Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құқық қорғау органдары қолданған шаралардың нәтижесі болар, өткен жылы қаржы пирамидаларын құру бойынша тіркелген қылмыстық істер саны 160-қа дейін, яғни 11,6 пайызға азайыпты. Әрине, мұның өзі де көңіл көншітерліктей көрсеткіш емес. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында келтірілген мәліметтер бойынша Түркістан қаласының тұрғындары қаржы пирамидаларына арбауына көп түскен. Өткен жылы Түркістан қаласының аумағында қаржылық пирамидаға қатысты 5 қылмыстық іс анықталып, шығын көлемі 3 млрд 291 млн 906 теңгені құраған. Ал, қаржы пирамидаларының басты ұйымдастырушылары қаладан тысқары жерде орналасқан. Мәселен, «Свой дом» қаржы пирамидасы Ресейде құрылса, «Indigo» ұйымының белсенділері Алматы қаласында екен. Алайда, жәбірленушілердің басым бөлігі Түркістан қаласының тұрғындары болып шыққан.
Түркістанда жыл басынан бері 140 интернет-алаяқтық қылмыс тіркелген. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен алады» демекші, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне қарағанда, 2024 жылы елімізде қаржы пирамидаларын құру бойынша 181 қылмыстық іс қозғалған екен. Қатерлі індеттің қыспағында қалып, тұрмысы төмендеп кеткен мыңдаған адамның қолындағы аз-мұз пұлын еселеп көбейтіп береміз деп алдап-арбап, қалталарына басып кеткен алаяқтардың зары өтіп-ақ тұрды. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында: «Алаяқтықтың көбеюіне байланысты азаматтардың наразылық білдіруі орынды. Бас прокуратура алаяқтыққа және қаржы пирамидаларына қарсы кешенді шаралар әзірлейді» деген болатын.
Өткен ғасырда адамзат тарихындағы ең ірі қаржы пирамидаларының бірін құрып, 3 миллион адамға зардап шектірген америкалық Бернард Медофф 150 жылға бас бостандығынан айырылған болса, алаяқтығы одан да асып түсіп, 15 миллион адамды зар еңіреткен ресейлік Сергей Мавроди темір тордың арғы жағында небәрі 4,5 жыл ғана отырған екен. Біздің алаяқтар да заңы жұмсақ Қазақстанда АҚШ-тағыдай аса қатал жазаға тартылмайтындығын біліп, тайраңдай басып жүрген сияқты. Себебі осыған дейін Қылмыстық кодекстің 217-бабына сәйкес қаржы пирамидасын ұйымдастырғаны және оған немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық еткені үшін қылмыскердің мүлкі тәркіленіп, 3 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 3 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жаза кесіліп келді. Ал қылмыстық топ жасаған, сондай-ақ аса ірі мөлшерде ақшаны немесе өзге мүлікті тарта отырып жасалған және мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған қаржы пирамидасы үшін қылмыскерлердің мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған-ды. Іс жүзінде «Қазақстандық Мавродилердің» көбі әрі салғанда 5-6 жылға ғана бас бостандығынан айырылып келді.
Зардап шегушілердің қайсыбірін тіпті өзін-өзі өртеп жіберуге дейін жеткізген осы келеңсіз құбылыспен күресті күшейту мақсатында Парламенттің бір топ депутаты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеуге бастамашылық жасаған болатын. Нақты айтсақ, қаржы пирамидасын құру, яғни жеке және заңды тұлғалардың салған ақшасын қайта бөлу арқылы бір қатысушыларды басқалардың жарналары есебінен байыту жөніндегі қызметті ұйымдастырғаны, сол сияқты қаржы пирамидасына немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық еткені үшін қылмыскерлердің мүлкі тəркіленіп, 1000-нан 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не 1200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ал қылмыстық топ жасаған, сондай-ақ аса ірі мөлшерде ақша немесе өзге де мүлікті тарта отырып жасалған, не ауыр зардаптарға алып келген және мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам, не оған теңестiрiлген адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған қаржы пирамидасы үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.
