Жуырда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Қуанышұлы арнайы іссапар мен Сауран ауданына келді. Жұмыс сапары барысында вице-министр шаруа қожалықтар мен кәсіп орындарды аралады.
Ең алдымен, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша балық өсіруді қолға алған кәсіпкермен кездесті. Ибата елді мекеніндегі жеке кәсіпкер Жасур Муминов 240 шаршы метр жерге балық шаруашылығын дамытуды қолға алған. Мемлекеттің «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен 8,5 млн. теңге алған. Бүгінгі таңда төрт бассейінде форель балық түрін өсіріп, 6 айда 2 тонна, жылына 4 тонна балық алуды көздеп отыр. Өзімен бірге екі азаматты тұрақты жұмыспен қамтыған.
Сонымен қатар, Ербол Қуанышұлы «SULTAN AGRO GROUP» ЖШС жұмысымен арнайы барып танысты. Бүгінгі күнге құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. «SULTAN AGRO GROUP» ЖШС басшысы Бауыржан Махмутов 10 гектар жерге 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салуды бастады. Жалпы, инвестиция құны 4,1 млрд теңгені құрайды. Аталмыш сүт фермасы іске қосылған жағдайда 100 адамды жұмыспен қамтымақ.
Іссапар барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Қуанышұлы «BNK GROUP LTD» ЖШС жаңа өндіріс алаңының жұмысымен танысты. Онда жаңбырлатып суару машиналары жасалып, тракторлар құрастырылуда. Жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын зауыттың жалпы құны – 4,05 млрд теңге. Жоба қуаттылығы – жылына 950 жаңбырлатып суару жүйесі. Бұл техника америкалық технология негізінде жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ, мұнда тракторда шығарылуда. «BNK GROUP LTD» ЖШС шығарылған өнімдерге өзге өңірлер және шетелдерден де сұраныс жоғары.
ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Қуанышұлы «BNK GROUP LTD» ЖШС нысанымен танысу барысында шаруа қожалық өкілдерімен кездесу өткізіп, ауыл шаруашылығы саласындағы проблемалық мәселе-лерді ортаға салып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Вице-министр шаруалардың алға тартқан мәселелері жіті зерттелетінін, шешімі заң талаптарына сәйкес қарастырылатынын жеткізді. Сапар соңында, ҚР өңірдің аграрлық саласын субсидиялау, инвестициялық жобаларды ашу, ауыл халқының табысын арттыру бойынша жеңілдетілген несие беру аясында тиісті шаралар қабылдайтындығын жеткізді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл орайда, биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Ауыл тұрғындарына 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. «Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты — ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын агробизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу. «Ауыл аманаты» жобасы ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған. Жоба шеңберінде кәсібін дөңгелетуді көздейтін кәсіпкерлер үшін 27 млн теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік бар.