ШӘКІРТ ТАЛАБЫН ТАНЫҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ ЖАН

 

«Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі». Мектеп табалдырығын жаңа аттап, оң-солын танымаған баланы білім нәрімен сусындатып, өмірден өз орнын табуға жол ашатын ұстаздар қауымына ақын Мағжан Жұмабаев осындай баға беріп кеткен. Шынында да, дана да, ғалым да, сәулетші мен суретші де, бір сөзбен айтқанда, барша мамандық иелері, жалпы барша адамзат баласы бас иетін ұстаз еңбегі өлшеусіз һәм баға жетпес құндылық.
Біз сөз етіп отырған ұлағатты ұстаз, бір ғана өсиет сөзімен емес, пайдалы ақыл-кеңесімен, дариядай терең білімімен мыңдаған шәкірттің жүрегіне шырақ жағып, болашаққа жол нұсқаған Тобықов Мәулен Төлебайұлы да Мағжан ақын бағалағандай ұстаз. Ол Жамбыл облысының тумасы. Қазіргі таңда Құлан ауылының тұрғыны.
Бір сырлы, сан қырлы жан еңбек жолында түрлі шәкірттерге тәлім беріп, ұрпақ тәрбиесіне үлкен еңбек атқарған. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі ретінде қызмет етуде. Көкірегі рухани қазынаға толы білім иесінің тек бір ғана қырын айтар болсақ, ұлылардың ұлысы, даналардың данасы Абай Құнанбаевтың баға жетпес құнды мұрасына деген сүйіспеншілігі мен ұлт зиялыларының парасат-пайымын шәкірт бойына сіңіру жолында аянбай еңбек етіп келеді. Көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсарин, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов салған білім соқпағын сәтті жалғастырып келе жатқан жана заман педагогтарының бүгінгі жалғасы ретінде шәкірт бойындағы қабілетті танып, талабын ұштауда Мәулен Төлебайұлының еңбегі ұшан теңіз.
Тәрбиенің басы — отбасынан басталатыны ақиқат. Бұған еш дауымыз жоқ. Сондай-ақ, мектеп табалдырығынан аттаған әрбір шәкірт ұстаздың тағылымы мен ұлағатына иек артатыны шындық. Адам перзентті өмірге әкелгенде, менің осы ұрпағым үлкен әріппен жазылатын адам болса екен деп тілейді. Яғни, ең алдымен адам болса екен дейді. Мәулен Тобықов әрбір оқушыны көзінің ағы мен қарасындай көретін жан. Соңынан ерген дарынды шәкірттері бүгінде қоғамға үлкен үлес қосып келеді.
Бүгінде білім саласында көптеген жағымды жаңалықтар орын алуда. Мәулен Төлеубайұлының «Қазақ тілінен тест жинақтары», «Қазақ әдебиетінен тест жинақтары» республика көлемінде кеңінен таратылып, мектеп бітіруші жас түлектерге ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде темірқазық секілді болды.
Өз кезегінде Мәулен ағайдың білім саласындағы еткен еңбегі бірнеше марапатқа лайық деп танылды. Атап айтсақ, «Жас Талант» театр үйірмесінің жетекшісі, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза оқуларының республикалық кезеңінің бірнеше дүркін жеңімпазы. Ілияс Жансүгіров оқуларының облыс және республика көлеміндегі жеңімпазы атанған.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» деген халық даналығы бар емес пе? Осы шәкірттерімді «Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік» атануға лайық, білімге деген құштарлықтары мен сүйіспеншіліктерін арттыруына жауапкершілікпен қарау — менің міндетім деп білетін Мәулен ағайдың ұлт ертеңін айқындау мақсатында атқарған жұмыстары орасан.
Сонымен қатар, Ақберен және KATEV: Жарқын болашақ байқауларында Мәулен ағайдың дайындаған оқушылары облыс, республика көлемінде бірнеше мәрте топ жарған. Ғылыми жобалар сайысының республика көлеміндегі жеңімпазы, халықаралық ғылыми жобалар конкурсының 3-орын иегері атанған.
Сондай-ақ, жаңашыл ұстаздың тәрбиелеген оқушылары да үлкен жетістіктерге қол жеткізген. Оның тәлімін алған оқушылары осы жетістіктердің арқасында Халықаралық Тараз Инновациялық институтының грант иегерлері атанған болатын.
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, – деп Абай атамыз айтқандай, білім нәрімен сусындатқан Мәулен Төлебайұлын шәкірттері әрдайым мақтан тұтары сөзсіз! Қажырлы ерен еңбектің арқасында шәкірт жүрегінен жол таба білген ұстаз болу – қандай бақыт!

Арслан АТАБЕК.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *