Ерекше қарым-қабілетпен туылған балалардың дүниетанымын кеңейтіп, өмірге деген бейімділігін арттыруда ата-ананың еңбегі басым болғанымен, ол аздық етеді. Осы санаттағы отбасының балаларын жан-жақты қолдап, білім беріп, олардың ерекшеліктеріне қарай дамытатын орталықтардың қатары көбейіп келеді. Сондай-ақ, олар заман талабына сай қайта жаңғырып жатыр.
«Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз», деді Президент халыққа арнаған Жолдауында..
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық кеңес отырысында ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға жан-жақты кешенді оңалту шаралары қажет екенін айтты. Сонымен бірге елімізде балалар скринингін жақсарту, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары жанындағы әлеуметтік қызметтер жұмысын күшейтуге арнайы тапсырма берді. Осы ретте әлеуметтік қызметтер жұмысын жандандыру Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалдының назарында тұрған міндеттердің бірі.
Келес ауданының ортағы Абай кентінде 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау мерекесі қарсаңында Әшірәлі Кенжеев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Даму» ерекше балаларды оңалту орталығының 5 жылдық мерейтойы атап өтілді. Салтанатты шараға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарын мерекемен құттықтады.
«Даму» мүгедектер қоғамдық бірлестігі 2018 жылы маусым айында психоневрологиялық, тірек қимыл аппараты параличі, аутизм, тіл даму кедергісі диагноздары бар 30 баламен ашылып, бүгінде 60 бала оңалту қызметтерін алуда. Оның ішінде 12 бала толықтай оңалып, мектепке барды, 17 бала аяққа тұрды, 9 бала тілі шығып, нақты сұраныс жасай алады, 12 бала диагнозы жеңілдетілген сатыға ауысқан. Орталықта білікті мамандар қызмет көрсетеді. Игі шарада қызмет алушы бүлдіршіндер және аудандағы түрлі үйірмелерде білім алатын балалар өз өнерлерін көрсетіп көрермен көзайымына айналды. Шара барысында орталықтың тыныс тіршілігіне өз үлестерін қосып, балалардың дамуына қолдау көрсетіп жүрген жеке кәсіпкерлерге ерекше құрмет көрсетілді.
Айтулы күнде аудан орталығында бірқатар игі шаралар ұйымдастырылды. “Нұрқожа” салтанат сарайында «Адамның бір қызығы бала» атты мерекелік іс-шара өтті. Кезекті мерекелік концертке аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұржан Шаулиев қатысып, бүлдіршіндер мен ата-аналарды мерекемен құттықтап, сый сияпаттарын табыстады.
– Балаларды қорғау күні – әлемнің түкпір-түкпіріндегі балаларға қуаныш сыйлайтын мейрам ғана емес, кішкентай балалардың құқығын қорғап, оларға қамқор болуға үндейтін мереке. Сондықтан бала қуанышын бағына балаған ата-ана үшін де, бар тілегі мен елдік мұратын балалармен байланыстырған мемлекет үшін де бұл мерекенің маңызы мен мағынасы зор. Қымбатты балалар! Сіздер дамыған, байтақ елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыздар. Зерделі де зерек, білімді де білікті болыңыздар. Барлықтарыңызға мықты денсаулық, баянды өмір, бақытты балалық шақ тілеймін. Жүздеріңізден қуаныш пен бақыт күлкісі кетпесін, жүректеріңізге тек мейірім мен шапағат тілеймін, — деген аудан әкімі түрлі сайыстарда төбе көрсетіп, жеңіс төрінен көрініп жүрген бүлдіршіндерді марапаттады.
Мерекелік шара Әшірәлі Кенжеев атындағы Келес аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты. Сонымен қатар мерекеде жеке кәсіпкер, меценат Ұлбосын Қаржауқызы мен Айгүл Уалиханқызы өз құттықтауларын жеткізіп, балаларға естелік сыйлықтар тарту етті.