
Ата Заңымыздың 77-бабында «Адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша, ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі» деп жазылған. Жалпы, кінәсіздік презумпциясының қағидаттарына қатысты қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабында, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы мойындаған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 14-бабында және Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 11 және 16-баптарында да жан-жақты көрсетілген. Әйтсе де, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің барысы мен нәтижелері туралы ақпарат беру кезінде кінәсіздік презумпциясы көбіне сақтала бермейді.
Мұны азаматтық қоғам өкілдері де растайды. Олар «қылмыс жасады» деген күдікпен ұсталған азаматтарға қатысты ақпараттарды жариялағанда кінәсіздік презумпциясының көпе-көрнеу бұзылатынына жиі шағымданып жатады. Осыған орай Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық тарапынан адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелердің сақталуына қатысты талдау жасалды. Мұндай талдаулар сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізетін органдардың баспасөз қызметтеріне де, адамдарды қылмыстық жауапқа тарту туралы жаңалықтар тарататын бұқаралық ақпарат құралдарына да жүргізілді. Жалпы, халықаралық құқықтық талап бойынша «қылмыс жасады» деп айыпталған әрбір адамның кінәсі сот арқылы дәлелденгенге дейін өзін «кінәсіз» деп санауға құқығы бар.
2009 жылы 30 маусымда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты Адам құқықтары жөніндегі комитетінің елімізге қарсы шағымдарды қарау құзыретін мойындап, оның нәтижелері бойынша комитет Қазақстанда адам құқықтарының сақталуы туралы ұсынымдар бере алатын құзыретке ие болды. БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің жалпы тәртіптегі №32 ескертулерінің 30-тармағында: «барлық мемлекеттік органдар сот талқылауының нәтижесін алдын-ала тұспалдап шешуден, мысалы, айыпталушының кінәсі туралы жария мәлімдемелерден бас тартуға міндетті; бұқаралық ақпарат құралдары кінәсіздік презумпциясын бұзатын жаңалықтардан аулақ болуы керек» делінген. Алайда, желілік басылымдарға жүргізілген мониторинг барысында аталған кінәсіздік презумпциясының жекелеген жағдайларда жиі бұзылатыны немесе оның толық көлемде орындалмайтыны анықталды. Атап айтқанда, бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік органдардың хабарламаларына сүйене отырып, заңды күшіне енген сот үкімдері болмаса да сенсация жасау үшін өз жарияланымдарында айыптау сипатындағы мәлімдемелерге жол беретіні белгілі болды.
Мәселен, 2021 жылдың 14 шілдесінде «Sputnik» басылымы өз парақшасында: «Ол жұмысқа ұмтылды: Біртанов Премьер-министр мен әріптестерін COVID инфекциясынан қалай құтқарды?» мақаласын жариялады. Сөзбе-сөз келтірсек, онда бұрынғы Денсаулық сақтау министрінің «Тараздан Нұрсұлтанға санавиация ұшағымен заңсыз ұшып, лауазымдық өкілеттігінен асып кеткенін» хабарлады. Өздеріңіз білетіндей, кейіннен осы эпизод бойынша Біртанов ақталып шыққан болатын.
Тағы бір мысал, 2022 жылдың 24 маусымында «Arbat Media» басылымы «Алматыда 15 жасар кісі өлтіруші ұсталды» атты мақала жариялады. «Онда кәмелетке толмаған Н. аса қатыгездікпен өлтірді…, қылмыскер өлтірілгеннің картасын алып, … сатып алды» деп хабарлайды. 2023 жылғы 20 қаңтардағы «Kazakhstan today» жарияланымы бойынша дәйексөз келтірсек: «Медеу» паркінің директоры Алмас Аттапханов, оның орынбасары Алмас Айкимбаев және ұйымдастыру-құқықтық бөлімінің басшысы Асқар Жаңаев пара бергені үшін ұсталды».
Сонымен қатар құқық қорғау органдарының баспасөз қызметтері тарапынан да кінәсі әлі дәлелденбеген адамдарды айыптауға жол беретін фактілер кездесіп жатады. Айталық, 2023 жылы 24 қаңтарда «Tengrinews» ақпараттық порталы «Мұхамедиұлы ісі: Ұлттық музей директорының бұрынғы орынбасары қамауға алынды» деген жарияланымында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап: «ҚР Ұлттық мұражайы» РМҚК директорының бұрынғы орынбасары А.Ш.Нұразхан ұсталды, ол А. Мұхамедиұлымен және басқа адамдармен сөз байласып, сеніп тапсырылған бюджет қаражатын жымқырды» деген ақпарат таратты. 2023 жылғы 5 ақпанда «Tengrinews» ақпараттық порталы: «Зейнетақы қорының ақшасын шығаруға уәде берді: Ақтауда алаяқ ұсталды» деген атаумен қалалық полиция басқармасына сілтеме жасай отырып, «алаяқтың құрбаны болған 16 адам құқық қорғау органдарына өтініштерімен жүгінді» деп хабарлады.
