Құқық бұзушылық пен келеңсіз жағдайларды барынша болдырмау және алдын алу, оның зияндылығы мен қауіптілігін түсіндіруде — өскелең ұрпаққа құқықтық тәрбие беру, оның мақсат – міндеттерін дұрыс түсіндірудің маңызы ерекше. Құқықтық тәрбие беру жан — жақты тәрбиелеудің маңызды бір саласы. «Құқықтық тәрбие мақсаты – оқушыларда құқықтық мәдениет пен құқықтық әрекет – қылық қалыптастырып, оларды құқықтық заңдылық талаптарын түсінуге әрі мойындауға баулу», — деп анықталған.
Қазіргі «Білім туралы» Заңның талаптарын орындау әлі де көптеген экономикалық – материалдық, құқықтық – нормативтік базаны нығайтуды, құқықтық тәрбиені шығармашылықпен ұйымдастыруды, жаңа технологияларды тәрбие жұмысында кеңінен қолдануды, шеберлікті қажет етеді. Сондықтан мұғалім жаңа заңдылықтармен танысып, оны жұмыс барысында басшылыққа алып пайдалануды, оқу-тәрбие үрдісінде ұтымды, тиімді, мақсатты қолдану жолдарын, тәрбиенің әдістерін, түрлі формаларын біліп, жаңа технологияларды кеңінен қолданғаны жөн. Жастарды құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеу – олардың қылмысқа ұрынбауына, өздігінен өмірдегі мәселелерді шешуде дұрыс шешім қабылдауына, келеңсіз, жағымсыз жағдайлардан тартынуына, қоғамға пайдалы іспен шұғылдануларына жәрдемдеседі.
Көп ұлтты тәуелсіз мемлекетті нығайту, өскелең ұрпаққа адамгершілік, патриоттық, азаматтық тәрбие беру біздің баршамызға міндет екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Құқықтық тәрбиені ұстаздар қауымы ата – аналармен, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен, салауаттылық және денсаулық сақтау мекемелерімен, спорттық ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп, тәрбиенің өзге түрлерімен байланыстырып жүйелі жүргізер болса, нәтижелі болмақ.
Оқу орны мен отбасында балалар әлеуметтік іс-әрекеттің алғашқы дағдыларын қалыптастырып адамгершілік, әдеп,заңды мінез-құлық, орынды әрекет- қылық, құқықтық нормаларды меңгере бастайды. Әлеуметтік нормалардың негізгі маңызды түрі болып табылатын әдептік нормалардың құқытық сипаты болмағанымен, оның ережелеріне сусындап өскен бала әрине қоғамға зиян келтірмейді, керісінше, өмірдегі өзінің орнын тауып, елжанды, саналы азамат болып қалыптасады. Әдептік нормалар құқықтық нормаларға негіз, арқау болып, белгілі бір дәрежеде адамның ар-ұятын, намысын қалыптастыруға, қоғамдық тәртіпті сақтауға ұйтқы болады. «Құқықтық нормалардың басым көпшілігі әдептік нормалардан нәр алады, соларға арқа сүйейді. Неғұрлым құқықтық нормаларға әдептік нормалар арқау болса, соғұрлым заңдардың әділеттілік, адамгершілік мәні жоғары болады».
Құқықтың тәрбие беру баланың жеке тұлғасын қалыптастырып, олардың бойына жоғары идеялык пен қоғамдық меншікке қатынасты көзқарасты дарытудың асыл міндеттерін атқарады. Мемлекетіміз жастарға құқықтың тәрбие беру ісіне үнемі маңыз беріп келеді. Қазақстан заңдарына терең құрмет сезімін қалыптастыру, оларды сөзсіз сақтау және орындау -ұзақ уақыт тәрбие жұмысын жүргізудің жемісі. Көбіне құқықтық сананың төмендегі, материалдық және рухани игіліктердің не екенін жөнді түсінбеушілік қоғамға жат қылықтарды туғызады. Сондықтан да әр оқушының санасына құқықтық нормаларды жеткізу, жеткізіп қана қоймай оның күнделікті мінез-құлық нормасына айналдыру үшін күресу құқықтық тәрбиенің міндеті болып табылады.
Құқықтың тәрбие негізі отбасынан басталады. Оқушылардың тәртіп бұзуының бір жағы отбасында жатыр. Бізде отбасы әр қилы: маскүнемдікпен күн өткізетін, ұрыс -керістен көз ашпайтын, басқалардың, мемлекеттің есебінен арам жолға барып қалғысы келетін отбасылары бар. Осындай отбасында өскен баланың оқуға, еңбекке қалай қарайтыны өз-өзінен түсінікті емес пе? Мұндай отбасында тербиеленген бала өзімшіл болады, қылмыс жасауға бір табан жақын тұрады.
