сәйкес суды есепке алу аспаптарын тексеруді және ауыстыруды жүргізе алады, бірақ жеке шарт бойынша және қосымша ақыға. Бұл әдетте аккредиттелген мамандандырылған кәсіпорындардың құзыреті. Су өлшегіштің өзі ҚР өлшеу аспаптарының тізілімінде тіркелуі, жоғары дәлдік класына ие болуы тиіс. Яғни оны базардан сатып алуға және жеке сантехниктің көмегімен орнатуға болмайды. Құралды жеткізуші пайдаланудың барлық мерзімі ішінде сумен жабдықтау және су бұру кәсіпорындарының базасына деректердің түсуін және үздіксіз байланысын қамтамасыз етуі тиіс.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *