ТҮРКІСТАН: АДАМ ҚҰҚЫҒЫ – ЕҢ ҚЫМБАТ ҚАЗЫНА — 2

 

Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің елімізге қарсы шағымдарды қарау құзыретін мойындағандықтан, біз басқа елдердің кінәсіздік презумпциясына қатысты практикасын талдап көрдік. Мәселен, комитет Түркіменстан БАҚ-да Хайрулло Саидовқа қатысты жоғарыда аталған мысалдарға ұқсас жарияланымдар тарауына байланысты Түркімен-

станның өтініш берушіге қатысты кінәсіздік презумпциясы қағидасын өрескел бұзғандығын анықтады. Комитет өз шешімінің қарар бөлігінде Түркіменстанның мемлекеттік органдары мен БАҚ-тарына адамның кінәсі туралы мәлімдейтіндей және кінәсіздік презумпциясын бұзатындай жаңалық сюжеттерін беруден бас тарту қажеттігін көрсетті. БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті Ресей, Беларусь, Тәжікстан, Камерун және Замбия елдеріне қатысты осындай 12 шешімінде кінәсіздік презумпциясының бұзылғандығын мәлімдеді. Өйткені, бұқаралық ақпарат құралдарында шағым авторларының үкім шығарылғанға дейін олардың кісендегі және темір тордағы фото-бейне суреттері жарияланып, кінәсі көрсетілген ақпараттар таралған.

Жоғарыда айтқанымыздай, егер отандық БАҚ пен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары ақпаратты кінәсіздік презумпциясын бұза отырып жариялаған жағдайда азаматтар БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне жүгінетін болса, онда шешім Қазақстанның пайдасына қабылдануы екіталай. Өз кезегінде БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі  комитеті жоғарыда аталғандай шешім шығарса, бұл еліміздің құқық қорғау жүйесінің сүреңсіз жұмысын көрсетіп қана қоймай, кәсібилігіне де көлеңке түсіреді. Бұдан өзге қылмыстарды ашу және дәлелдеудегі атқарылып жатқан іс-шараларды жоққа шығарып, ҚР-ның халықаралық беделіне елеулі нұқсан келтіреді.

ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңға сәйкес, БАҚ қызметінің негізгі қағидаттары объективтілік, заңдылық, шынайылық, жеке өмірді, адамның және азаматтың ар-намысын, қадір-қасиетін құрметтеу екені белгілі. Сондай-ақ, жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерін құрметтеу де – журналистің міндеті. Біздіңше, азаматтарды негізсіз айыптаудан қорғау – құзыретті органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының құқық бұзушылық оқиғаларға мұқият қарауынан басталуы керек. Себебі, кінәсіздік презумпциясы қатаң сақталатын елде ғана адам құқықтары заңға сай қорғалады.

Жоғарыда баяндалған талдау жұмыстары нәтижесінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл тарапынан Қазақстан Республикасы Бас прокурорының атына тергеу органдарындағы баспасөз қызметтерінің алдын-ала айыптау мазмұнында жазылған материалдарды жариялауына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдауды ұсынған хат жолданды.

Осы орайда, бұқаралық ақпарат құралдарының сот үкімі шыққанға дейін азаматтардың кінәсі туралы мәлімдейтін жарияланымдарға жол бермеу және кінәсіздік презумпциясы қағидасын бұзатындай жаңалықтар ұсынудан бас тарту қажеттілігіне баса назар аударғанды жөн деп санаймыз. Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеу кезінде жасалған жарияланымдардың мазмұнында кінәсіздік презумпциясына кепілдік беретін Ата Заң мен қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормаларына сілтеме жасаған дұрыс.

Н.ҚОЖАБЕКОВА,

ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 

Түркістан облысы бойынша өкілі.   

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *