10 МЫҢ ТҰРҒЫН ТАБИҒИ ГАЗ ТҰТЫНАДЫ

Таяуда Арыс қаласындағы 6 шағынаудан тұрғындары газға қолжеткізді. 2020 жылдан бері тоқтап тұрған нысанды іске қосу үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен маңызды жобаның жұмысы қайта жанданды. Нысан құрылысын аяқтап, әрі қарай халықты табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі «Жібек жолы – Келес газ» мекемесіне сенімгерлік басқаруға берілді. Мекеме міндетіне Арыс қаласының тұрғындарын үздіксіз табиғи газбен қамтамасыз ету және техникалық қажеттілігіне байланысты жөндеу (реконструкция және т.б.) жұмыстарын жүргізу кіреді. Компания қазан айының соңына дейін 45 мыңнан астам тұрғынды 100 пайыз газбен қамтуды жоспарлап отыр.

Осы күні Арыс қаласындағы «Почтовый», «Сырдария», «ШПЗ», «Хлопком», «Наурыз» тұрғын аудандарына табиғи газ берілді. Яғни бір күнде екі мыңға жуық тұрғын үй немесе 10 мыңға жуық тұрғын газбен қамтылды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды іссапар барысында тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

Түркістан облысында жылдар бойы тоқтап тұрған 40-қа жуық газ нысандарының проблемасы шешілді. Бір жарым жылдың ішінде саладағы «сақалды құрылыстар» ретке келтіріліп, 120 мың тұрғын үй табиғи газбен қамтылды. АГРС проблемасы жақын уақытта толық шешілмек.

– Бүгін расында көптен күткен қуанышты күн. Бұл мәселенің маңыздылығын түсініп, аз уақыт ішінде құрылысы аяқталмай тұрған инфрақұрылым нысандарын қайта қолға алдық. Басталған іс біту керек. Облыс аумағындағы мұндай нысандар кезекпен шешілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауылды дамытуға күш салынған. Бұл жұмыстар тоқтамайды, – деді Дархан Амангелдіұлы.

Екі мың жиырма екінші жылғы он екінші желтоқсандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай тауарлық газ өндірісінің көлемін 30 млрд текше метрге дейін жеткізу міндетін қойды. Қашаған кен орнында қуаты 1,1 млрд текше метр және 2 млрд текше метр ілеспе газ өңдеу бойынша 2 зауыт салынады.

Бұдан басқа, 2023 жылы «Жайықмұнай» газ өңдеу зауытында Қарашығанақ газын өңдеу бойынша шешім қабылданады, бұл газды өңдеуді 4 млрд текше метрге ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы қойған маңызды мәселелердің бірі – халықты газбен қамтамасыз ету. Экономика министрлігі халықты газдандыру деңгейін 2029 жылға қарай 65%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр, бұл 12 млн адамды табиғи газбен қамтамасыз етеді.

Энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін күшейту үшін:

– 2029 жылға қарай 3,7 ГВт энергия генерациялайтын қуаттар енгізілетін болады, оның ішінде: 1,8 ГВт электр станцияларын жаңғырту және 1,9 ГВт жаңа бу-газ қондырғыларын салу.

– 2026 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің 50-ден астам объектісі іске қосылады, осылайша жаңартылатын энергия өндірісінің көлемі 1,5 есе өседі және ел бойынша электр энергиясының жалпы өндірісінде 7%-ға жетеді.

2029 жылға дейін Ұлттық электр желісін жаңғырту, оның ішінде Батыс Қазақстанның электр желілерін Бірыңғай электр энергетикасы жүйесіне қосу бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Энергетика министрлігі жұмыс істеп тұрған жылу электр орталықтарының мәселерін жою бойынша бірқатар шараны пысықтауда.

Біріншіден, әзірленіп жатқан «Тарифті инвестицияға айырбастау»  бағдарламасы мынадай мүмкіндіктерді береді, оның ішінде:

– салаға жыл сайын 400 млрд теңгеге дейін инвестициялар тартуға;

– 2035 жылға қарай генерациялайтын қуаттардың тозу деңгейін 15%-ға төмендетуге;

– нарық қатысушыларының қарсы міндеттемелерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп жоспарланған болатын.

 

Сондай-ақ, өңір басшысы Арыс қаласындағы мұнай өнімдерін өңдейтін зауыттың жұмысымен танысты. Бұл іспен айналысатын «Қаратау Транс Сервис» зауытының Арыста өндірілетін мұнай өнімдерімен ішкі нарықты қамтуды көздейді. Кәсіпкер өндіріс орнын кешенді дамытуға арналған алдағы жоспарларымен бөлісті.

Өндірісте 45 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын жылына 125 мың тонна мұндай өнімдерін өңдейді. Оның ішінде, жылына 26 180 тонна жанармай, 28 000 тонна дизель отынын, 12 420 тонна керосин,

54 250 тонна мазут шығарады. Зауыт кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен салынған.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласында орналасқан «Арыс» минералды су ЖШС-нің жұмысымен де танысты. Бүгінде табиғи минералды суға сұраныс жоғары. Мұнда тәулігіне 15 мың құты, жылына 18 млн. литр минералды су сатылымға шығарылады. Кәсіпорын 20-дан астам арыстық тұрғынды жұмыспен қамтыған. Шипалы сусын 1870 метр тереңдіктен алынады. Судың емдік қасиеті мол, ол жөнінде курортология институтының қорытындылары алынған. Табиғи минералды су Арыс қаласы мен Түркістан облысының өзге аудандарына және көрші облыстарға жөнелтілуде.

Облыс әкімі Арыс қаласында өндіріс саласы өркен жайып келе жатқанын атап өтті.

– Арыста соңғы жылдарда тартылған инвестиция көлемі едәуір ұлғайды. Біздің міндетіміз – инвестиция тарту ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашу. Оның ішінде, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту басты назарда. Сондықтан  бұл жұмыстарды ширату керек, – деді өңір басшысы.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс кестесіне сәйкес Арыс қаласы тұрғындарымен кездесті. Атқарылған жұмыстарды баяндап, өзекті мәселелерді қозғады. Мемлекет басшысының инвестиция тарту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су үнемдеу технологиясын енгізу жөнінде тапсырма бергеніне тоқталған облыс әкімі алдағы уақытта  бұл бағыттардағы жұмыстың жанданатынын айтты. Арыстың ажарын ашып, инфрақұрылымы мен әлеуетін көтеретін жұмыстарды баяндады.

– «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Арыс қаласында 2023 жылы 5 елді мекенде 947 млн. теңгеге 11 жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Жиделі, Ақдала елді мекендерінде Мәдениет үйінің, Қожатоғай елді мекенінде спорт залдың құрылысы қолға алынып, Атамекен, Сырдария елді мекендерінде 24 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 5 елді мекенде 730 млн. теңгеге 8 жоба қолға алынды. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 770 млн. теңгеге 131 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге жолданған жас мамандарға қолдау көрсету мақсатында 2023 жылы 17 маманға 6 млн. теңге бір реттік көтерме жәрдемақы, 5 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 26 млн. теңге көлемінде бюджеттік несие берілді, – деген Дархан Амангелді-ұлы Арыста өндірісті дамытып, зауыттар ашуға мүмкіндік мол екенін, осы бағытта жұмыс жүріп жатқанын жеткізді.

Арыста жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 23 пайызға өсіп, 2023 жылы 56 млрд. теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 36 пайызға өсіп, 2023 жылы 6 мыңға жетсе, олардың өндірген өнімі 75 млрд. теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 34 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2023 жылы 9 млрд. теңгеден асып, жоспар 1,3 млрд. теңгеге артығымен орындалды.

Кездесуде Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың есебі тыңдалды. Өңір басшысы қала әкімі мен басқарма басшыларына Арысқа тартылған инвестиция көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығы саласын жандандыру, ауыз су, газ және өзге де мәселелерді шешу жөнінде тапсырма берді.

Тұрғындар тарапынан өткір мәселелер қозғалып, сұрақтар қойылды. Сонымен бірге облыс әкімінің жеке қабылдауында да мәселелер легі тоқтаған жоқ. Тұрғындар әкіммен еркін пікір алмасып, өтініш пен ұсыныстарын толық жеткізе алды. Ол мәселелер облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қадағалауына алынды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *