ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ – АТА ЗАҢ

Халқымыз үшін аса қастерлі мереке саналатын Конституция күнінің өмірімізде алатын орны үлкен. Мемлекетіміздің құқықтық негізін айқындаған Негізгі Заңымыздың қабылданғанына  ағымдағы жылдың 30 тамызында 29 жылға толғалы отыр. Ата Заң — халқымыздың ғасырлар бойы тәуелсіз ел болуын көксеген армандарын жүзеге асырған, мемлекеттігіміздің алтын қазығы, қазақстандықтардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерінің кепілі болып табылады.
Қазақстан Республикасының Конституциясы: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деген сөздермен басталған.

Ата Заңымызды құрметтеу, ондағы қағидаларды бұлжытпай сақтау арқылы және оның тарихы мен маңызын жетік білуіміздің арқасында біз өз елімізді, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз және еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз.

Мемлекеттің басты байлығы — адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Тәуелсіз елімізде адамдардың өсіп-өркендеуіне, өмір сүруіне, білім алып, демалуына, сөз бен шығармашылық еркіндігі, жеке басының бостандығы, ар-ожданының қол сұғылмауына, сот алдында құқықтарының тең болуына барынша кепілдіктер берілген.

«Атазаңымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің сенімді тірегі.

Конституция мемлекетіміздің заң жүзінде және саяси тұрғыдан демократия қағидаттары мен заң үстемдігін ұстанатынын айғақтайды. Сондай-ақ ұзақ мерзімді даму бағдарымызды айқындайды. Конституциямыздың ұлағатты ұстанымдары экономикалық дағдарыстарды батыл еңсеріп, болашаққа сеніммен қадам басуымызға жол ашады.

Біз азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін мызғымас құндылықтарға сүйене отырып, әділ  мемлекет құрамыз. Басты мақсатымыз – халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру.

Атазаңымыз ел бірлігін және адамның ар-ұжданы мен абыройына қол сұғуға болмайтынын негіздеп, кемсітудің кез-келген түріне тыйым салу арқылы ұлтымызды ұйыстырады. Осы басты ұстанымдар баға жетпес байлығымыз – ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Тәуелсіздік рухы әрбір жолында көрініс тапқан Конституциямызға құрмет халқымызға тән отаншылдықтың арқауына айналып отыр», — дейді Мемлекет басшысы.

Конституция қағидалары толықтай елімізді демократияландыруға, экономикалық өрлеуге, халықаралық деңгейде өсуге, ішкі деңгейді әлеуметтік, саяси-құқықтық тұрақтылыққа, ауызбірлікке шақырады.

Құрметті жерлестер! Баршаңызды Конституцияның 29 жылдығымен құттықтаймын! Бейбіт ел болып, береке — бірлігіміз арта берсін! Тәуелсіз еліміз өркен жайып, мемлекетіміз молшылыққа, әрбір шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенелсін! Ел тірегіне айналған Ата Заңымыздың айбыны әркез асқақтай берсін!

 

Нурлан Сәбитұлы Еламанов,

Түлкібас ауданы полиция бөлімі Кадр саясаты тобының инспекторы полиция аға лейтенанты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *