Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі өңірлерді дамытуға айрықша назар аудару керектігін үкіметке тапсырып, оған жіті мән беріп отырғаны белгілі. Былтыр Қазақстан халқына жасаған кезекті Жолдауында да «Еліміздің өркендеуі өңірлердің дамуына тікелей байланысты. Қазір Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты», деген болатын.
Жоғары білімді, өңірлік университеттерді дамыту және облыстардағы ғылым саласындағы университетаралық ынтымақтастықты нығайтуды қолға алған Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде халықаралық бағдарламалар және де ішкі ұтқырлық бағдарламалары жүйелі жүріп жатыр. Аьтап айтқанда, студенттеріміз (қажетті шарттарды орындап, тест тапсырып) университеттің Орхун, Мевлана және ERASMUS атты ұтқырлық бағдарламаларына қатысып, Түркияның белгілі университеттерінде алты ай тегін оқып келіп жүр. Сонымен өатар университетте өңірлік университеттер және облыстардағы ғылым саласындағы университетаралық ынтымақтастықты нығайту бағытында оң қадамдар бар. Солардың бірі Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетімен жақсы байланыс орнатылған.
2023-2024 оқу жылында университетіміздің «Журналистика» кафедрасына ішкі академиялық ұтқырлық бойынша Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенті Аяулым Ерлан білім алған болатын. Осы уақыт ішінде түрік тілін меңгеріп алған қарағандылық студент өз университетінде түрікше сұхбат жүргізе бастады.
Аяулым алғашында университетімізге бір семестрге ауысып келген, кейіннен оқу жылының екінші жартысында да Түркістанда қалуға шешім қабылдайды.Ол аз ғана уақыт ішінде өзінің талабы мен ізденімпаздығының арқасында көптеген жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, түрік тілін үйреніп, А1 деңгейін растайтын сертификат алды. А2 деңгейіне дейін жетіп, одан әрі тілді терең меңгеруге талпынды.
Аяулым халықаралық оқу орнымызда үйреніп, білгенін Қарағанды университетінде де жақсы деңгейде көрсете алды. Жуырда ол Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне арнайы келген Түркиядағы Кастомону университетінің профессоры Орхан Сөлеймезден түрікше сұхбат алды. Сұхбатта өз командасын жинап, қазақ тілін меңгеру мақсатында Қазақстанға келген профессор өзінің білім-ғылым жолындағы тәжірибелері мен өзге де қызықты естеліктерімен бөліскен. Аяулым Ерлан Орхан Сөйлездің іс-сапары жөнінде, сонымен қатар, мансап жолы жайлы әңгіме өрбітті.
Қарағанды университетінің ұстаздары студентінің жетістігіне қуанып, оқу ордамыздағы әріптестеріне алғысын жеткізді. Ахмет Ясауи университетінде 2 семестр білім алып, киелі шаһардан нәр алған болашақ журналист қоғамдық өмірге де белсене араласты.
Аяулым мамандығы бойынша практикалық іс-тәжірибе бойынша да білімін арттырды. «Yassawi FM» радиосында бағдарламалар жүргізіп, сұхбаттар мен жаңалықтар дайындады.«Yassawi Media Club» клубында белсенді студенттермен түрлі жобаларды жүзеге асырды. Аз ғана уақыт ішінде оқу орда төрінде өткен маңызды жиындарда ақпараттық жұмыстарды жүргізуге көмектесті.
Айта кетерлігі, университет ұжымы да қарағандылық студенттің ынта-жігерін бағалады. ІІ Түркі универсиадасындағы қызметі үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің алғыс хатына ұсынып, арнайы марапаттады.