Сауран ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілік өтіп, оған Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысып, тал отырғызды. Сонымен қатар, сенбілікке «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, ақсақалдар, әжелер, зиялы қауым және БАҚ өкілдері, қоғамдық ұйымдар, облыстық басқармалар, аудан әкімдігі, ауылдық округтер мен барлық мекеме қызметкерлері мен тұрғындары қатысты. Акцияның мақсаты – балаларды қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты аялауға шақыру. Сондай-ақ, тәрбиленуші балалар арасында қамқорлық, бауырмашылдық қасиеттерді орнатып, еңбексүйгіштікке баулу.
– Бүгін бүкіл облыс бойынша сенбілік жарияланды. Өздеріңіз білетіндей, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аясында маңайды тазарту шараларын жиі ұйымдастыру қажеттігі туындады. Табиғат-Ананың өзі тазаланып тұрғанды ұнатады. Бүгін облыс бойынша мемлекеттік органдардың, түрлі салалардағы мекемелердің қызметкерлері тазалық іс-шарасына қатысып жатыр. Біз Сауран ауданының алыс-жақын аймақтарына, аудан орталығы маңына бұған дейін тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келдік, сондай-ақ сенбілік аясында ағаш егіп жатырмыз. Бұдан кейін аудан тұрғындарының жайлы өмір салты үшін саялы орындықтар қойып, абаттандыру жұмысын жалғастырамыз. Жалпы, әр көктемде, жаз бен күзде туған ауылымыз бен ауданымызды тазартып отыруға әрқайсысымыз да атсалысуымыз керек, – деді аудан әкімі.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Шорнақ және Шаға ауылдық округінде өткен сенбілік шарасы 11 аймаққа бөлініп, оған 2000-ға жуық азамат өз үлестерін қосты. Сенбілікте аталған аумақтар бойынша көше бойлары қоқыстан тазартылды. Тұрғын үйлердің қасбеттері ретке келтіріліп, сырланды. Сондай-ақ, бей-берекет өскен талдар қырқылып, әктелді. Жаяу жүргіншілер жолдары сырланып, ретсіз өскен шөптер шабылды. Арық-атыздар тазартылып, тал егу жұмыстары жүргізілді. Аудан көлеміндегі жалпы сенбілікте 280 тонна қоқыс шығарылып, оған 18 техника жұмылдырылды.
— Осындай іс-шаралардың балалар тәрбиесіне қосар үлесі зор. Балалар біздің – болашағымыз. Кішкентай кезінен еңбекке баулып, қоршаған ортаны қорғауды санасына сіңіріп өскен бала үлкен жетістік әкеледі. Табиғат жанашыры болып, өз ортасын таза ұстауға үлесін қосқан әрбір тәрбиленуші үшін бұл жауапты іс, — дейді аудан тұрғыны.
Аймақты тазалау кезінде көп мөлшерде әйнек сынықтары да жиналды, ал бұл өрттің шығуына себепші болады. Барлық қоқыс арнайы дорбаларға салынып, полигонға жіберілді. Осындай экологиялық акцияларға қатыса отырып, біз балаларды табиғатты қадірлей білуге үйретіп, қоршаған ортаны қорғау қажеттілігін ұялатып қана қоймай, табиғатқа зиянын тигізетін әрекеттердің алдын алу міндетін қойдық. Бүгінде бұл жұмыстың қажетті әрі маңызды екеніне, оны үнемі жүргізіп отыру қажеттігіне, сонда ғана біз бұл бағытта оң нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенімдіміз.Табиғат – адам баласының тіршілік тынысы әрі таусылмас қазынасы. Қазіргі кезде экология мәселесі күрделеніп барады. Экологияны қорғау, табиғатты сақтау – жастардың қолында. Атадан балаға мирас болып келе жатқан табиғатымызды көздің қарашығындай сақтап, анамыздай аялап, келер ұрпаққа таза күйінде қалдыруымыз керек. Табиғат тазалығы — бүгінгі күннің басты талабы. Қазіргі таңда әлемдегі қоқыс мәселесі – күн тәртібінде тұрған негізгі тақырыптардың бірі. Өнеркәсіптің қарқынды дамуы мен тұтыну көлемінің артуына байланысты өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтардың саны күрт өсіп келеді. Әлемдік ластану адамдарға ғана жағымсыз әсер етіп қана қоймай, сонымен қатар жануарларға, өсімдіктерге және қоршаған ортаға зиянын тигізеді. Сол үшін де адамзат пен табиғат өзара үндестікте өмір сүргені абзал.
Табиғат — сөз жетпес сұлулық, баға жетпес қазына, көз тоймайтын әсемдік, айтып жеткізе алмайтын қыры мен сыры мол құбылыс болғанымен қазір сол табиғат нашарлап, ластануда соның салдарынан адам өміріне қауіпті жағдай тудыруда. Біз табиғаттағы әрбір жайқалып тұрған ағашқа қамқорлық танытуымыз қажет. «Бір тал кессең, он тал ек», «Жер құтты болса, мал сүтті болады» – демекші, айналамызда табиғаттан лас иісті, ауру тудырушы бактерияларды жоюшы тал, жасыл желек. Әркімнің өз туған, өскен жүрген ортасына деген құрмет болса, баршамыздың денсаулығымыздың да таза болары сөзсіз. Ендеше табиғатты аялайық ағайын! Тазалықты өзіңнен баста!