ТҮРКІСТАН: ӘДІЛЕТ ПЕН ДЕМОКРАТИЯНЫҢ БАСТАУЫ – КОНСТИТУЦИЯ

 

Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік беріп, Қазақстанды жаңа тұрпатты елге айналдырды.

1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Конституция – Тәуелсіз Қазақстанның берік құқықтық іргетасын қалады, демократиялық даму жолын белгілеп берді. Бұл тарихи құжат – ел бірлігі мен тұтастығын, азаматтық құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз ететін, ұрпақтан-ұрпаққа жол тартатын ең қастерлі құндылықтарымыздың біріне айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Конституцияны – елдің ең басты заңы деп атады. «Бұл құжатта халқымыздың мызғымас бірлігі, мемлекеттігіміздің берік негізі, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары айқын көрініс тапқан. Конституция – мемлекет пен қоғам дамуының кепілі», – деп атап өтті.

Осы жылдар ішінде Конституциямыз қоғам мен мемлекетті ілгерілетудің, реформаларды жүзеге асырудың және әділетті Қазақстан құру жолындағы негізгі тірегімізге айналды. Ата Заңымыздың аясында жүзеге асқан әрбір реформа – ел дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік беріп, Қазақстанды жаңа тұрпатты елге айналдырды.

Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата Заңға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды, Конституциялық сот құрылды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылды. Жергілкті билік түбегейлі жаңғыртылды, республикамыз бойынша ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарды.

Осы саяси науқан алғаш басталған 2021 жылдан бері Түркістан облысында 251 рет ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтті. Тұрғындардың басым дауысына ие болған әкімдердің 238-і  – «AMANAT» партиясының өкілдері құрады. Биылдың өзінде 72 ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтеді деп белгіленген. Оның ішінде бүгінге дейін 63 ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп, оның 61-інде «AMANAT» партиясының кандидаттары жеңіске жетті.

Парламент Мәжілісінің және партиямыздың Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов ауыл әкімдерінің сайлауы, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесін қорғауға бағытталғанын ерекше айтқан болатын. Экономикасы ауылшаруашылығына бейімделген, тұрғындарының басым бөлігі ауылдарда тұратын Түркістан облысы үшін, ауыл әкімдерінің сайлауы – шын мәнінде, ашық саяси бәсекелестікті білдіретін, қоғамның саяси белсенділігін арттыратын, ауыл-аймақтардағы қордаланған мәселелердің шешу жолдарын ұсынып, жергілікті сайлаушыларға таңдау еркін беретін, стратегиялық мәні айрықша қадам болды.

Партиямыз Конституция кепілдік берген ашық саяси бәсекелестікті алға жылжумыздың кепілі ретінде қарастырады. Нәтижесінде, «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы аймақтардағы, аудан-ауылдардағы қордаланған мәселелерді шешім табуына бағдарланды. Әр өңірде, аудан, қалаларда Сайлауалды уәделерді нақтылы іске асырудың тетіктерін белгілеген Жол карталары қабылданып, индикаторлық көрсеткіштері айқындалды. Партиямыз адал бәсекелестікті жақтап, тұрғындардың қолдауына ие болуда «Жер аманаты», «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам», «Құқықтық көмек», «Әкімдер мектебі», «Әйелдер аманаты», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Ұлттық мұра», «Кітап-AMANAT», «Таза бейсенбі» тағы да басқа халықтың көптеген сұраныстарын дөп басатын іргелі бастамаларды көтеріп, өміршеңдігін қамтамасыз етті.

Біз, Конституцияда белгіленген демократиялық қағидаттарды басшылыққа ала отырып, ел мүддесі жолында еңбек етуді басты парызымыз деп білеміз. Конституциялық реформалар мен қоғамдық келісімге негізделген әділетті мемлекет құру жолындағы істерге белсене араласу – партиямыздың негізгі миссияларының бірі болып қала береді.

Алтынсары ҮМБЕТӘЛИЕВ, 

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, 

облыстық мәслихаттағы партиялық фракцияның жетекшісі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *