
Мұның бәрі азаматтың мемлекеттік негізі институттарды қалыптастыруға тікелей, ашық және инклюзивті қатысуын қамтамасыз етуде.
Елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар өз бастауын Конституциядан алатыны белгілі. Мемлекет басшысы Ата Заңымыз – мемлекеттігіміздің тұғыры берік болуын қамтамасыз ететін ең басты құжат екенін айтты. Оның әрбір тармағы мүлтіксіз орындалса ғана әділдік пен заң үстемдігі орнығатынына назар аударды. «Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдумның нәтижесі халқымыздың бірлігін және елімізді жан-жақты жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалардың барынша қолдау тапқанын көрсетті», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.
«AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде, еліміздегі барлық жаңару мен жаңғырудың ұйытқысы бола отырып, қоғамдық-саяси үдерістердің бел ортасынан табылуда. Аманаттықтар Конституция нормаларын басшылыққа алып, қазақстандықтардың тұрмысы мен өмір сапасын арттыруға арналған түбегейлі саяси, экономикалық реформаларды табысты іске асыруға кірісті. Демократиялық қағидаларға негізделген Жаңа, Әділетті Қазақстанды құруда ықпалды саяси күшке айналды.
Партиямыз ашық саяси бәсекелестікті алға жылжумыздың кепілі ретінде айқындап, Ата Заңға енгізілген өзгерістер бойынша жаңғырған сайлау процесінде жаңаша дайындықпен кірісті. Партияның өз ішіндегі қызмет мазмұны жетілдіріліп, қарапайым азаматтардың сұранысы мен мұң-мұқтажына негізделген жұмыс сипаты мен тәсілдері белгіленді. Партияның Сайлауалды бағдарламасы аймақтардағы, аудан-ауылдардағы қордаланған мәселелердің шешім табуына бағдарланды. Әр өңірде, аудан, қалаларда Сайлауалды уәделерді нақтылы іске асырудың тетіктерін белгілеген Жол карталары қабылданып, индикаторлық көрсеткіштері айқындалды.
Жергілікті атқарушы және өкілетті билік органдарында көптеген жаңалықтар енгізген конституциялық реформалар, партиялық қызметті шын мәніндегі өзгерістер жаршысы болуына мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда, қоғамға жақсы таныс «AMANAT» партиясы, халықты ортақ мақсатқа жұмылдыра білген беделді ұйым боп бекіді. Қоғамға пайдалы көптеген бастамалар көтеріп, сайлаушылардың кең қолдауына ие болған нағыз халықшыл партияға айналды.
Конституция бекіткен нормалар бойынша пропорционалды және мажоритарлы аралас сайлау жүйесі енгізіліп, Парламентті қалыптастыру тәртібі мен функциялары қайта жасақталды. Мәслихаттардың рөлін күшейтуде партиялық жүйенің мүмкіндіктері кеңейді. Нәтижесінде, партиямыз адал бәсекелестікті жақтап, тұрғындардың қолдауына ие болуда «Жер аманаты», «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам», «Құқықтық көмек», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» тағы да басқа халықтың көптеген сұраныстарын дөп басатын іргелі бастамаларды көтеріп, өміршеңдігін қамтамасыз етті.
