НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫС БЕРЕКЕГЕ БАСТАЙДЫ

 

Әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам туралы пікір, ой айтуда да жалынды ұран қажет емес екені бесенеден белгілі. Бұл – баспасөз бен қоғамдық ұйым алаңдарына жүктелетін жауапты міндет.

«Жалпы, ашығын айтуымыз керек, Үкіметтің жұмысында қайта-қайта олқылықтар болып жатыр. Біресе жанар-жағармай, біресе шекер жетіспейді.

Осының бәрі Үкіметтің нақты шешім қабылдауға келгенде өте баяу қимылдап, батыл қадам жасай алмауынан болып отыр. Мұндай жағдайға азаматтардың да көңілі толмайды. Әрине, бұл – орынды. Сондықтан, дәл осылай жалғаса берсе, тағы да нақты кадрлық шешімдер қабылдауға тура келеді»,-деді Президент.

Жауапты кезеңде елдік бірлік-берекеге қатысты сындарлы пікір айтып, жөн-жоба айқындаудың қоғамдық сал­мағы ерекше. Мемлекет басшысы 1 қыр­күйек­тегі Жолдауында: «Жұрт бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұран­дардан жалықты. Халық мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде орындағанын қалайды»,-деді.

Мемлекет басшысы Үкіметтің мінін айта отырып, оны түзеудің де жолын көрсетті.

«Үкімет салааралық мәселелерді шешумен шұғылдануы қажет. Премьер-Министр Кеңсесін мемлекеттік басқару ісінің үздік стандарттарына сай келетін, ықшамды Үкімет аппараты ретінде қайта құру осы бағыттағы алғашқы қадам болмақ.     Басты мақсат – оның атауын өзгерту емес, нақты реформа жасау. Біз орталық мекемелерді оңтайландыру арқылы жергілікті атқарушы органдардың өкілеттігін айтарлықтай кеңейтуіміз керек. Бұл тәсіл қордаланған мәселелерді өңірлерде, ел ішінде шешуге мүмкіндік береді»,-дей отырып, бір орталықтан басқарылатын жүйеден арылып, біртіндеп өңірлердегі мемлекеттік органдарға басқарудың жаңа формасын игеруге жол ашылайын деп тұр.

    Иә, Президент шегелеп айтты: «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру». Жүйелі іс-шара мен қоғамның бар жігін икемді серпілтуге бағытталған жобалардың мәні қабылдануымен емес, нәтижесімен өлшенеді. Жолдаудағы бес бағдардан осы ниеттің, ұстанымның өзегін аңғарамыз.

«Біз көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамын жасақтаймыз. Бұл қадам мәслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттырары сөзсіз. Болашақта Үкімет құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің даусын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүмкін. Мұндай тәсіл атқарушы билікке бүкіл қоғамның талап-тілегін ескеретін тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді,-деп тұжырымдады Мемлекет басшысы.

Әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам қайнауын да, толғамын да, күйініші мен сүйінішін де жеткізетін – ақпарат құралдары.

Қазір мемлекеттік, қоғамдық, жекеменшік мәртебедегі БАҚ-тың ортақ ымыраға келетін кезеңі. Ол ымыраның аты – ел тағдыры, әрбіріміздің болашағымыз. Заты – әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам құру.

Бәрінен бұрын, БАҚ құралдары даңғазалық ойын-сауықтардан бас тартып, ел өміріндегі нәтижелі жұмыстарды көрсетуге нақты бағыт ұстағаны абзал.

Қазақтың абыз ақыны Абай: «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел!» деген ойын Мемлекет басшысы Жолдауында дөп басқан. Ендеше, үлкен де кіші де, өз саламызды жетік меңгеріп, іске білек сыбана кірісуіміз керек.

Бақытжан БУКЕБАЕВ,

Түркістан қалалық әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған