Редакцияға талай жыл жоғары оқу орындарында басшылық қызмет атқарған ғалым ағамыз Әлімқұл Байбөлеков келді. Жасы тоқсанды алқымдаған қарт профессордың журналистерді іздеп келуінде тұрған не бар дерсіз. Иә, атақ-дәрежесі бір басына жететін, талай шәкірт тәрбиелеген ұстаздың бейнетінің зейнетін көріп, үйінде тып-тыныш жатуына да болар еді. Алайда, жастайынан бар мақсатын оқу-ағарту саласына арнаған қарияның бүгінгі білім беру саласына көңілі тола бермейтінін бір сөзінен байқап қалдық. Оған кейін тоқталармыз.
Қарияның бұл келісіне кеше ғана ел Президентінің қазақстандықтарға арнаған Жолдауында айтылған түйткілді мәселелер түрткі болған көрінеді.
– Президент осы Жолдауында бұрындары жиі қайталанатын «еңбекақы көбейеді, жәрдемақы, зейнетақы өседі» деген сияқты жаттанды жобаларды айтпады. Елдегі нақты ахуалды, нақты жағдайды, қауіпті сын-қатерлердің көлденең тұрғанын, бұған қоғам болып күш біріктірмесек болмайтынын нақты мысалдармен жеткізді. Осы орайда білікті мамандардың өзге емес өз елін дамытуға жұмыс істеуін ойластыру керек деді Президент. Әсіресе, елге техникалық мамандықтарды меңгерген нағыз өз ісінің шеберлері керек болып тұр. Ал, біздің өңірде дәл осындай мамандарды даярлай алатын, кезінде даярлаған атағы дардай Қазақ химия-технология институты тұр. Қазіргі атауы – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті. Міне, осы білім ордасының ғылыми-техникалық потенциалын көтермесек болмайды, – деді ол кісі.
– Әлімқұл аға, айып етпеңіз, кезінде осы оқу орнын С.Сүлейменов, З.Молдахметов, Ш.Молдабеков, М.Наурызбаев, Т.Қалменов, А.Айнабеков сияқты білікті ректорлар басқарды. Осы кісілер тәрбиелеген мамандар қазіргі кезде ел экономикасын дамытудың бел ортасында жүр. Содан бері де университет қабырғасынан талай түлек түлеп ұшты. Олардың бірқатары тың жаңалықтарымен, игілікті бастамаларымен өндірісті өрге сүйрегенін білеміз. Енді кезінде өзіңіз талай жыл жұмыс істеген
ҚазХТИ-дың, бүгінгі ОҚУ-дың тыныс-тіршілігіне қалай баға бересіз?
– Иә, кезінде осы білім ордасында оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы, декан, оқу істері жөніндегі проректор, кешкі және сырттай оқыту жөніндегі проректор қызметтерін атқардым. Институттың кәсіподақ саласына да жетешілік еттім. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Халықаралық қазақ-араб университетінде проректор, Шымкент университетінде ректор болдым. Ғылыми дәрежем – техника ғылымдарының кандидаты, профессормын. Қысқасы, бір оқу орнында 50 жыл бойы әртүрлі қызмет істедім. Университет басшылығы еңбегімді бағалап, кереметтей іс-шара өткізді. Ұзақ жылдар бойы бірге істеген ғылым докторлары, профессор әріптестерім ізгі ниеттерін білдірді. Оларға рахмет! Енді сұрағыңа келейін. Рас, заман өзгерді, білім саласында реформалар көбейді. Бұл – тәуелсіз ел атанған Қазақстанда да болуы тиіс заңдылық. Өмір ағымы бәрін сынақтан өткізеді. ОҚУ да осындай сыннан өтті. Білім ордасының 80 жылдығына байланысты дайындық барысында осы оқу орнының дамуына ерекше үлес қосқан азаматтар туралы сіздердің газеттеріңізде мақалам шықты. Оны қайталап жатқым жоқ.
2023 жылдың соңында зейнеткерлік жасқа толуына байланысты бұрынғы ректор Дария Пернешқызы Қожамжарова қызметтен босатылды. Осыдан кейін ректорлыққа үміткерлерді таңдау 2 жылдай уақытқа созылып кетті. Осының салдарынан университет ұжымындағы психологиялық ахуал күрт нашарлады. Білім берудегі кейбір академиялық маңызды мәселелер дұрыс шешімін таппады. Кейбір мамандықтар бойынша талаптарды орындауда негативті факторлар арта түсті. Бұл әлеуметтік желіде «қаңқу» сөздердің көбеюіне жол ашты. Студенттердің ағымдық білімін бағалауда, оларды өндірістік тәжірибеден өткізуде кемшіліктер пайда болды. Жүктемеге сәйкес оқытушылардың жұмысын қадағалауда күнтізбе тақырыптық жоспардың, арнайы үлгідегі топ журналының болмауы, деканат тарапынан болатын бақылауды тым күрделілендіріп жіберді. Студенттердің ағымдық және қорытынды білімін бағалауда, оларды талапқа сай өндірістік тәжірибеден өткізуде әділдікке қол жеткізу түлектердің кәсіби деңгейінің жоғары болуының бірден-бір кепілі екендігін кезінде университет басшылығына ауызша да, жазбаша да жеткізіп жүрдім. Қазір аталған оқу орнына жаңа басшы келді. Мен ол кісінің осы мәселелерді оңтайлы шешетініне сенемін.
– Тәжірибелі маман, ардагер ұстаз ретінде университеттің жаңа басшысымен кездесіп, оқу орнының келешегі, орын алып келген кемшіліктер туралы ойларыңызды білдіру ниетіңіз болды ма?
– Әрине, кездесуге университеттің оқу істері жөніндегі проректорын қатыстыра отырып, академиялық сұрақтарды шешуге байланысты мәселелерді жаңа басшылыққа жеткізу ойымда болды. Алайда, ректордың жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты ол кісімен кездесе алмадым. Бірақ, оқу істері жөніндегі проректор Ернар Иманғалиевпен кездесіп, проблемалардың түйінін тарқаттық. Осыдан кейін бойымды бір жеңілдік биледі. Ұжымда жаңа проректорлар тағайындалып, балама негізде декандар, кафедра меңгерушілері ауыстырылып, қабылдау комиссиясының жұмысына өзгерістер енгізілді. Еңбек тәртібіне талап күшейтіліп, кейбір құрылымдық өзгерістердің орын алуынан алдағы уақытта білім ордасында жаңаша серпін болады деген сенім қалыптасты. Бұл жоғарыда сөз еткенімдей, Президент Жолдауында жүктелген міндеттердің, атап айтқанда, «сапасы жоғары адам ресурстарын» даярлауға негіз болар мүмкіндік дер едім. Тағы бір маңызды мәселе – Жолдауда Мемлекет басшысы инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына берген жөн деді. Енді осыдан кейін кезінде жаңа патенттер мен технологиялардың орталығы болған ОҚУ-да жағымды жаңалықтар көбейер деген үміттемін.
– Елу жылдық еңбек жолыңыздағы шығармашылық табыстарыңызды оқырманмен бөлісе кетсеңіз.
– Осы уақыт аралығында студенттерге арналған 4 оқулық, 125-ке жуық оқу-әдістемелік еңбектерім жарық көрді. Екі кандидаттық дисертацияға, 8 магистрлік жұмысқа жетекшілік еттім. Соңғы жылдары ерекше форматтағы қажеттілігі өте маңызды оқулық жазуды бастаған едім, денсаулығыма байланысты оны толық бітіріп, баспаға беруге әзірге мүмкіндік болмай тұр.
– Ел болашағына елеңдеп отыратыныңыз жастарға да, жасамыстарға да үлгі, аға! Ендеше, шаршамаңыз!
Сұхбаттасқан
Нұрлан КЕНЖЕҒҰЛОВ.
