КИНОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ
Түстен кейін жұмысымның басым бөлігі есірткі қылмысына қарсы іс- қимыл басқармасы нашақорлықтың алдын алу, ведомствоаралық үйлестіру тобының аса маңызды істері жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бимаханов Марат Асылханұлымен Қызылорда және Жамбыл облыстарының шекара аумақтарында қойылған 2 тосқауыл бекеттерінің бірі — Қызылорда бағытындағы — «Сауран» бекетіне келіп, шілденің аңызақ, аптап күні мен бұрқасын, боран, қалың қарда, яғни ауа райының қолайсыз күніне қарамай өздеріне бекітілген Кинологиялық қызмет орталығының қызметтік иттермен бекетте тұрған тәртіп сақшыларының қатарына қосылып, азынаған желдің өтінде тұрып, есірткі қылмысына жол бермеу мақсатында көліктерді тексеру жұмысын «Нора» атты, есірткі, қару-жарақты анықтайтын итпен бірге 3 сағатқа жуық жүргіздік. Анығын айтқанда, кинологиялық орталықтағы 6 иттің көмегімен Жамбыл облысы мен Түлкібас ауданының шекаралас аумағында орналасқан «Шақпақ баба», сондай-ақ Қызылорда облысымен шекаралас «Сауран» шет бекетіне тәуліктік кезекшілікке бекітілген қызметкерлермен осы бекеттің өзінде есірткі заттарын аса ірі көлемде тасымалдаудың 13 дерегі анықталған. Осы кезеңге дейін Кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлерімен бірге 1514 рет орын алған қылмыс орындарына шығып, 44 қылмыстың беті ашылса, оның ішінде есірткі қылмысы бойынша — 42, қару-жарақ бойынша — 2 дерегі ашылған. Ағымдағы жылдың 1 маусымы мен 31 қазан аралығында «Қарасора-2025» жедел профилактикалық іс-шарасы бойынша өткен 4 айында, есірткінің заңсыз айналымынан жалпы 202 есірткі құқық бұзушылықтары анықталып, 2 ұйымдасқан топ құрықталған. Сөйтіп, заңсыз айналымнан 826 килограмм 061 грамм түрлі есірткі заттары тәркіленсе, 9 айдың қортыдысымен есірткінің заңсыз айналымына қатысты 359 дерек, 126 қылмыс, 233 теріс қылықтар орын алған. Есесіне заңсыз айналымнан 1 тн 24 кг. 728,129 гр. есірткі заттары тәркіленген.
III-тоқсан қортындысымен «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасының 3 кезеңі өткізіліп, нәтижесінде облыс аумағында 193 дәріхана, 11 қойма, 32 емдеу-профилактикалық мекеме және 11 өндірістік кәсіпорындары тексеріліп, 82 әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берілген.
БЕКЕТТЕН КЕЙІНГІ БЕТАЛЫС
Есірткі қылмысына қарсы іс- қимыл басқармасының жедел уәкілі полиция капитаны, психотроптық заттар яғни дәрілерді жою бойынша жауапты Арман Күмісбекұлымен бірге «Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің клиникасы» мекемесіне барып, психотроптық заттарды жою процесіне қатыстым. Жою процесінің әрбір қадамы фото және бейнетүсіріліммен тіркеледі. Комиссия мүшелері барлығының қатысуымен арнайы жою актісіне қол қойдық. Бұл акт – заттай айғақтың іс жүзінде жойылғанын растайтын негізгі құжат болып сақталады екен. Осылайша, психотроптық заттарды жою барысында полиция қызметкерлері тек қана тәркілеу мен сақтауды ғана емес, сонымен бірге процестің соңына дейін, яғни жойылғанға дейін оның заңдылығы мен қауіпсіздігін бақылауды қамтамасыз етеді. Ескерте кетсем, психотроптық заттарды (дәрілерді) жою процесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң ережелермен және бақылаумен жүзеге асырылады, әсіресе олар қылмыстық істер бойынша заттай айғақ ретінде тәркіленген жағдайда.
БАСҚАРМАНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы – Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының құрамындағы есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрестің мемлекеттік саясатын іске асыратын негізгі жедел бөлімше. Басқарманың жұмысы тек қылмысты ашумен ғана шектелмейді, сонымен бірге есірткінің таралу көздерін толық жоюға, осы іске қатысты қаржылық ағындарды бұғаттауға және нашақорлықтың алдын алу арқылы қоғамның иммунитетін арттыруға бағытталған кешенді жұмысты қамтиды. «Қазіргі есірткі бизнесі — бұл тек базардағы сауда емес, бұл — жоғары технология. Біздің жұмыс — олардың әр қадамын алдын ала білу және жастардың санасын улауға жол бермеу,» – дейді басқарма бастығы Сабыржан Жарылқасынұлы. Сонымен, Түркістан облысы ПД ЕҚҚІҚБ-да өткізген бір күнім маған үлкен әсер қалдырды. Мұндағы қызметкерлер — көрінбейтін майданда күн сайын күресіп жүрген нағыз қаһармандар. Олардың жұмысы — тек ұстау немесе қамау емес, ең алдымен ұлттың денсаулығын, әсіресе жастардың болашағын қорғау. Осы ретте, есірткіге қарсы іс-қимыл – бұл тек полицияның ғана міндеті емес, бұл — әрбір ата-ананың, мұғалімнің және азаматтың қатысуын талап ететін жалпыұлттық күрес екенін айтқым келеді.
О.Алтаева
