«АУЫЛ АМАНАТЫ»: ҰЛТТЫҚ ЖОБА АРҚЫЛЫ САУРАНДЫҚТАРДЫҢ ТАБЫСЫ АРТУДА

Сауран ауданында ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға арналған «Ауыл  аманаты» пилоттық  жобасымен 191 жоба 1 млрд 267 млн.теңгеге қаржыландырылған. Бұл жайында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров брифингте мәлімдеді.

Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар, әлеуметтік көмектер қарастырылған. Бірақ атаулы әлеуметтік көмек мәселені толық шешпейді. Адам өзі жұмыс істеп, кәсіппен шұғылданбай, іс өнбейтіні анық. Бұл ретте «Ауыл аманаты» жобасының берері көп. Сонымен қатар, өңірде ауыл шаруашылығы саласында өткен жылы 101,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Аудан басшысы тұрғындарға осы жобаның тиімділігін түсіндіріп, кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсету қажет екенін жеткізді. Жауапты басшыларға осы бағытта жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, 44 082 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, өткен жылмен салыстырғанда 1 945 гектарға артқан. Бұдан бөлек, 14 830 тонна ет, 55 506 тонна сүт, 9 млн. 128 мың дана жұмыртқа өндіріліп, жалпы өнім көлемі – 30,5 млрд. теңгеге жеткен.

— Ауданда 56 тарихи-мәдени нысан бар. Олардың ішінде туристер қызығушылық танытып, жиі келетін Ескі Сауран қалашығы, Үкаша ата кесенесі, Жүсіп ата кесенелері бар. Тарихи-мәдени нысандарына өткен жылы  85 579 турист келген. Тарихи нысандарға келуші туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Сауран қалашығынан «Сапар» орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда ғимарат қабырғалары тұрғызылған. Биыл құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып пайдалануға беріледі. Айта кетейік, демеушілер есебінен 97 млн.теңгеге Жүсіп ата кесенесінің айналасына абаттандыру құрылыс жұмыстары жүргізілді,- деді аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агро­техникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дре­наж­дық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ық­пал етеді. Сонымен қатар қызмет ба­ғыт­­тарын кеңейту есебінен жаңа жұмыс орын­­дары пайда болады, осылайша ауыл­дан жас кадрлардың кетуі азаяды.

Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырым­да­масы бірқатар шараны қамтиды, со­ның ішінде ауыл тұрғындарын жер­гілікті өзін-өзі басқаруға тарту, әр­түр­лі мемлекеттік қолдау көрсету, ту­ризм­ді дамыту, экспортты ынталандыру, эколо­гиялық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету. Аталған тұжырым­да­ма­дан күтетін нәтиже – табысы ең төмен­гі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл хал­қының үлесі 5,8%-ға, ал ауылдық жер­лерде жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ға дейін төмендейді. Сонымен қатар елді мекен­дерді таза сумен қамтамасыз ету – 100%, интернетпен қамту – 97%, нор­ма­тивтік жағдайдағы жергілікті жол­дар­дың үлесі 95% болмақ.

«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған және несиелер 2023 жылдан бастап берілді. Жоба аясында төмендегідей жеңілдіктер қарастырылған:

— “Ауыл аманаты” жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен.

— несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін;

— несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады;

— номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету.

Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік.

Ел ішінде «Көмектескің келсе, балық берме, қармақ бер» деген жақсы сөз бар. Ауыл тұрғындарының тұрмысын көтеру, ауылды жандандыруға берілген тиімді қармақ, бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бағдарламаның ең басты мақсаты – қарапайым ауыл тұрғындарын кәсіпке баулу арқылы тұрмыс-тіршілігін жақсарту, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігіп, бір-біріне қолдау көрсетіп, ауылдық жерде шикізат өңдейтін өндірісті дамыту. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарына 5 жылдан 7 жылға  дейін өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Алу шарттары да жеңілдетілген, яғни кепілге қойылатын жылжымайтын мүлік, меншіктегі жер немесе арнайы техниканы бағалап, соған сәйкес шағын несие алуға болады.

Аудан басшысы өңірдегі құрылыс саласындағы жұмыстарды да баяндады. Қазіргі таңда, ауданның әкімшілік іскерлік орталығынан 38 гектар жер бөлінген. Бұған дейін Аудандық әкімшілік пен Прокуратура ғимараттары пайдалануға берілген. Қазіргі таңда Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Полиция бөлімі және аумақтық органдар ғимараттарының құрылыс жұмыстары жүруде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *