Сауран ауданына қарасты Жаңа Иқан ауылдық округі, Ибата елді мекеніне табиғи газ берілді. Тұрғындарды үздіксіз газбен қамтамасыз етуді «QazaqGaz» ұлттық компаниясына тиесілі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жүзеге асырды.
Ибата елді мекенінде бүгінде 1891 отбасы табиғи газбен қамтылды. Көгілдір сұйық отынды жеткізу үшін 99,279 шақырымға газ құбыры жүргізілді. Құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталып, 2020 жылы аяқталған болатын. Газ өткізу жұмыстары мемлекеттік жеке әріптестік есебінен жүргізілген.
Үйіне алғашқылардың бірі болып газ кірген ауыл тұрғыны бүгін ерекше қуанышты. Жас отбасы «көгілдір отын» шарапатын көруге ықпал еткен барша жанға алғысын жаудырды.
«Бүгін біздің ауылда үлкен қуаныш болып отыр. Газ келіп, бәріміз қуанып жатырмыз. Бұрын үйді жылыту үшін отын жарып, күл шығарып әуреге түсетінбіз. Отын тасу да оңай шаруа емес. Көмір мен отын да қымбат. Енді міне бұл бейнеттен құтылдық. Барлығына рахмет айтамыз», — деді ауыл тұрғыны Жанар Алшымбаева.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындарды құттықтап, ауданның инфрақұрылымын жақсарту жұмысы жоспарға сай жүзеге асатынын атап өтті. Ауыл тұрғындарын құттықтаған газ мамандары тұрғындарға газды қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндірді.
Айта кетейік, ауданның газбен қамтамасыз ету деңгейі 31,4 пайызды құрайды. Ауданда 10 елді мекенге табиғи газ құбыры жүргізіліп, жеті елді мекен табиғи газға қосылды Олар Нұртас, С.Қожанов, Жалаңтөс, А.Үсенов, Шаға, Қазақстан 30 жылдығы, Ескі Иқан, Бершінтөбе ауылдары.
3 жыл бұрын мемлекеттік жекешелік әріптестік арқылы жүргізілген 2 елді мекендегі ішкі газ құбырларын 2 ай көлемінде табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілетін болады. Оның ішінде Ибатада 1850 абонент жеткізуші газ құбырына ауамен сығымдау және ақауын анықтау жұмыстары жүргізілуде. 44 көшенің 14 дайын. Ойық-40 абонент жұмыстары басталмаған.
Сонымен қатар, Оранғай, Қарашық, Жүйнек ауылдық округтеріне магистральды және ішкі құбырларына жобалар әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба құны – 16,5 млрд. теңге құрайды. Магистральдың жоба құны – 5,6 млрд теңгені құрайды. Ал, Шорнақ ауылдық округіне магистральды газ құбырына жоба әзірленіп, сараптамаға жолданды. 2024 жылы Бабайқорған, Майдантал, Жібек Жолы ауылдық округтеріне магистральды газ құбырына жоба әзірлеу жоспарлануда.