БӘЙДІБЕКТЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МЕН КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бәйдібек ауданында «Әділет» партиясының Түркістан облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттары мен сайлауалды штабының өкілдері жергілікті тұрғындармен жүздесіп, алдағы кезеңге арналған жоспарларын ортаға салды. Кездесуге партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Алмас Салимов, штаб мүшелері, сондай-ақ облыстық және аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер қатысты.

Басқосу барысында «Әділетті болашақ үшін» атты сайлауалды бағдарламаның мазмұны кеңінен түсіндіріліп, өңірдің өркендеуіне ықпал ететін өзекті бағыттар сөз болды. Қатысушылар ауыл шаруашылығының әлеуетін көтеру, су тапшылығы мәселесін шешу, инвестициялық жобаларды іске асыру, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай қалыптастыру және ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі бастамаларға тоқталды.

Партия өкілдері ауылдық аумақтарды дамыту Түркістан облысы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Себебі өңір тұрғындарының едәуір бөлігі ауылдық елді мекендерде тұрады. Сондықтан аграрлық секторды жаңғырту, шаруалардың мүмкіндіктерін кеңейту және өндіріс көлемін ұлғайту басты міндеттердің бірі ретінде қарастырылып отыр.

– Ауыл шаруашылығы – Түркістан облысы экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Осы саланың тұрақты дамуы үшін су ресурстарын тиімді басқару, су үнемдеу технологияларын енгізу, қолданыстағы ирригациялық жүйелерді жаңарту және жаңа су қоймаларын салу маңызды. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындарды көбейту қажет. Мұндай жұмыстар шаруалардың табысын арттырып қана қоймай, ауылдық жерлерде қосымша жұмыс орындарын ашуға жол ашады, – деді Алмас Салимов.

Жиында өңір экономикасын дамытудағы инвестиция мен кәсіпкерліктің рөлі де назардан тыс қалмады. Бағдарлама аясында жаңа өндіріс орындарын ашу, инвестициялық жобалардың санын арттыру, шағын және орта бизнестің дамуына қолдау көрсету көзделген. Бұл бастамалар Бәйдібек ауданында да жүзеге асырылып, жергілікті тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына және кәсіпкерлік белсенділіктің артуына ықпал етпек.

Бұдан бөлек, сайлауалды бағдарламада әлеуметтік саланы жетілдіруге бағытталған міндеттер қамтылған. Атап айтқанда, халықты жұмыспен қамту, жастардың еңбек нарығында тәжірибе жинауына мүмкіндік жасау, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға көмек көрсету және медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мәселелеріне басымдық берілген.

Партия өкілдерінің айтуынша, ұсынылған бастамалардың түпкі мақсаты – Түркістан облысының экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, тұрғындардың тұрмыс деңгейін көтеру. Сонымен қатар ауылдық елді мекендер мен қалалар арасындағы даму алшақтығын азайтып, барлық тұрғынға тең мүмкіндік қалыптастыру көзделеді.

Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Ашық форматта өткен әңгіме барысында ауылды дамытуға қатысты бірқатар ой ортаға салынып, партия өкілдері көтерілген мәселелерге назар аударды. Жиынға қатысушылар сайлауалды бағдарламада көрсетілген бастамаларға қолдау білдірді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *