Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деген болатын. Бұған дейін ақпараттық сайтымызда атап өткендей, Президенттің осы сөзінен халық пен биліктің ортақ мүдде шеңберінде бірлескен іс-қимылының маңыздылығын түсінеміз. Себебі, азаматтық қоғамның белсенді болуы, әлеуметтік-экономикалық дамудың, демократиялық құндылықтардың ел игілігіне айналуының негізі болары анық. Бүгінгі заманның өлшемімен қарағанда азаматтық қоғамы дамымаған елдің, заман талабы мен уақыт сұранысына сай дамуы да қиын сыңайлы. Жалпы, азаматтық қоғамның мықты болуы үшін, ата-ана баласына жастайынан жоғары азаматтық принциптерге сәйкес дұрыс тәрбие бергені жөн деп ойлаймын. Азаматтық қоғам мықты болса – мемлекет әрқашан да мықты. Егер билік мықты болып, азаматтық сезім төмен болса, бұл елдің болашағы бұлыңғыр болатын секілді. Тиісінше қайратты, жігерлі азаматтық қоғам қалыптастыру – азаматтық қауымдастықтың басты миссиясы. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастырып, азаматтық қоғамды дамытуға жол салынбақ. Енді соны әрі қарай дамыта түскен орынды іс болмақ. Себебі, барлық дамыған, демократиялық мемлекеттер мұны әлдеқашан түсінген. Оларда қайратты азаматтық қоғам қалыптасқан. Азаматтық қоғам – демократия дамуының көрсеткіші. Бұл – халықтың қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-рухани және саяси мәдениеті. Осы идея аясында бірлескен, құрылған қоғамдық ұйымдар – азаматтық қоғамның күре тамыры. Азаматтық қоғамның жұмысы кемелденген кезде барлығымыздың өміріміз мазмұнды деңгейге көтеріледі деген ойдамын. Қазіргі таңда елімізде азаматтық қоғам қалыптасу үстінде. Дегенмен соңғы 5-10 жылдың ішінде еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың саны артты, қамтитын бағыттары кеңейді. Азаматтық қоғам институттарына үкіметтік емес ұйымдардан бөлек, саяси партиялар, еріктілер қозғалысы мен қайырымдылық қорлар да жатады. Кейінгі жылдары мемлекет тарапынан қоғамдық ұйымдардың дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Президент өз Жолдауында ел экономикасын дамытуды күшейту үшін саяси модернизация жасап, сол арқылы осы қоғамдық ұйымдарды және азаматтық секторды көбірек тарту қажеттілігін айтқан болатын. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан да тиісті іс-шаралар, арнайы тұжырымдамалар қабылдануда. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтқан «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы да қоғаммен байланыстың маңызды екенін көрсетіп отыр. Бұл формуладан халықпен кері байланыстың маңызды екенін, азаматтармен кері байланыс арқылы олардың сеніміне ие болатынын көреміз. Әрбір мемлекет, оның ішінде атқарушы орган азаматтық қоғамды дамытуға мүдделі. Себебі, азаматтық қоғам – серіктес ретінде саналады. Әсіресе шешім қабылдау кезінде көптеген көзқарасты ұсынады. Ал серіктес ретінде шешімнің әрі қарай жүзеге асуына көмектеседі. Мемлекеттік органның барлығы белгілі бір мәселеге бірдей қарауы мүмкін, ал азаматтық қоғам институттары білім, медицина, әлеуметтік қорғау сияқты әртүрлі саладағы топтар болғандықтан жан-жақты көзқараста болады. Сонымен қатар, олар жергілікті мәселелерді жақсы біледі. Осылайша үкімет пен мемлекетке ақпаратты тез жеткізе алады. Атқарушы орган мұндай топтарды ақпаратты алу, ортақ шешім қабылдауға пайдалана лады. Қорыта айтқанда, әлемде азаматтық қоғамы дамыған елдер, алға қарай қадам басып, дамыған елдер. Себебі, азаматтарының көзқарасы мен пікірлеріне құлақ асатын билігі бар азаматтық қоғам — ең жақсы қоғам. Жалпы азаматтық қоғам құру, азаматтық бастама білдіру бүгін пайда болған жаңалық емес. Ол әлқиссадан бері біздің бүгінімізбен қаз-қатар дамып келе жатқан институт. Азаматтық қоғам алғаш рет өткен ғасырдың алпысыншы жылдары студенттік қозғалыстар ретінде пайда бола бастаған. Ал бүгін Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде бірнеше мыңдаған азаматтық бастама топтары бар. Зерттеулерге қарасақ, азаматтық бастамашылар бүгінде қоғамдық пікірді тудырушы ғана емес, сол қоғам мүшелерінің назарын ең өзекті мәселелерге аударып, оларды шешуге атсалысып жүрген қоғамда орны бар институтқа айналды. Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған кезеңнен бастап азаматтық қоғам институттарының қалыптасуы мен даму тарихы еліміздің шежіресінде таңбаланып келеді. Қазақстанда азаматтық қоғам өз құрылуы мен дамуында екі тарихи кезеңнен өтті. Біріншісі өткен ғасырдың 90-жылдары бұрынғы посткеңестік мемлекеттерде демократиялық реформалармен сәйкес келеді. Дәл осы уақытта азаматтық қоғам институттарының алғашқы қарлығаштары — тәуелсіз кәсіподақ ұйымдары құрыла бастады. Олардың мақсаты — экономиканың үкіметтік емес секторының жұмысшыларының мүддесін қорғау болды. Сәл кейін әлеуметтік қорғау коалициясы пайда болды. Бұл коалицияға сол уақыттағы аса өзекті әлеуметтік мәселелердің түйінін тарқату үшін әлеуметтік әріптестік негізінде 28 әртүрлі ұйымдар, партиялар, қозғалыстар бірікті. Азаматтық қоғамың алғашқы қалыптасуындағы маңызды қадам 1994 жылы Мемлекет басшысының әлеуметтік әріптестік бойынша республикалық үшжақты комиссияның құрылуы туралы шешім қабылдауы болды 2000 жылдың желтоқсан айында «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік әріптестік туралы» заң қабылданды және ол биліктің, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың мүдделерін келісу мәселелерін мемлекеттік саясат дәрежесіне көтерді. Осылайша, әлеуметтік әріптестік заңнамалық тұрғыда рәсімделді.
Қазіргі күні мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы әріптестіктің негізгі ныаны мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде айқындалуда. Сондай-ақ, азаматтық қоғам институттарын қаржылай қолдау құралдарының бірі ретінде мемлекеттік сыйақы мен гранттық қаржыландыруларды да атап өтуге болады. ҮЕҰ-дың жобаларын қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді, бүгінде бұл бағытта жыл сайын 30 млрд теңгеге жуық қаржат жұмсалуда. Жалпы алып қарағанда, бүгінде қоғамның қай саласын болмасын, ҮЕҰ-сыз елестету мүмкін емес. Егер статистикаға жүгінсек, ҮЕҰ-дың қатары күн санап өсіп келеді, айына 12-13 ҮЕҰ мемлекеттік тіркеуден өтеді екен. ҮЕҰ-дар әсіресе, білім саласында, оның ішінде бала құқығын қорғау бағытында айрықша белсенділік танытуда. Ел аумағында жетім балалар үйінің санының қысқаруына да ҮЕҰ-дің үлесі зор. Атап айтар болсақ, бүгінде 18 мың жетім балалар отбасыларда тәрбиеленуде. Және бұған ҮЕҰ-мен бірге жүзеге асырылған «Ана үйі» жобасының септігі тиген. Сондай-ақ, ҮЕҰ инклюзивті қоғам құруға да белсенді қатысуда. Әсіресе, ҮЕҰ-дың короновирус пандемиясы кезіндегі белсенділігі мен бастамашылдығы ауыз толтырып айтарлықтай, олар ауыр сынақта ел үшін өзекті мәселеге атсалысты. Соңғы уақытта қоғамда азаматтық белсенділіктің күрт өскенін байқауға болады. Бір нәрсені анық түсінуіміз керек, азаматтық қоғам қай мемлекетте, қандай өркениетте болмасын, бірден орнамады. Сарапшылардың сөзіне сенсек, азаматтық қоғамның жұмысы кемелденген шақта, қазақстандықтардың өмір сүруі де мазмұнды деңгейге көтеріледі. Көзіміз жеткен тағы бір ақиқат, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамның белсенді мүшелерінің арқасында көптеген мәселелер әлеуметтік резонанстар тудыруда. Бүгінде қоғам белсенділері мен азаматтық қоғам мүшелерінің арасында халық арасындағы әлеуметтік және тұрмыстық мәселелердің шешіліп отырғанын да атап өту керек.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан азаматтық қоғам құрудың барлық алғышартын қалыптастырды. Мемлекетіміз азаматтық қоғам құрудың өзектілігін ұдайы назарда ұстап келді. Сөйтіп, Қазақстан тәуелсіздік алғанда нәбәрі 100-дей ғана үкіметтік емес ұйым тіркелген болса, қазір олардың саны 22 мыңға жетті. Негізі, кез келген қоғам үшін «үшінші сектор» аталатын үкіметтік емес ұйымдардың қызметі маңызды саналады. Өйткені үкіметтік емес ұйымдар азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі әрі мемлекет пен халықтың арасын байланыстырушы тетік саналады.