Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласындағы ғылым ордасында сөйлеген сөзі:
Қазақстан агроөнеркәсіп кешенін дамытуда мол әлеуетке ие әрі аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қоса алады. Бірақ, өкінішке қарай, бұл – алға қойылған мұрат қана. Ол үшін көп жұмыс істеу керек.
Ауыл шаруашылығындағы барлық мүмкіндікті іске асыру мақсатында еңбек өнімділігін едәуір арттыру қажет. Сондықтан аграрлық ғылымды дамытудың, агроөнеркәсіп кешеніне заманауи технологияларды енгізудің мәні зор. Ғалымдарымыз малдың тұқымын асылдандырумен айналысып, климатымызға бейімделген, мол өнім беретін әрі қуаңшылыққа төзімді өсімдік сұрыптарын шығарып жатыр. Бұл жұмысты барынша күшейту қажет.
Еліміздің орасан зор көлік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдалану керек. Транскаспий халықаралық көлік бағыты әлемдік саудада мол мүмкіндіктерге жол ашады. 2027 жылға қарай осы дәліз арқылы жүк тасымалдау көлемін жылына 10 миллион тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Еліміздің Еуразиядағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін нығайту үшін автокөлік, әуе және теміржол тасымалын дамытқан жөн.
Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында жол салу және жөндеу бойынша ауқымды жұмыстарды бастауды тапсырдым. Ол кемінде 12 мың шақырым автожолды қамтиды. Автокөлік жолдары – елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің күре тамыры. Негізгі қалаларымыз бен аймақтарымыздың арасын сапалы жолдармен жалғау маңызды. Тағы да қайталап айтамын – сапалы жолдармен. Ашығын айтсақ, жолдардың сапасы сын көтермейді әрі бұл мәселе жиі көтеріледі. Жол сапасының нашарлығына қатысты халықтың наразылығы орынды. Оның себебі көп. Ең бастысы, саланы жемқорлық жайлаған.
Үкімет пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жол құрылысындағы сыбайлас жемқорлықты жою жөнінде тапсырма берілді. Мемлекет бөлетін қаржының барлығы талан-таражға түспей, тек қана құрылысқа жұмсалуы керек. Бұл – қазір басым міндет. Мәселен, Қызылорда – Жезқазған автокөлік жолын қайта жаңғырту жұмысы бірқатар аймақтың, оның ішінде, жаңадан құрылған Ұлытау облысының дамуына тың серпін беруі керек еді. Бірақ жөндеу жұмыстары өте нашар жүргізілген. Халық ондаған жылдан бері жолдың жақсарғанын күтіп отыр.
Бір жағынан, еліміздегі автокөлік жолдарының жай-күйіне объективті мониторинг жүргізілуге тиіс. Нақты ахуалды айқын көрсететін тың тәсілдерді ойластырған жөн. Жол құрылысы және реконструкция жұмыстары кезінде барлық қажетті құзыретке ие, нарықтағы беделі мінсіз, жауапты отандық және шетелдік компаниялардың әлеуетін барынша пайдалану керек. Бұл іске ашықтан-ашық демпингпен айналысатын жалған компанияларды тартудың қажеті жоқ. Сапалы жол жалпыұлттық міндетке айналуы керек. Жолдың сапасы жақсармай, еліміздің дамуы туралы сөз қозғау мүмкін емес.
Автомагистральдарды пайдалану ісіне бақылауды күшейту қажет. Жол жабындысын бұзатын бірнеше тонналық жүк көліктеріне айыппұл салу керек. Қаржы құйып қана қоймай, ғылымның да жетістіктері қолданылатын жоба болғандықтан жоғары сапалы көлік магистралі кез келген дамыған елдің жарқын келбеті саналады. Сондықтан жол саласындағы қазақстандық компаниялар ғылыми тәсілді қолдануға және инновацияларды енгізуге жаңа мүмкіндіктерді толық пайдалануы қажет.
Жалпы, білімге негізделген экономика құру үшін ғылыми мекемелер мен бизнестің өзара тығыз байланысын қамтамасыз ету маңызды. Бұл жұмыс барысында ғылыми идеяларды коммерциялық табысты өнімге айналдыратын инновациялық кластерлер, технопарктер мен бизнес-инкубаторлар ашылады. Мұндай құрылымдар тиісті жобаларға идеядан бастап оны нарықта жүзеге асыруға дейінгі барлық кезеңде қолдау көрсетуі керек. Елді мекендердегі тұрмыс сапасын жақсарту үшін озық технологияларды көбірек пайдалану қажет.
Біздің қалаларымыз, тіпті ауылдарымыз да смарт стандартына сай болуы керек. Бұл – Үкімет пен әкімдер басымдық беруге тиіс бағыттардың бірі. Бірақ осы жұмыспен облыс басшыларының ешқайсысы білек сыбанып айналыспайды. Сондықтан нәтиже жоқ.
Алматы облысында салынып жатқан Alatau City «ақылды қаланың» жарқын үлгісіне айналуы қажет. Бұл қала сингапурлық Surbana Jurong консалтингтік компаниясының қатысуымен салынып жатыр. Шаһар өмір сүруге, бизнес жүргізуге ыңғайлы әрі жетекші халықаралық іскерлік хабқа айналуы керек. Аталған жоба Қазақстанның экономикалық дамуына тың серпін береді.
Отандық ғылымның тағы бір маңызды міндеті – табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды болжау әрі оның алдын алу. Кейінгі жылдары еліміз су тасқыны, сейсмикалық қауіп, энергетикалық ақау, құрғақшылық және эпидемия сияқты күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келді.
Жуырда болған алапат тасқын салдарынан ондаған мың отбасы зардап шекті. Көптеген адам дүние-мүлкінен айырылды. Экономикаға орасан зор зиян келді. Апат салдарын жоюға Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық күш-құралдары жұмылдырылды және басқа да күштік құрылымдардың жеке құрамы қатысты. Су тасқыны кезінде 120 мыңға жуық адам, оның ішінде 45 мың бала құтқарылып, эвакуацияланды.
Батылдық пен қызметтік міндеттеріне адалдықтың нағыз үлгісін көрсеткен төтенше жағдайлар және құтқару қызметінің барлық қызметкеріне алғыс айтқым келеді. Құтқарушыларымыздың үйлесімді әрі шұғыл іс-әрекеті мемлекетіміз үшін адам өмірі ең жоғары құндылық екенін нақты көрсетті. Біз бұл қиын сынақтан азаматтарымыздың бірлігі мен ынтымағының, бір-біріне жанашырлығының арқасында сүрінбей өттік. Халқымыздың бірлігінің айқын дәлеліне айналған еріктілердің ерен еңбегі ерекше құрметке лайық. Олар еліміздің түкпір-түкпірінен су басқан өңірлерге барып, бөгендер салды. Халықты эвакуациялауға атсалысып, зардап шеккен адамдарға гуманитарлық көмек жеткізді. Біздің еріктілер күн сайын жоғары азаматтық жауапкершіліктің, жанашырлық пен көмек көрсетудің және дүниені жақсартуға деген шынайы ұмтылыстың үлгісін көрсетіп келеді.
Сонымен қатар ахуалды дер кезінде болжай алғанда, табиғат апатының салдары айтарлықтай ауыр болмас еді. Менің тапсырмам бойынша Алматы әкімдігі Сейсмология институтының ғимаратын жөндеуге қаржы бөлді. Қырық жылдан астам уақыт бойы жөндеу көрмеген ғимаратта ғалымдар адам төзгісіз жағдайда жұмыс істеп жатыр.
Су шаруашылығын білікті кадрлармен қамтамасыз ету – өткір мәселенің бірі. Бұған дейін Тараздағы Қазақ гидромелиоративтік-құрылыс институтын қалпына келтіруді тапсырған болатынмын. Бізге су шаруашылығының, гидромелиоративтік және экологиялық тұрақтылықтың қазіргі мәселелерін шешуге қабілетті мамандар дайындайтын, осы саладағы ғылыми базаны нығайтатын жоғары оқу орны қажет. Бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырамын.
Жалпы, табиғат апаттарын бақылау, бағалау және болжау, сондай-ақ табиғи ресурстарды сақтау және ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеулерді күшейту керек. Сарапшылардың айтуынша, кейінгі онжылдықтарда табиғат апаттарының саны айтарлықтай өскен. БҰҰ болжамы бойынша алдағы онжылдықтың басында әлемде жылына 560-қа жуық табиғат апаты болады. Осы орайда ғалымдар ауа райы құбылуының төрттен үш бөлігін климаттың өзгеруімен байланыстырады. Мұның бәрі экономиканың дамуына, халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына орасан зор кері әсерін тигізіп жатыр. Сондықтан қазір әлемдік қауымдастық климаттың өзгеруімен күреске баса назар аударып отыр. Бұл іске Қазақстанның Алматыда Орталық Азия елдерінің климат және «жасыл» энергетика мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін ашу туралы бастамасы айтарлықтай үлес қоса алады.
Уақыт өткен сайын сезіліп келе жатқан су тапшылығы проблемасы біздің өңіріміз үшін өте өзекті болып отыр. Су – негізгі тіршілік көзі. Оған экономикалық даму, ауыл шаруашылығы және адамдардың тұрмыс сапасы тікелей байланысты. Сондықтан су ресурстарын үнемдеу, ұтымды пайдалану және саланы басқару тиімділігін арттыруға қатысты жүйелі ғылыми жұмыстарды қолға алу керек.