ТҮРКІСТАН: ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДАҒЫ ҰТЫМДЫ ҰСЫНЫСТАР

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев сайлау туралы, саяси партиялар туралы және басқа да бірқатар заңдар өзгертілетінін атап өтті. «Бұл елді табысты жаңғырту тұрғысынан өте маңызды» дейді ол. Заңдарды қабылдау үшін бірнеше ай, тіпті, жарты жыл уақыт қажет болуы мүмкін. Бірақ реформаны созып, арқаны кеңге салуға болмайтыны да айтылды. «Жұрт нақты өзгерістердің қазір болғанын қалайды» деген президент депутаттар негізгі заң жобаларын осы кезден жинақтай беруі керектігін, сосын күзгі сессия басталғанда бірден іске кіріскен жөн екенін айтып өтті. Жауапкершіліктен жұрдай блогерлер жайлы Президент заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылықтың бірден-бір кепілі екенін айта келе онсыз қоғамның дамуы мүмкін емес деді. Сондықтан бұл қағида біздің ең басты бағдарымыз болуға тиіс. «Жалпы отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді», – деді ол. Осы себепті орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс дейді мемлекет басшысы. Құрылтай – жалпыұлттық жиынға айналуы тиіс Мемлекет басшысы жастардың өзіне қажет мәліметті ғаламтордан алатынына назар аударды. Дәстүрлі ақпарат құралдарымен қатар, әлеуметтік желіге баса мән беру қажеттігін көтерді. Жаңғырудың маңызын ұрпақ санасына сіңіру үшін жаңа тәсілдерді қолдану керек деді. «Жалпы түсіндіру жұмысы кезінде жастарға айрықша назар аударған жөн. Өйткені бүгінгі реформалардың игілігін ертең солар көреді. Құрылтайға қанша адам кірсе де, қоғамды толық қамти алмайды деген пікір айтылып жүр. Бірақ, Құрылтай мүшелерін көбейте берсек, одан пайда болмайды. Бұдан жұмыстың берекесі қашып, ұйымдастыру ісі қиындап кетуі мүмкін», – дейді ол. Мемлекет басшысының айтуынша, құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол шын мәнінде жалпыұлттық жиынға айналуы керек. «Біз Жаңа цифрлық технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалануымыз қажет. Сонда мемлекет пен халықтың қарым-қатынасы барынша тиімді болмақ. Мен Qurultay деген арнайы мобильді қосымша әзірлеуді ұсынамын. Сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады. Жұрт реформаның нақты пайдасын көруі қажет. Сондай-ақ оған тікелей қатысуға мүмкіндігі болуы керек. Азаматтар өзекті мәселелер бойынша интерактивті сауалнамаға қатысады. Кез-келген түйткілді шешу жолын ұсынып, елімізді жаңғыртуға өз үлесін қоса алады. Қайырымдылық істерді үйлестіретін түсінікті әрі тиімді электронды сервисті іске қосуға болады. Мұның бәрі цифрлық демократияны дамытатын технологиялық платформаның негізін қалайды. Дамыған мемлекеттер осыған ұмтылып жатыр. Біз ғаламдық өркениеттің көшінен қалып қоймауымыз қажет. Ұлттық құрылтайдың электронды нұсқасын жасаған жөн. Сонда әрбір азаматымыз ортақ іске атсалысады», – деді ол. Тарих тәуелсіз көзқараспен жазылуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр еліміздің академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы тапсырма бергенін еске алды. Қазір Қазақстан тарихының көп томдығы әзірленіп жатыр. Белгілі ғалымдар жұмылып, осы маңызды іске атсалысуда. Өзі де бұл жұмысқа үлес қосатынына уәде берді. Оны келесі жылдың ортасында түбегейлі аяқтау керектігін тапсырды. Президенттің сөзіне қарағанда, тарихымыз жүйелі, шынайы, ең бастысы, тәуелсіз елдің көзқарасымен жазылуы керек. Осылай деген Тоқаев Ғылым және жоғары білім министрлігіне мұны айрықша қадағалауды тапсырды. Қажет болса, шетел ғалымдарын да тартуға болатынын қосты. Бәлкім, жиында айтылған ең басты жаңалықтың бірі – Республика күні болса керек. Тоқаев ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн екенін айтып өтті. «Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды», – деді ол. Тоқаевтың айтуынша, Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. «Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деп түйді бұл тақырыпты президент. Жиында президент азаматтардың еңбегі бағалануы керектігін айтып келе жатқан. Кенет осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейдегі қырғыз мигранттары жайлы орынсыз сөйлеген бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлы жайлы сөз қозғай кетті. «Жаңа Қазақстанда еңбекқор ең сыйлы адам болуы тиіс. Біз өскелең ұрпақты адал еңбекке баулып, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет. Маңдай термен тапқан әр тиын нағыз ардың ісі, Абай айтқан толық адамның еңбегі екенін жастардың санасына тоқуымыз қажет. Біздің бұрынғы бір министріміз бауырлас көрші мемлекеттің азаматтарын келеке қылғаны бар. «Олар Ресейге барып, қара жұмыс істейді, біз Қазақстан азаматтары ондай жұмыс істемейміз, бақытты халықпыз» деп айтқан. Естімеген елде көп. Бірақ бұдан артық сорақылықты ойлап табудың өзі қиын. Еңбектен қашқан адам кеудесін ұрып мақтанбай, керісінше, ондай әрекетінен ұялуы керек. Еңбек дегеніміз қасиетті ұғым. Адал еңбекті күлкі етіп, мазақ қылуға болмайды. Мұндай кері пікірлер жастарды адастырады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент өз сөзінде әлемде еңбекті бәсекелестік деңгейіне көтерген мемлекеттер барын атап өтті. Соның арқасында олар сапалы өнімдерімен жер жүзін мойындатып отыр. Бұл халықтар өз ұрпағын жас кезінен тынбай жұмыс істеуге баулиды. Солардың тәжірибесін өзімізге бейімдеп, бала тәрбиесіне енгізу жайын қарастырған жөн дейді ол. «Халқымыз «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтпаған. Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз өскелең ұрпақты адал еңбекке баулып, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет. Маңдай термен тапқан әр тиын – нағыз ардың ісі, Абай айтқан «толық адамның» еңбегі екенін жастардың санасына тоқуымыз қажет», — дейді Тоқаев. Ескі кадрлар мен Жаңа Қазақстан Мемлекет басшысы сонымен қатар кадрларды жаппай жұмыстан шығару жақсылыққа апармайтынын мәлім етті. Сөзінде әлеуметтік желіде «ескі кадрлармен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады» дейтін пікірден хабары бар секілді. «Бұл орынды сұрақ. Бірақ негізінен кадрларды біртіндеп ауыстыру керек. Тіпті кезінде Ресейде, Қытайда, Иранда болған революциялардан кейін бұрынғы режимнің шенеуніктері мемлекеттік қызметін жалғастырған. Бұл елдермен салыстырғанда бізде басқаша», – деді ол. Тоқаевтың сөзіне қарағанда Әділетті Қазақстанды құру кадрлардың орнын ауыстыра беру деген сөз емес. Өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, отаншыл азаматтар қашанда бағалы. Мемлекеттік қызметшілерге қандай да бір кланның мүшесі ретінде қарауға болмайды. Әрине, олардың құрамын жаңартып отырған дұрыс. «Бірақ мұны терең ойланып, байыппен жасау қажет. Кадрларды жаппай жұмыстан шығару жақсылыққа апармайды», – деді ол. Халықтың ашуын түсінуге болады Тоқаев жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Бұл – еліміз үшін өте өзекті, қажетті мәселе дейді ол. Қазақстан жемқорлықпен күрестің негізгі көрсеткіштері бойынша айтарлықтай алға басқан. Халықаралық рейтинг агенттіктері осылай деп бағалап отыр. «Бірақ тоқмейілсіп отыруға болмайды. Өкінішке қарай, жемқорлық – жұрттың санасына сіңіп, әбден әдетке айналып кеткен. Бұл – ащы болса да, шындық. Азаматтарымыз саяси қолдауға ие болған кейбір адамдардың шектен тыс байып кететініне наразы. Оған қоса, олар байлықтарының қомақты бөлігін шетел асырып әкеткен. Халықтың ашуын түсінуге болады», – деді мемлекет басшысы. Президент сондықтан өз жарлығыммен Арнаулы мекемеаралық комиссия құрылғанын атап өтті. Комиссияның міндеті – шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтару. «Бұл – өте күрделі жұмыс, ұзаққа созылуы мүмкін. Себебі көптеген заңдық процедурадан өту керек. Бірақ біз қалай болса да, бұл мәселемен мұқият айналысуымыз қажет. Әйтпесе, әділетті қоғам туралы сөз қозғаудың өзі қиын болады», – деді ол. Судьялыққа жастарды тартамыз Жиында айтылған өзекті мәселенің бірі – тәуелсіз сот жүйесі. Тоқаев өз сөзінде тура биде туған жоқ деген деген сөзді келтірді. Қара қылды қақ жарған билер жолын жалғастыру керектігін мәлім етті. Қазіргі таңда елімізде үш жүзге жуық судья жетіспейді. «Сол орындарға әділ, адал және білікті жастарды тартуымыз қажет. Мен мықты кәсіби заңгерлерді Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырамын», – деді президент.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *