ТҮРКІСТАН: ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ЖЕТІЛДІРУДІҢ БАСТЫ МАҚСАТЫ

Ақпараттық порталдағы  кезекті мақаламыз Түркістан облысының тұрғындарына арналады. Күнделікті тұрмыс-тіршілікте кездесетін жағдайлар азаматтардың қоғамдағы орнына кедергі келтіретіні сөзсіз. Мұндай жағдайға адамдар көбінде құқық қорғау органдарының өкілдерін кіналап жатады. Алайда, заң талаптары орындалмағандықтан азаматтар өзінің құқықтық мәдениетінің қалыптаспағанын аңғара бермейді. Осыған байланысты Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті К. Баймұратованың «құқықтық тәрбие – құқықтық мәдениетті жетілдірудің басты мақсаты» атты азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің қалыптасуының басты алғышарттарының бірі – азаматтардың құқықтық білімін жетілдіру, құқықтық мәдиениетін қалыптастыру, әсіресе оның құрамды бөлігі – адам құқығының мәдениеті тұрғысындағы ойларын ұсынамыз.
Қазақстан Республикасының Конституциясында — Қазақстан Республикасы өзінің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны аталған. Бұл еліміз үшін мәртебелі мақсат. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Конституциясының 1 – бабында: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», — деп баян етілген.
Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің қалыптасуының басты алғышарттарының бірі – азаматтардың құқықтық білімін жетілдіру, құқықтық мәдиениетін қалыптастыру, әсіресе оның құрамды бөлігі – адам құқығының мәдениеті. Адам құқықтары туралы ақпаратпен жүйелі қамтамасыз етудің қажеттілігі маңызды екенін ескерсек, онда бұл салада адам құқығы мәдениетін қалыптастыруда маңызды құралдың бірі – білім беру ұжымдары десек қателеспейміз.
«Адам құқығы туралы айтқан кезде бүгін біз адам мен мемлекеттің арасындағы өзара қатынасын айтамыз», дейді М.Новицкий». Заңгер ғалымдарымыз: «Адам құқығы–адам мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған, өзі заң арқылы қорғалатын болуы мүмкін іс-әрекеттің (мінез-құлықтың) өлшемі (шамасы)» деп анықтама берген. Адамның құқықтары мен бостандықтары табиғи және оған тумысынан берілген, ажырамайтын, табиғи ретінде танылады және ең жоғары әлеуметтік құндылық болып табылады. Адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтау және қорғау мемлекет функцияларының бірі.
Тұлға мен мемлекеттің қарым – қатынасы құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам концепциясына сәйкес дамуда. Мемлекет пен адам құқығының арасындағы өзара байланыстылығы және өзара негізділігі құқықтық мемлекеттің басты мақсаты адам және азаматтың құқықтарын қамтамасыз ету болып табылатындығынан көруге болады.
Қоғам тәртіпке негізделіп, қалыптасып, өмір сүреді. Қоғамдағы тәртіп түрлі әлеуметтік нормалардың, адамдардың мінез — құлқын реттейтін қағидалардың әсерімен, яғни күшімен орнатылады. Құқықтық нормаларды қолдану нәтижесінде құқықтық тәртіп орнығатыны, ал құқытық нормалар негізінен заңнан нәр алып белгілі құқықтар мен міндеттер жүктейтіні белгілі. Еліміздің заңдарын сақтау, оған мойынсыну- жауапкершілікті, түсіністікті, заңдарды білуді және соған сәйкес мінез-құлық пен іс-әрекеттерді үйлестіруді талап етеді.
Қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі – қылмыстың, құқық бұзушылықтың алдын алу. Бұны бүгінгі таңда барлық деңгейдегі шенеуніктерден бастап, құқық қорғау органдары қызметкерлері, ұстаздар мен ата-аналар, азаматтар да түсінуде. Құқық бұзушылық жөнінде «Құқық бұзушылық дегеніміз – адамның қоғамға, мемлекетке немесе жеке тұлғаға зиян келтіретін, соңы заң алдындағы жауаптылыққа апаратын құқыққа қайшы әрекеті немесе әрекетсіздігі», — деп көрсетілген. Қоғамда тәртіп орнамаса, ол құлдырайды, яғни келешегі болмайды. Бұл бәрімізге белгілі және оны жақсы түсінеміз. Дегенмен, қоғамда қоғамдық тәртіпті бұзуға бейім азаматтар да кездеседі және бұл — құқық бұзушылықтың орын алуына әкеп соқтырады, сондықтан құқық бұзушылық — қоғам өміріне тән қауіпті дерт. Құқық бұзушылықтың себептеріне қатысты ықылым заманнан осы күнге дейін әр түрлі пікірлер айтылып келеді. Солардың ішінде құқықтық нормаларды бұзуына ең алдымен әлеуметтік және биологиялық жағдайлар әсер ететінін байқауға болады.
Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға, заңды жауапкершілікті сезінуге өз үлесін қосатын, атсалысатын субъектілердің бірі — оқу орындары болып табылады. Оқу орнында жасөспірімнің азаматтық, патриоттық, адамгершілік, салауаттық, құқықтық, мәдени, шығармашылық т.б. қасиеттерін дамыту және қалыптастыру процесі жүзеге асырылады. Бұл ұжым мүшелеріне үлкен жауапкершілік пен міндет жүктейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *