ТҮРКІСТАН: БІЛІМ САЛАСЫН ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА КӨКЖИЕГІ

«Орта білімнің сапасы — табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына жолдауында білім саласын дамытуға қатысты деген болатын.

Түркістан облысының білім саласын одан әрі дамытуға жаңа қадам басты. Бұл бағытта облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен жүйелі жұмыс атқарылуда.  Өткен жылдың соңында Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Болат Тілеп пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған еді. Түркістан өңірінде 83 мың педагог еңбек етеді. Ұстаздардың біліктілігін арттыру мақсатында биыл 100-ге жуық түркістандық мұғалім Жапония, Оңтүстік Корея елдеріне оқу-тәжірибелік семинарға қатысып қайтты. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті мен облыс әкімдігі арасында меморандум қабылданды. Меморандум аясында 5 мыңдай педагог университеттің академиялық сағаттарына қатысады. Одан бөлек 60-тан астам мектеп директоры мен 200-дей директор орынбасары менеджмент бойынша шеберлігін шыңдау қолға алынды.

Түркістандық ұстаздар біліктілікті жетілдіруде

Түркістан төрінде 6-7 маусым күндері Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессорлары келіп, тәжірибе алмасып, біліктілік арттыру курсын өткізді. Курсқа  Түркістан облысы бойынша  білім беру ұйымдары мен мектептен 150-ден өкіл қатысты. Түркістан облысындағы жалпы білім беру ұйымдарының басшылары мен педагог кадрларының біліктілігі мен кәсіби құзыреттілігін жүйелі түрде арттыруды көздейтін бастамаға жыл соңына дейін 1000-ға жуық педагог біліктілігін арттырады деп күтілуде.

– “Жайлы мектеп” кадрларын осы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінен дайындықты өткізуді жоспарлап отырмыз. Биыл 29 “Жайлы мектеп” іске қосылады. Бірінші кезекте  Ұлттық жоба аясында алғашқы кезекте құрылыс нысанының жойылуына байланысты, толық құрамда жаңа жайлы мектепке көшірілетін 8 мектептің басшылық құрамы мен мұғалімдері біліктілікті арттыру курсына қатысады. Ал, құрылысы 2025 жылы аяқталатын 34 мектептің педагогикалық құрамы кезең-кезеңімен іс-тәжірибеден өтеді , — деп панельдік сессияны қортындылаған  облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы келген профессорлар құрамына алғысын білдірді.

Сессия барысында 16 тақырып бойынша талқыланды. Оның ішінде білім берудегі сапа менеджменті жүйесі (TQM IS), белсенді оқыту әдістері арқылы функционалдық сауаттылықты дамыту, электронды цифрлық ортада орыс тілі мен әдебиеті оқулықтарын пайдалану, «4К моделі» және дискурстық талдау, мұғалімдер мен мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстары, жаратылыстану пәндері бойынша метапәндік құзіреттіліктерді қалыптастыру сынды бірқатар маңызды бағыттарда тәжірибесімен бөлісті.

Қатысушылар өздерінің педагогикалық практикасына енгізе алатын жаңа білімді, нақты әдістер мен стратегияларды меңгеруге тамаша мүмкіндік алды. Біліктілікті арттыру курстары тәжірибе мен білім алмасу алаңына айналып қана қоймай, Түркістан облысының білім саласын одан әрі дамытуға ықпал етті.

Айта кетейік, қазіргі таңда өңірде жалпы 1032 мектепте 520 мыңға жуық оқушы білім алып жатыр. Ал облыстағы 1409 балабақшада 157 мыңға жуық бала тәрбиеленуде. Бұдан бөлек облыстағы 52 колледжде 40 мыңнан астам студент оқиды. Облыс халқының 38%-ы балалар мен кәмелетке толмаған жасөспірімдер болса, еліміздегі әрбір 7-ші оқушы осы өңірге тиесілі.

Білімді ұрпақтың баспалдағы балабақшадан басталатыны белгілі. Егер алғашқы сатыдағы білім мен тәрбие сапасы артпаса, жаңа заманға лайықты ұрпақ негізі де қаланбайды дейді мамандар. Түркістан облысында «Білімді ұлт» ұлттық жобасымен 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамтуды 100 пайызға жеткізу міндеті тұр. Қазіргі таңда қамту көрсеткіші 98,9%-ды құраған. Мемлекет тарапынан әр балаға төленетін қаржы көлемі де артты. Мұның бағытталған жеріне жетуін арнайы мониторинг тобы қадағалап отыр. Бұл заңсыздықтың алдын алуға оң ықпалын тигізері сөзсіз.

Облыста білім саласының өзекті мәселелері оң шешілуде

Түркістан облысында білім саласындағы өзекті мәселелер шешіліп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен, өңірдегі білім саласына баса көңіл бөлінген. Облыс орталығына айналған 5 жыл ішінде 100-ден астам жаңа мектеп салынды. Әлі де орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу мақсатында қазір де мектептер салынып жатыр. Білім беру инфрақұрылымын дамыту мақсатында облыста 2023-2025 жылдар аралығында 100-ге жуық мектеп салынады. Оның ішінде «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы, Президент тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» пилоттық жобасымен, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен білім ошақтары ел игілігіне беріледі. Жиырмадан астамы беріліп үлгерді.

Білім алуға барынша жағдай жасалып жатқан жерде жетістіктің де болуы заңдылық. Өткен оқу жылында біздің облыс шәкірттері жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Республикалық, халықаралық ғылыми жоба байқаулары мен пән олимпиадаларында оқушылар 9 алтын, 18 күміс, 20 қола медаль иеленді. Жалпы республикалық «Ұлттық мектеп лигасы» жарысында облыс оқушылары 13 алтын, 4 күміс, 8 қола медаль еншілеп,  жалпыкомандалық есепте үш жыл қатарынан 1-орынан көрінді. Соңғы үш жылда жас ұландарымыз республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиынында жүлделі бірінші, екінші, ал «Жас құтқарушы» сайысында екі жыл қатарынан 1-орынды иеленіп келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *