Кәмелетке толмағандар деп қылмыс жасаған кезге қарай жасы он төртке толған, бірақ он сегізге толмаған адамдар танылады. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстық істер дәл қазіргі таңда белең алуда.
Қылмыстылықпен күресуде мемлекет көптеген ұйымдастырушылық шараларын іске қосуда. Қазақстан Республикасының Президенті 2003 жылы 10-қыркүйекте қылмыспен қарсы күрес мәселелері бойынша Республикалық кеңесте сөйлеген сөзінде қылмыспен күрес ортақ іске үлес қосқандық деп атап көрсетіп, осы істі жүзеге асырудың нақты он түрлі жолын қадап айтты.
Бұл міндеттерді жүзеге асыруда мемлекеттік өкімет және басқару органдарының қызметін одан әрі жетілдіруді, елімізде құқықтық мемлекет құру ісінде сапалы заңдарды қабылдауды өрістету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда мемлекеттік билік органдарын әділеттілік, заңдылық, жариялылық, ізгілік принциптерін басшылыққа алған мінсіз қызметі өте қажет.
Кәмелетке толмаған қылмыскерлердің жасаған қылмыстары арасында тонау, қарақшылық, қасақана кісі өлтіру, денсаулыққа зиян келтіру, зорлау секілді қылмыстар кең тараған, ұрлық және бұзақылық қылмыстарының 75-80 % кәмелетке толмағандардың үлесінде.
Криминологтардың көптеген зерттеулері кәмелетке толмағандардың қылмыстылығы бұл негізінен топтық қылмыс екендігін дәлелдеп отыр. Еліміздегі кәмелетке толмағандардың топтасып қылмыс жасау деңгейі алаңдатарлық деңгейде екендігі статистикалық мәліметтер көрсетуде.
Білім беру мазмұны тікелей мынадай негізгі мақсаттарға жетуге бағытталуы керек: баланың тұлғасын, талантын, ақыл-ойы мен дене қабілеттерін дамыту, адам құқықтары мен оның негізгі бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеу, атаанасын, бала тұратын, туған және өзінен бөлек өркениетті елдердің тілін, құндылықтарын құрметтеуге тәрбиелеу, өзара түсіністік, тыныштық, шыдамдылық, еркек пен әйелдің тең құқылығы, халықтар арасындағы, этникалық және діни топтар достығы, сондай-ақ жергілікті халыққа құрмет рухындағы саналы өмірге әзірлеу.
Кәмелетке толмағандардың қылмысын ерте алдын алудың негізгі құралы құқықтық сананы дұрыс тәрбиелеу және қолайсыз отбасын декриминализациялау, бұған құқықтық нормаларды жетілдіру және балаларды тәрбиелеудегі азаматтардың жауапкершілігін арттыру шаралары енеді.
Мына жайды атап өту керек, қолайсыз отбасында өскен кәмелетке толмағандардың бұзақы болу мүмкіндігінің жоғары болуы соншалықты, осындай отбасыдан шыққан кәмелетке толмағанның қоғамға қарсы немесе аморалды бағдар алмай, иә болмаса құқық бұзушылық жолына түспеуі өте сирек кездесетін жағдай. Отбасы кәмелетке толмағандар тұлғасының қалыптасуына жас ұрпақ тәрбиесіне қатысатын басқа әлеуметтік институттардан гөрі көбірек белсенді ықпал етеді.
Бүгінде кәмелетке толмағандарды тәрбиелеуде оң нәтижеге жету үшін қолайсыз отбасыларына ықпал ету жүйесін өзгерту қажет, мұндай бұзушылықтар үшін тек қана ата-аналық құқынан ғана айырып қоймай, бас бостандығынан айыруды қарастыратын ата-аналардың кәмелетке толмағандарды тәрбиелеудегі жауапкершіліктің тиімді институттарын құру керек, бұндай институтты құрмайынша кәмелетке толмағандардың оң бағыттағы құқықтық санасын қалыптастыру туралы айту мүмкін емес, себебі балаларға тәрбие және бұл өмірде дұрыс бағыт беру үшін жауапкершіліктің мүлдем жоқтығын айтуға болады. Ата-аналарының балаларды тәрбиелеуге құқығы (сонымен қоса және осы үрдістің құқықтық құрамына) ата-аналық құқықтарының ішіндегі ең маңыздыларының бірі.
Сонымен бірге, қазіргі жағдайда білім беру мен тәрбиелеу деңгейіне жалпы әлемдік талаптың күшею тенденциясы ата-аналарға балаларға қатысты көп міндет пен көп жауапкершілік жүктейді.
Кәмелетке толмағандардың қылмысын алдын алудың жалпы әлеуметтік шараларының жүйесінде кәмелетке толмағандарды еңбекпен қамтамасыз етуге жетекші, басты орын беру қажет.
Әлемдік практика көрсеткендей нарықтық қатынастар адал және әділ еңбекті қажет етеді. Ал, еңбекке адамгершілік қатынасты бала жасынан тәрбиелеу керек. Осыған орай жұмыссыздықтың ұдайы көбеюіне байланысты еңбекке орналасу саласының жаңа жағдайында басты міндет кәмелетке толмағандар мен жастарды жұмысқа орналастыруда, кәсіби қайта бағыттауда, даярлауда және қайта даярлауда көмектесу болып табылады. Кәмелетке толмағандардың бос уақытын ұйымдастыру мәселесі – экономикалық тұрақсыздық пен әлеуметтік-мәдени дағдарыс жағдайында кешенді көзқарасты қажет ететін ең күрделі және қиын шешілетін мәселе.
Дағдылы құқықтық сана дегеніміз адамдардың жаппай түсініктері, олардың күнделікті және өмірлік тәжірибесінің ықпалымен туындайтын құқық пен заңдылық жөніндегі сезімі мен көңіл-күйі болып табылады. Бұл- құқықтық сананың ең жылжымалы түрі, толық емес және үздік-создық, фрагментарлық болған соң ол сонымен бірге құқықтағы жаңалыққа мейлінше сезімтал және құқық қолданудың кемшіліктерін байқауда “қырағы” болып келеді.
Кәсіби құқықтық сана бір түр ретінде кәсіби заңгерлер арасында қылыптасады, норма шығаруда, құқықты түсіндіруде және құқық қолдануда өзекті рөл атқарады. Ол екінің бірінде белгілі бір стереотиптермен (күдікшілік, “айыптауға бейімдік”, дәлдік және формалдылық, ілеспе заң нормаларын, іс-әрекеттің секторын немесе тіпті негізгі құқықтық өрісін көру) белгіленген, жазудан ерекше стилі мен заң тілін қалыптастырады. Бұл- құқықтық сананың біршама толық түрі.
Ғылыми құқықтық сана құқықты және құқықтық өмір шындығының құбылыстарын теориялық тұрғысында ой елегінен өткізу арқылы қалыптасады, ол қоғамның құқықтық идеологиясын әзірлеуде, мемлекет пен заңдарды дамыту жолдарын негіздеуде белсенді рөл атқарады. Құқықтық сананың осы ең толық түрін иеленушілер құқықтанушы және мемлекеттанушы ғалымдар болып табылады.