ТҮРКІСТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАР ІЗДЕНІСІ

Ахмет Ясауи университетінің ботаникалық бағында ашылған жеміс жидектерін өңдеу жөніндегі өндірістік цехы оқу орнына  ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек келген кезде ашылған болатын. Ашылу салтанатына министр Саясат Нұрбек, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев және университет ректоры Жанар Темірбекова қатысып, цехтың лентасын қиған болатын. Университеттің ботаникалық бағында орналасқан цех – «Инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ботаникалық бағының құнды генофондын сақтау» коммерцияландыру жобасы аясында ашылған. Қорды сақтау және қалдықсыз өнім өндіруді мақсат еткен өндірістік цех заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Осылайша жемістерді жуу, кесу, кептіру, сұрыптау, орау, сақтау сынды қызмет түрлері орындалады. 1 тəулікте 5-7 тонна өнім қабылдап, қайта өңдеуге мүмкіндігі бар.

Заманауи үлгідегі құрал- жабдықтармен жасақталған  жеміс- жидек өңдеу цехының жай- жапсарын қадірлі меймандарға түсіндірген университет ректоры Жанар Темірбекова осы цехта арнайы  дайындалған  бұл өнімдердің оқу орнының жанындағы ботаникалық бақта өскен жемістерден жасалғандығын жан- жақты таныстырды.

– Біздің ботаникалық бақта өсетін  жеміс және сәндік ағаштардың  өте сирек кездесетін түрлері мен сапасы  көпшілікке бұрыннан белгілі- деді ол үстел  үстіне әдемі қораптарға сәндеп салып,түрлі  кептірілген  жемістерден топтастырылған өнімді көрсетіп. Мысалы, мына жаңғақтардан, өріктерден  кептірілген жеміс пластиналары жасалады. Жақында алғашқы өнімдерімізді жергілікті сауда орындарына шығарып көріп едік, нәтижесі көңіл қуантарлықтай болды. Тағы да  сұраныстар түсті. Сәби күтіп жүрген болашақ аналардың оның ерекше дәміне тұшынған  қызығушылығы көп болды. Бұл тек бастамасы. Бұл тек үлгергеніміз, деген оқу орнының басшысы.  Расында да, сапалы, таза құнарлы топырақта өсіп, ешбір зиянды қоспасыз дайындалған өз өніміміз тұрғанда, өзгелердің өнімін алыстан арбаламай, жақыннан алғанға не жетсін»- деген ой келді. Білім мен ғылымды ұштастырып, түрлі жобаларды жүзеге асырып жатқан университет ұжымының жаңашылдығы, облыс ғалымдарының ізденісі қуанарлық та құптарлық жайт.

Ал,енді, осы жобаның жайына кеңірек тоқталар болсақ: Осы цехтың ашылуына негіз болған  «Инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ботаникалық бағының құнды генофондын сақтау» коммерцияландыру жобасы деп аталады. 2022-2025ж.ж. арналған бұл жобаның жалпы қаржыландыру сомасы 360 млн теңге. Өндірістік цех қазіргі заманауи құрал- жабдықтармен қамтамасыз етілген және онда өнімдерді жуу,кесу, сұрыптау,орау, сақтау сынды қызмет түрлері орындалады. Өндірістік цех тәулігіне 5-7 тонна өнімді қабылдап, өңдей алады.

Осы игілікті іс- шараның басы- қасында жүрген ғылыми  жоба жетекшісі Ерден Тәжібайұлы Мұратов жүзеге асырылып жатқан жобаның мақсатына тоқталды.

–Біздің  мақсатымыз – Оңтүстік Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтаудың , оны қайта өңдеудің негізгі  әрі маңызды жолдарын анықтау. Осыған орай ,   осы жобаның негізінде оңтүстік облыста алғаш рет ботаникалық бақта өнімдерді өңдейтін, қайта өңдейтін цехтың жұмысын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл бағытта қыруар  жұмыс жасалды. Мұнда жыл сайын отыз-қырық тонна өнімді қайта өңдей аламыз. Алманың қағын, қауынның қағын, қарбыздың қағын, өріктің қақтарын дайындауға болады.

Университтетің Ғылымды коммерцияландыру бөлімінің басшысы Азат  Искаков бұл   жобаның  ботаникалық бақтың гендік қорын сақтауға байланысты қолға алынғандығы туралы таратып айтып өтті.

Ботаникалық бақты ғылыммен дамытпаса, ол жай ғана парк болып қалуы мүмкін. Сондықтан түрлі тәжірибелерді пайдаланып, лабораториялық жұмыстарға көптеп мән беру керек.Жасыратыны жоқ, жыл өткен сайын кейбір ағаштардың түрлері сиреп, жоғалып кетіп жатыр. Оның ішінде, сәндік ағаштар да, жеміс ағаштары да бар. Солардың гендік қорын сақтау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.Ал, енді оны биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы сақтап қала аламыз. Яғни, қалдық ағаштарымызды қайта өңдейміз, сатамыз. Жемістерімізді қайта өңдейміз. Ол үшін арнайы өндірістік цехты іске қосып жатырмыз. Цех қазіргі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.  Жемістерді жуу, кесу,  қаптап-орау және сақтау. Барлық қызмет түрлері орындалады. Цехтың кептіру аппараты тәулігіне 7 тонна өнім қабылдауға мүмкіндігі бар. 2023 жылы  техниканы іске қосып көріп, тестілеуден өткіздік. Тестілеу кезінде он екі түрлі өнімді кептіріп көрдік. Оның ішінде  көкөністер бар. Жемістер де бар. Қызанақтан бастап қарбызға дейін кептіріп көрдік. Өнімнің  алғашқы партиясын шығардық,  жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өнімнің сапасы өте керемет. Жалпы,  жұмысшы қолы  азайған сайын ,  аппараттармен жұмыс істеген сайын  өнімнің бағасына оң әсер етеді. Бағасы  соған қарай  бекітіледі.  Қазіргі уақытта жартылай аппаратпен  жұмыс істеудеміз. Біраз жұмыстар  қолмен атқарылды, жұмысшыларға ақша төледік. Қыста  да жартылай аппаратпен  жұмыс істеуге тура келді. Енді толыққанды аппаратпен жұмыс істеуді  қол жеткіздік. Ендігі  жерде  цех  жұмысына екі адам бас-көз болса жетеді. Жалпы жоба 3 жылға жоспарланған. Әлі бұл жоба аяқталған жоқ. Негізгі талаптар орындалғаннан кейін ғана, яғни цехтың жұмысы бар, бау-бақшада орындалып жатқан күтіп- баптау жұмыстары бар,  барлығы аяқталғаннан кейін толыққанды кешенді  түрде жоба жүзеге асады.  Маусым айында жемістер пісе бастайды.Өнімдерді қабылдауға  цех дайын.Жобаның нәтижелері жаман емес- деді ол сөз соңында.

Биология кафедрасының меңгерушісі Ғани Исаевпен тілдесіп, жүзеге асырылып жатқан  ғылыми жобалардың барысына қанықтық:

– Жалпы кафедра жоспарында бес гранттық жоба бар. Химиялық технология бойынша екі,  биотехнология бойынша бір гранттық жоба коммерциялық негізінде ғылым қоры тарапынан қаржыландырылатын жоба.

Ал, бүгінгі 360 млн теңгені құрайтын жоба жетекшісі Мұрат Тәжібайұлы Ерденов, орындаушылары  Азат Искаков, Салыбекова Нұрдана Нұртайқызы және  Ануар Мамадалиев. Ал, енді» Бұл жоба неге құрылды?»- деген сауалға жауап берер болсақ, бірінші біздің ботаникалық бақтағы өнімді  ысырап етпеу, оны қайта өңдеу. Өздеріңізге  белгілі, қазіргі таңда қалдықсыз технологиямен жұмыс істеу күн тәртібінде тұр. Біздің шығып жатқан өнімдердің барлығы адам ресурстары  арқылы жүзеге асады. Мына жоба бойынша жұмыстың басым бөлігін техника атқарады. Бұл- бір. Екіншіден, өңделген өнімдеріміз тым болмағанда өзіміздің   асханаларымызды қамтамасыз етсе де, келтіретін пайдасы зор.Демек, бұл ғылыми зерттеулердің өндіріске енгендігі, пайдаға асқандығы. Осылайша ғылым мен өндірісті  ұштастырып жатырмыз.  Зерттеу нәтижелерін  өндірісте қолданып жатырмыз. Коммерциялық игеру  осы мақсатта құрылған. Бұдан бөлек әдістемелік  жобамыз бар. Білім  бағыты  бойынша жобаға тоқталсақ, биология мұғалімдерін даярлау тарапынан педагогикалық жоба бар. Ол 37 млн теңгені құрайды. Жалпы кафедра бойынша бес гранттық жобаның жалпы  құны 562 млн  400 мың теңгені құрайды.

Қорытындылай келе, ұлы баба есімін еншілеген жоғары оқу орнының бұл бағыттағы тасы өрге домалап тұр екен. Осы жобалардың бәрі рет- ретімен іске асса, түркістандықтардың табиғи таза жолмен өндірілген өз өнімдерімізбен қаматамасыз етілетіні  сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *