ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІ: БІЗ «ЖАСЫЛ» ЭКОНОМИКАНЫ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІМЕН МЫҚТАП АЙНАЛЫСУЫМЫЗ КЕРЕК

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында жасыл экономиканы дамыту мәселелеріне тоқталды. Ел  Президенті болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз екенін айтты:

— Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, жалпы әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы жаңартылатын энергетика жобаларының еншісінде. Қазақстанда да бұл бағытта көп жұмыс атқарылды. Жаңа Экология кодексі және Көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. Соңғы 5 жылда жаңартылатын энергетиканың елімізде өндірілетін қуаттың жалпы көлеміндегі үлесі 5 пайызға жуық өсті.

2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат көздері іске қосылады. Еліміздің энергетикалық теңгерімінің құрылымы өзгеретіні анық. Сондықтан қуат өндіруден бастап оны таратуға дейінгі бүкіл энергетика саласын басқару тәсілдерін жетілдіру керек.

Сутегіден қуат өндіру ісін дамыту қажет. Қуат көздерін кеңейту ісі энергетикалық машина жасау саласында технология трансфертін жүзеге асырып, жергілікті өндірісті дамытуға, аккумулятор өнеркәсібін құруға негіз болады. Ең бастысы, елімізде шикізат қоры жеткілікті.

Теңгерімді қуат көздерін, энергияны шоғырландыру жүйелерін құру үшін тың шешімдер қабылдау қажет. Көміртегі бейтараптығына көшуді парниктік газ шығарындыларына арналған квотаны саудалау арқылы тездетуге болады. Үкімет пен бизнес өкілдері осы бағыттағы мүмкіндіктерді пайдалану мәселесімен шұғылдануы керек.

Жетекші экономикалар үшін «жасыл» қаржы тарту ісінің маңызы арта түсуде. Өткен жеті жылда жер жүзінде «жасыл» облигацияларға 2,5 триллион доллардан астам қаражат жұмсалды. ESG қағидалары аз уақыт ішінде қаржы ұйымдарының қалыпты тәжірибесіне айналды. Осыған байланысты «Астана» халықаралық қаржы орталығы біздің аймақтың «жасыл» қаражат тартатын басты алаңына айналуға тиіс.

Атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналды. Атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін білесіздер.

Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшы ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды.

Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады. Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек.

Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем.

Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз.

Келесі мәселе. Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр.

Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.

Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек.

Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер.

Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн.

Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ.

Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет.

Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу.

Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс.

Халқымыз «Судың да  сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады.

Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады.

Сондай-ақ еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады. Жалпы, осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керек.

Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырамын.

Стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану.

Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар.

Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс.

Қазір бәсеке күшейіп тұр. Осыған орай бірқатар маңызды мәселені шұғыл шешу керек. Ең алдымен, «Достық-Мойынты», «Бақты-Аякөз», «Дарбаза-Мақтаарал» бағытындағы ірі теміржол жобаларын сапалы жүзеге асыру қажет. Оның қатарында Алматыны айналып өтетін темір жол желісі де бар.

Қазақстан көлік саласында Ресеймен және Қытаймен ынтымақтастығын жалғастыра береді. Біздің транзиттік әлеуетімізді нығайту ісінде Транскаспий бағдары айрықша рөл атқарады. Орта мерзімдік кезеңде осы дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі бес есе артуы мүмкін. Ол үшін Қытай, Әзербайжан, Грузия, Түркия сияқты серіктес мемлекеттермен бірге күш жұмылдыруымыз қажет.

«Бақты» өткелінде жаңа «құрғақ порт» салу, Ақтаудағы контейнер хабының құрылысын тездету және Қара теңіз арқылы өтетін Орта дәліздің бойында тұрған айлақ әлеуеттерін арттыру керек. Қытайдың Сиань, Грузияның Поти қалаларында өз терминалдарымыздың құрылысы басталды. Бұл – Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасы біздің ұлттық бастамаларымызбен тоғысқанының нақты көрінісі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *