Түркістан облысы Келес ауданының әкімдігіне қарасты 11 ауылдық округі, 1 ауыл және 7 дербес бөлімде 170 мемлекеттік қызметші жергілікті тұрғындардың әлеуетін арттыру бағытында қызмет етуде. Елдің мәселесін шешу, жаңа ұсыныстарды әзірлеуде жергілікті атқарушы органдарда қызмет ететін жалынды жас мамандарға артылар үміт орасан. Бүгін Келес ауданы әкімі аппаратының басшысы, әдеп жөніндегі уәкілі Бахтияр Абдрахманов жоспардан тыс бірнеше ауылдық округтерін аралап, мемлекеттік қызметшілермен кездесті. Оларға артылатын міндеттер мен жауапкершілігі тұрғындармен қарым-қатынасты жетілдіру жөнінде ұсыныстарын жолдап, пікір алмасты.
— Өздеріңзбен ауылдағы өзекті мәселелерді ортаға салып, оны шешу жолында пікірлеріңізді білу мақсатында алдарыңызға келіп отырмын. Бүгінгі бас қосуымыздың негізгі мақсаты — халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыру мақсатында атқарылып жатқан шараларды талдау болып табылады. Бұл кезекте мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына мән бергеніміз абзал болады деп ойлаймын. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық тәуелкелдерін болдырмау, оны алдын алу негізгі жұмыс бағыттарымыздың бірі. Сыбайлас жемқорлық функцияларының бірі мемлекеттік қызметтер көрсету функциясы болып табылады. Ауыл әкіміне жоғарыда атап өткен негізгі бағыттар бойынша жұмысты жандандырып, жауапкершілігіңіздегі әрбір мемлекетік қызметшінің әдебіне, қызмет алушылармен қарым-қатынасына баса мән берулеріңізді тапсырамын. Мемлекеттік қызметшілерге көрсетілетін қызметті алушылармен өзара іс-қимыл кезінде әдеп нормаларын қатаң сақтау қажет, — деді Бахтияр Оралбайұлы.
Келес ауданындағы Алпамыс батыр, Ұшқын, Қошқарата және Біртілек ауылдық округтерінің әкімі аппаратында болған аудан әкімі аппаратының басшысы жұмыс уақытында орнында болмаған мемлекеттік қызметшілерге ескертулер беріп, түсініктемелері алынып, заң аясында шара көрілетінін жеткізді.


