«Харассмент» сөзін ағылшын тілінен аударғанда қудалау, мазалау деген мағынаны білдіреді. Өз құқығын білу үшін немесе ар-ожданын сақтау үшін бұл терминнің мағынасын кім-кімнің де білгені маңызды. Себебі, «Харассмент» ұғымы адамдарға еркінен тыс қысым жасау, зорлық-зомбылық көрсету, ерсі сөздермен, хабарламалармен бопсалау, жыныстық тұрғыда құқығын таптау деген сөз. Қазіргі заманда «харассмент» адамның ар-намысына, қадір-қасиетіне қол сұғатын, жүйелі түрде моральдық қысым көрсететін әрекеттердің жиынтығы ретінде бағаланады. Бұл әлеуметтік құбылыс жұмыс орындарында, әсіресе, білім беру жүйесінде, медицина саласында жиі орын алып жатады.
2019 жылы Женева қаласында қабылданған Халықаралық еңбек ұйымының №190 конвенциясы жұмыс орнында орын алатын зорлық-зомбылықтар мен қудалауға қарсы тұруға бағытталған. Бұл құжатта ол физикалық, жыныстық, психологиялық немесе экономикалық қысым көрсету ретінде сипатталады. Еуропаның көптеген елдерінде «харассмент» заң жүзінде нақтыланып, оған қарсы қолданылатын арнайы құқықтық құралдар белгіленген. Мысалы, Франция, Германия және Ұлыбритания елдерінде жұмыс орнында жыныстық қудалауға жол берген жұмыс беруші әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Өкінішке қарай, Қазақстан бұл конвенцияны әлі ратификацияламады. Сондықтан елімізде «харассмент» ұғымы заң жүзінде реттелмеген. Бірақ, осының аясындағы кейбір жағдайлар ҚР Қылмыстық кодексінің 123-бабы бойынша сараланады. Бұл бапта жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектiң жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүрлеуге қарсы шаралар қолданылады. Бірақ, бұл бап харассменттің тек жыныстық сипаттағы және мәжбүрлеу түрлерін ғана қамтиды. Мәселен, сөзбен қысым көрсету, орынсыз әзіл айту немесе көпшілік алдында келемеждеу заңда харассмент ретінде қарастырылмайды. Сондықтан мұндай жағдайларды құқықтық тұрғыдан дәлелдеу қиын, көпшілігінде құқық бұзған адам жазасыз қалып жатады.
Ата Заңның 18-бабында «Әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар» деп жазылған. Егер жәбірленуші құқығы бұзылса не істеу керек? Ондай жағдай жұмыс орнында болса, жұмыс берушіге немесе еңбек инспекциясына ресми түрде арыз жазу керек. Сонымен қатар, ҚР Азаматтық кодексінің 141-143-баптарына сәйкес, жәбірленуші өзіне моральдық тұрғыда зиян келтірген адамнан өтемақы талап ете алады. Ол үшін сотқа нақты дәлелдермен бару қажет. Егер жағдай жыныстық сипаттағы мәжбүрлеуден туындаса, ішкі істер органдарына арыз беріп, ҚР ҚК 123-бабы бойынша қылмыстық іс қозғауға болады. Оны дәлелдеу үшін оқиға болған күнді, уақытты, құқық бұзушылық жасалған орынды, тіпті, куәгерлер туралы жазып алғаны жөн. Сөйлескен әңгімелердің скриншотын, аудио және видео жазбаларды сақтау, мүмкіндігінше оқиға куәгерлерінен жазбаша түсініктеме алу да артықтық етпейді
Харассменттің алдын алуды заңмен ғана емес, қоғамдық сана мен мәдени құндылықтар арқылы да жүзеге асыруға болады. Ол үшін әрбір жұмыс орындарында ішкі әдеп кодекстері қабылдануы қажет. Қызметкерлерге бұл жайлы профилактикалық тренингтер өткізудің де маңызы зор. Сонымен қатар, әр мекемеде анонимді хабарлау жүйесі болуы тиіс.
Бүгінде харассмент жасырын және көбіне елеусіз қалып келеді. Бұған көз жұма қарауға болмайды. Заңнаманы жетілдіру, мәдени деңгейімізді көтеріп, жеке жауапкершілікті қалыптастыру – харассментпен күресудің ең басты жолы болуы тиіс. Әр адам өз құқығын біліп, қажет болған жағдайда қорғана білгені жөн. Себебі, үнсіз қалғаныңыз келесі құрбандықтарға жол ашады.
Егер сіз харассментке тап болсаңыз немесе сондай жағдайға куә болсаңыз, дер кезінде әрекет еткеніңіз абзал. Сіздің еңбек инспекциясына, ішкі істер органдарына немесе Адам құқықтары жөніндегі уәкілге, оның өңірлік өкілдеріне жүгінуге толық құқығыңыз бар.
Наталья ҚОЖАБЕКОВА,
адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілі.
