ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ЕЛДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫМЕН ТАНЫСТЫ

1 шілдеден бастап Парламент Мәжілісінің депутаттары  халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен, тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысу үшін өңірлерге іссапарға шықт.ы.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков Сайрам ауданына арнайы іссапармен барды. Мәжілісмен іссапар барысында алдымен Сайрам ауданы әкімі Арман Сәбитовпен бірге «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді.

Кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген мектеп құрылысы, тұрғын үй және жер кезегі, тәулік бойы таза ауыз сумен қамту мәселелерін тыңдады. Қоғамдық қабылдауда қозғалған мәселелердің барлығы халық қалаулысы мен аудан әкімінің назарына алынып, сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Сұрақтардың бәрі бақылауға алынып, хаттамаға енгізілді.

Халық қалаулысының Сайрам ауданына жасаған іссапары «Белсенді ұзақ өмір орталығында», Манкент стансасы аумағында жалғасты. Онда Ұ.Сәдібеков теміржол саласының өкілдерімен кездесіп, олардың проблемаларын тыңдады.

Бұдан соң, Мәжіліс депутаты тазалық жұмыстарымен айналысатын «Көрікті Сайрам» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне ат басын бұрды. Әрбір жұмысшымен жеке тілдесіп, жай-күйлеріне қанықты. Аудан тазалығына атсалысып жүрген азаматтардың еңбегін жоғары бағалаған халық қалаулысы алдағы уақытта жалақыларын көтеру керектігі жөнінде өз ұсынысын білдірді.

 

* * *

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Темір Қырықбаев пен Нұрсұлтан Байтілесов Жетісай аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясы мүшелерімен және зиялы қауым өкілдерімен, ардагер ақсақалдармен кездесті.

Кездесу барысында фракция мүшелері аудандағы білім, денсаулық сақтау және аймақтағы экономикалық мәселелерді зерделеді. Зиялы қауым өкілдері тарапынан да Парламент Мәжілісі депутаттарына бірқатар талап-тілектер мен ұсыныстар айтылды.

Одан соң мандат иелері Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжі ұжымымен және аудандағы белсенді жастармен кездесті. Колледж директоры Л.Баймаханова ұстаздардың, студенттердің білім деңгейін, жеткен жетістіктерін баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар колледж жатақханасы ғимаратын көрсетіп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал етулерін сұрады.

Еркін форматта өткен жастармен кездесу барысында кейінгі толқын өздерінің бірқатар ұсыныс, тілектерін жеткізді. Келешекте жастарға арналған қандай жобалар болатынын сұрады.

– Сіздермен кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын, – деді Парламент Мәжілісі депутаты Нұрсұлтан Төленұлы. – Мен де Сіздер сияқты жас буын өкілімін. Жастар – қоғамның қозғаушы күші, егемен еліміздің ертеңі. Сондықтан Жаңа Қазақстанды құру ісінде өскелең ұрпақтың алар орны ерекше. Тең мүмкіндік, әділдік, ашықтық ұғымдары ең алдымен жас буынның кедергісіз келешегін қалыптастыруға негізделген. Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны, ал, бұл тікелей жастарымыздың білімі мен біліктілігіне, олардың ықыласы мен ынтасына байланысты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *